21 жастағы қазақтың егіз баласы ұшақ басқарады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің ірі әуе компаниясында жұмыс істейтін ағайынды Жақыповтар «Жас Отан» жастар қанатының IV съезіне қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олег пен Жан - егіздер. Екеуі де Қазақстанның ірі әуе компаниясында жұмыс істейді. Жолаушыларды елдің ішінде де, шетелге де тасымалдайды.

«Бала кезінде аспанды бағындыруды армандаған адам көп. Мен де армандадым. Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебін бітіргеннен кейін мен «Ab-inito» пилоттарды даярлау бағдарламасына қабылдандым. Испанияның ұшу мектебінде арнайы дайындықтан өттім. 19 жасымда бір моторлы ұшақпен алғаш рет әуеге көтерілдім. Содан «коммерциялық ұшқыш» бағдарламасын сәтті аяқтап шықтым. 20 жаста мен екінші ұшқыш ретінде өзімнің алғашқы рейсімді орындадым. Қазір еліміздің ірі әуе компаниясында жұмыс істеймін» , - дейді Олег Жақыпов.
 
Оның ойынша, Қазақстанда мықты ұшу мектебін ашуға әбден болады. Ол үшін инфрақұрылым да, мамандар да, қалыптасқан мектеп те бар.

Осыдан кейін сахнаға Олегтің інісі - Жан Жақыпов шықты.

«Олег менен 7 минутқа үлкен. Сол себепті алдымен оған жол бердім (күлді). Мен де ұшқыш болуды армандадым. Қазір мен 21 жастамын. Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебін тәмамдағаннан кейін мен пилоттарды даярлау бағдарламасы бойынша Ирландияда дайындықтан өтіп келдім. Бүгінде «Airbus-A320»-тың екінші ұшқышы болып жұмыс істеймін. 800 сағаттық ұшу тәжірибем бар. Барлық рейстер бойынша ұшып жүремін. Дубай, Мәскеу, Ыстанбұл, Дели, Қызылорда және тағы басқа қалаларға қатынаймыз. Мен ұшақпен әлемді аралап, шетелде оқитын қазақстандықтарды көргенде қатты қуанамын. Осының өзі еркіндік, бәсекеге қабілеттілік, экономикалық тұрақтылықтың белгісі болса керек», - деп атап көрсетті Жан Жақыпов.

Айта кетейік, съезд кезінде жас инноватор Иван Крепак электронды үкімет порталының осал тұстарын анықтауды ұсынды. 

null 

Соңғы жаңалықтар