2018 жылдан әскерилердің баспана мәселесін шешуде оң нәтиже күтіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысы әскери қызметтің беделін, әскери қызметшілер мен олардың отбасыларының әлеуметтік-құқықтық мәртебесін көтеруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. Осы орайда енді 2018 жылы баспанасыз әскерилер өтемақы есебінен пәтер алады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған Заңның  Парламент Сенатының жалпы отырысында талқылау барысында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров әскерилердің баспаналы болуының мән-жайын егжей-тегжейлі түсіндірген болатын. Заңның мақсаты мен маңызы - тұрғын үйге мұқтаж барлық әскери қызметшілердің санаттарын жеке баспанамен қамтамасыз ету. Қарастырылып отырған тетіктерге тоқталсақ, әскери қызметшілерге екінші деңгейлі банктердегі жеке арнаулы есеп-шотына ай сайын тұрғын үй төлемдері аударылатын болады. Тұрғын үй төлемдерінің мөлшері еліміздің тиісті өңіріндегі баспананың 1 шаршы метр құнын әскери қызметшінің отбасы мүшелерінің әрқайсысына тиесілі пайдалы аудан нормаларына, яғни бір адамға шаққанда 18 шаршы метрге көбейту арқылы есептеледі.

Әскери қызметшілер осы тұрғын үй төлемін (баспананы жалға алғаны үшін өтемақы - ред.) келесі мақсаттарға жұмсай алады: ипотекалық несиені пайдалана отырып, баспананы сатып алуға; тұрғын үй арендасын төлеуге, соның ішінде баспананы кейіннен сатып алу құқығымен жалға алуға; үлестік баспана құрылысына тұрғын үй құрылыс кооперативіне қатысқан кезде жарналарды төлеуге; тұрғын үй құрылысы жинақтарын жинауға және баспана жағдайларын жақсартуға.

Атап айтқанда, құжат әскери қызметшілердің баспана проблемасының басқа да түйткілді түйіндерін тарқатуға бағытталған. Бірінші кезекте, 20 жыл және одан көп ғұмырын қорғаныс саласына арнаған әскери зейнеткерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің маңызды мәселесі шешімін таппақ. Олардың біразы көшіп кетуге мүмкіндігі болмағандықтан, әлі күнге жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда төл баспанасыз қызметтік тұрғын үйлерде өмір сүруге мәжбүр.

Әскери зейнеткерлердің тағы бір бөлігі тіпті ешқандай баспана берілмей қызметтен шығарылған. Бұл ретте заңнамамен қандай да бір тұрғын үй берілместен, қызметтен шығарылған осы әскери зейнеткерлер біржолғы ақшалай өтемақыны алдағы 2018 жылы алатын болады. Яғни олардың тұрғын үйге деген құқығы толық іске асырылады.

Сонымен қатар, әскери қалашықтарда тұрып жатқан зейнеткерлерге де біржолғы ашқалай өтемақы төлеу көзделген.

«Осының арқасында ведомстволардың қолданыстағы қызметтік тұрғын үй қоры босатылады және ол баспаналар іс басындағы әскерилердің кіруіне ұсынылады», - деп түсіндірді Талғат Мұхтаров.

Заңдағы келесі бір жаңашылдыққа тоқталсақ, әскери қызметті өткеру барысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларының баспанасыздық мәселесі шешіледі. Аталған отбасыларға әскери қызметшінің өмірі қиылған өңірдегі жаңа тұрғын үйдің нарықтық құны мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төлеу көзделіп отыр.

Мұнымен қоса, заңнамада әскери қызметін өткеру кезінде жарымжан болып қалған немесе ауыр дертке шалдығу нәтижесінде әскери есептен шығарылған қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету қарастырылған. Бұл санаттағы әскерилерге де қызметін өтеген өңірдегі жаңа тұрғын үйдің нарықтық құны мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төлеу ұсынылады.

Тағы бір маңызды жаңа нормаға тоқталсақ, баспананың жабық әскери қалашықтар мен заставаларда орналасуына байланысты, олар жекешелендіруге жатпайтындықтан, бұл мәселе қызметтік баспанамен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге қатысты болып отыр. Заңнама бойынша оларға сол өңірге тиесілі тұрғын үй төлемдері ай сайын 50 пайыз көлемде аударылатын болады. Бұл өз кезегінде әділетті болып табылады, себебі мемлекет аталған әскерилерді тегін қызметтік баспанамен қамтамасыз етеді, олардың коммуналдық төлемдерін де толықтай мемлекет көтереді. Сондықтан әскери қызметшінің мұның сыртында мемлекет беретін 50 пайыз сомасындағы тұрғын үй төлемдерін жинақтап, банктердің ипотекалық несиелендіру бағдарламаларына қатысуға мүмкіндігі бар.

Жалпы, тұрғын үй төлемдерін алушылар, қызмет өткеретін арнаулы мемлекеттік органнан немесе Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың мемлекеттік мекемесінен өзінің жеке арнайы шотына аударылған ақша туралы мәліметтерді жыл сайын талап етуге; жеке арнайы шотына пайдаланылмаған тұрғын үй төлемдерінің сомасын жинақтауға; тұрғын үй төлемдерін қызмет өткеретін жеріне қарамастан, Қазақстанның кез келген өңірінде мақсаты бойынша пайдалануға құқылы.

Естеріңізге сала кетейік, жалпы Қазақстанда 60 мыңнан астам әскери мен күш құрылымдардың өкілдері баспаналы болады деп күтілуде. 

Соңғы жаңалықтар