2018 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 16 пайызға өседі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымы қайта қаралады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілетін базалық зейнетақыны тағайындаудың жаңа тәсілін түсіндіру тұрғысында белсенді жұмыс атқаруда. Қазіргі уақытта базалық зейнетақы зейнет жасына жеткендерге бәріне бірдей еңбек өтілін және зейнетақы жинағын қалыптастыруға қатысуды ескерусіз тағайындалады. Келесі жылдан базалық зейнетақы жүйеге қатысу өтіліне қарай беріледі. Осы орайда 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы жарналарының түсу аралығы ғана есептілініп қоймай, 1998 жылға дейінгі де еңбек өтілі назарға алынады», - деді ол.

Жақыпованың дерегінше, бүгінде екі миллион қазақстандық зейнеткер өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға өскен зейнетақы алып үлгерді. Нәтижесінде 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы мөлшері 14 мың теңгені, ең төменгі зейнетақы 31 мың теңгені құрады.

«Сонымен бірге, ең төменгі күнкөріс деңгейі құрылымын қайта қарастыру мен оны келесі жылы 16 пайызға өсірумен қатар, мүгедектік пен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша да жәрдемақы мөлшері көбейтілетін болады. Бұл аталған жәрдемақы түрлерін алушы 570 мың адамға қатысты дүние»,-  деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар