2020 жылы Қытай-Қазақстан-Еуропа пойыздарының саны екі есеге артады

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - 2020 жылға қарай Қазақстан мен Қытайдың «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясат және «Жібек жолы Экономикалық белдеуі» сынды стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асыру аясында Қазақстан аумағы арқылы Қытай-Еуропа бағыты бойынша шамамен 3 мың контейнерлік пойыз өтеді. Бұл туралы Бейжің көлік университеті Көліктік тасымалдар институтының директорының орынбасары, ҚХР контейнерлік тасымалдары жоспарын әзірлеушілердің бірі Чжан Сяодун ҚазАқпаратқа берген сұхбатында мәлім етті.

«2016 жылы Қазақстан мен Қытайдың темір жол арқылы шекарадан өткен («Алашанькоу-Достық» және «Қорғас-Алтынкөл») тасымалдар көлемі 8 млн 290 мың тонна жүкті құрады, бұл 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда  16% көбірек.  2017 жылы бұл цифр 11,5 миллион тоннаға жетеді деп жоспарлануда. Бұл айтарлықтай жоғары өсім динамикасы. Салыстырып қарар болсақ, 2016 жылы Қытайдың жалпы темір жол тасымалдары 0,8%-ға, «Қытай темір жолдары» компаниясының тасымалдары 2,35%-ға азайған еді», - деді ол.

Сарапшының айтуынша, 2016 жылы Қытай-Еуропа бағыты бойынша 1,8 мың контейнерлік пойыз өткен.

«2020 жылға қарай олардың санын 5 мыңға дейін жеткізгіміз келеді, оның үш мыңға жуығы Қазақстан арқылы өтеді. «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясат аясында Қазақстанның өз көліктік-логистикалық инфрақұрылымын (жолдар, көліктік-логистикалық орталықтар, арнайы экономикалық аймақтар) дамытуы Қазақстан арқылы Еуропаға Оңтүстік-Шығыс Азия елдері мен Қытайдан келетін транзиттік жүк ағынының өсіміне септігін тигізеді. Менің ойымша, таяу жылдары Қазақстан мен Қытайдың шекаралық темір жолдар желісі арқылы 25 миллион тонна жүк өтетін болады», - деп атап өтті ол.

Чжан Сяодун Қытай мен «Жібек жолы Экономикалық белдеуі» бойындағы өзге мемлекеттердің өзара сауда бойынша қажеттіліктерінің өсуіне қарай Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетінің ұлғаятынын айтты.

 «Әлемдік сауда көлемінің төмендеуі мен ҚХР экономикасының терең трансформациялануына қарамастан, Қазақстан арқылы Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік тасымалдар көлемі ұлғайып келеді. Сондықтан, Қытай мен Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропа арасындағы тауар айналымының ұлғаюы Қазақстан аумағы арқылы өтетін контейнерлік тасымалдар бойынша үлкен серпіліс туғызады. Мәселен, биыл Қытай жоспарына сәйкес, Еуропаға контейнерлік тасымалдар санын 40%-ға ұлғайту, оның ішінде жеңіл автокөлікпен тасымалдауды - 50%-ға көбейту жоспарланған. Бүгінде Қытай-Еуропа бағыты бойынша контейнерлік тасымалдарға 11 қытайлық компания (көліктік операторлар, тасымалдаушылар, сақтандыру және өзге де компаниялар) қатысуда. Жақында ғана контейнерлік тасымалдарға жәрдемдесу бойынша арнайы мамандандырылған компания құрылды», - деді ол.

Қытайлық сарапшының пікірінше, Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін барынша пайдалану үшін тауарлық пойыздарды өткізу бекеттерінде қолайлы жағдай жасау қажет.

«Қазақстандық тараптың өткізу бекеттеріне тәулік бойы кедендік режим енгізу жұмыстарын жүргізіп жатқанын білемін. Қытайдың шығыс жағалауындағы көптеген кәсіпорындары бұл мүмкіндікті қалт жібермейді деген сенімдемін. Атап айтқанда, Иу қаласының көптеген компаниялары өз тауарларын Еуропаға Қазақстан арқылы жібереді», - деді ол.

Екіншіден, - деп сөзін жалғады ол, - Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) және «Бір белдеу, бір жол» аясында темір жол тасымалдарының тарифтерін үйлестіру үшін кешенді шаралар жүргізу қажет.

«Үшіншіден, жабдықтардың, кеденнің, салық салу, фитосанитарлық талаптар және т.б. стандарттарын үйлестіру мен сәйкестендіру қажет. Бұл мәселелерді ең алдымен ШЫҰ екіжақты және біржақты форматта шешу керек», - деп толықтырды Чжан Сяодун.

Сонымен бірге, сарапшы көліктік-логистикалық сала үшін мамандарды бірлесіп әзірлеуде де ынтымақтастықты нығайту қажеттігін айтты.

«Соңғы 11 жыл бойы Бейжің көлік университеті ҚХР көліктік және логистикалық мамандарын әзірлеуде бірінші орын алып келеді. Оңтүстік-Шығыс Азия елдері үшін (Индонезия, Малайзия, Таиланд және т.б.) жыл сайын темір жол мен логистика саласында мамандар дайындайтын 3-5 топ ашамыз.  2015 жылы Император І Александр атындағы Петербург мемлекеттік қатынас жолдары университетімен бірлесіп, оқу орындарымыздың жанынан өзара негізде Қытай-Ресей және Ресей-Қытай көліктік институттарын аштық. Болашақта Қазақстанмен және ШЫҰ өзге де елдерімен бірлескен институттар ашқымыз келеді.  Жыл сайын ШЫҰ елдерінен 15-30 адам біздің университетті бітіреді», - деді Чжан Сяодун.

Соңғы жаңалықтар