2019 жылы Қазақстанның қаржы жүйесінде блокчейн технологиясы қолданылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылы блокчейн технологиясын тәжірибе жүзінде қолданамыз. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қосылған құн салығын әкімшілендірудің жаңа әдістерін енгізуге, блокчейн технологиясын пайдалануға қатысты бөлек мәселе бар. Бақыт Тұрлыханұлы (Қаржы министрі) Мемлекет басшысымен кездесу кезінде осы бағытта алғашқы қадамдар 2018 жылдың тамызында іске асырылатынын айтқан болатын. Егер де бастама дұрыс жүргізілсе, онда 2019 жылы біз блокчейн технологиясын тәжірибе жүзінде қолданып, енгізуге қажетті шараларды қабылдаймыз», - деп нақтылады Досаев.

Оның атап өтуінше, Қаржы министрлігі осы технологияларды бірінші болып енгізеді.

«Қойылып отырған мақсаттар ауқымды. Сондықтан да жинақталып қалған проблемаларды шешіп алғаннан кейін, тамыз айына қарай жақсы тәжірибемен келеміз деген ойдамын. Бұл кезеңде салықтық және кедендік әкімшілендіру бойынша лайықты нәтижені ұсынына аламыз», - деді Ерболат Досаев.

Естеріңізге сала кетейік, биыл ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев блокчейн технологияларын қолдана отырып, қосылған құн салығын жинау ақпараттық жүйесінің маңыздылығын атап өткен болатын.

Соңғы жаңалықтар