2018 жылдан бастап сұйытылған газ электронды биржа арқылы өткізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдан бастап сұйытылған газ электронды биржа арқылы саудаланады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің алқа мәжілісінде осы ведомствоның басшысы Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алдағы жылдары мұнай өнімдерінің барлық түрлерін электронды сауда алаңдары арқылы өткізуді жоспарлап отырмыз. Бірінші кезекте сұйытылған газды сатудан бастамақпыз»,-деді министр. 
 
Бозымбаевтың түсіндіруінше, сұйытылған газ бойынша Орталық Азия және Ресейдегі экспорттық баға арасында және ішкі нарықтардағы бағада 5-7 есеге айырмашылық бар көрінеді. Сондықтан уақыт өте келе кейде ішкі нарықта ауытқулар байқалып, көлеңкелі экспорт арта түседі.

«Сұйытылған газ нарығына заңдастыру жүргізу қажет деп есептейміз. Бұл өз кезегінде үлестірудің ашықтығын қамтамасыз етіп, кәсіпкерлікте мемлекеттің қатысуын ықшамдайды. Бүгінде сұйытылған газды үлестіру тетігіне Энергетика министрлігінің, облыстық әкімдіктердің шенеуніктері, оған қоса газ өңдеуші зауыттардың басшылары жұмылдырылған. Жүйе айтарлықтай ашық емес»,-деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін заңнамаға тиісті түзетулер енгізіліп, 2018 жылдан бастап электронды алаңдар арқылы газды өткізу мәселесі ескерілуде.

Соңғы жаңалықтар