2017 жылы өндіріс орындарында алған жарақаттан 244 адам қаза тапты - Еңбек министрлігі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылы өндіріс орындарында алған жарақаттан 244 адам қаза тапты. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлгінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ақмәди Сарбасов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы 3 жылда өндіріс орнында жарақаттану деректерінің азайғандығы байқалады. 3 жылдың ішінде жарақат алғандардың саны 16 пайызға қысқарды. Дегенмен өндірістік жарақаттар дерегі әлі де бар. 2017 жылы 1678 жұмысшы өндіріс орындарында жарақаттанды. Өкінішке орай олардың 244-і қаза болды. Ең көп зардап шегетін жұмысшылар тау-кен металлургиялық кешендерінде және құрылыс саласында жұмыс істейді. Өңірлік шекте өндірістік жарақат деңгейі Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай облыстарында және Алматы қаласында жоғары», - деді Ақмәди Сарбасов.

Оның айтуынша, кәсіпорындардағы өндірістік жарақаттар негізінен жұмыс берушінің тарапынан қауіпсіздік шарттарын сақтамаудың салдарынан болып жатады. Сонымен қатар жұмысшылардың өздері де абайсызда тосын жайттарға ұрынып қалады. Мәселен, 2017 жылы Қызылорда су кәсіпорынының жұмысшылары уланып, соның салдарына 5 адам ажал құшқан.

Осы ретте комитет басшысы жаңа Еңбек кодексінде қауіпсіз еңбек жағдайларын жақсарту үшін өндірістік кеңестерді құру қарастырылғанын атап өтті. Бүгінде мұндай 12 мыңнан астам кеңес құрылған кәсіпорын арасында 140 жұмыс берушіге «Сенім сертификаты» табысталған.

Соңғы жаңалықтар