2018 жылы Өзбекстанда аналогтық телехабар тарату тоқтатылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылы желтоқсан айында Өзбекстанда аналогтық телехабар тарату тоқтатылады, деп хабарлайды Podrobno.uz .

Елдің Министрлер кабинеті осындай қаулы қабылдады. Аналогтық сигнал таратудың тоқтауы кезең-кезеңмен жүргізіледі, ол арнайы кестеде белгіленген. Мысалы, аналогтық сигнал Ташкент қаласында 2018 жылдың 15 шілдесінде өшіріледі, ал республика бойынша бұл шара сол жылдың 5 желтоқсанында жүзеге асырылады.

Өзбекстанда цифрлық телехабар тарату үшін тегін телеарналардың жиынтығы қалыптастырылған. Қазір оған Ұлттық телерадиокомпания қатарына кіретін 13 канал қамтылған. Атап айтар болсақ «Өзбекстан», «Ёшлар», «Спорт», «Кинотеатр», UZ HD және басқалары. Сондай-ақ оған жекеменшік 7 телеарна кіреді - Mening Yurtim, Caravan TV, UzReport TV, Zo'r TV HD, FUTBOL TV, Milliy TV, Zo'r TV.

«Аналогтық хабар тарату үдерісі жеңіл өтуі тиіс. Өйткені, аз қамтылған отбасылар мен зейнеткерлерге цифрлық телехабар тарату сигналын қабылдау үшін қажетті құрылғылар мен теледидар сатып алуына банктерден жеңілдетілген несие беріледі», - дейді үкіметтегі ақпарат беруші шенеунік.

Құрал-жабдықтардың бағасын арзандату үшін «Өзэлтехсаноат» компаниясына алдағы бес жыл ішінде 3 миллион цифрлық телевизиялық қабылдағыштар шығару жүктелген.
Еске сала кетсек, Қырғызстанда биыл 15 мамырдан бастап аналогтық хабар тарату ажыратылған болатын. 

Соңғы жаңалықтар