2017 жылы қазақстандықтар ең көп оқыған кітаптар анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Меломан» кітап дүкендері желісі 2017 жылы қазақстандық оқырмандар көптеп сатып алған үздік 10 кітапты атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүкен сатушылары үздік деп танылған кітаптардың басым бөлігінің заманауи әдебиет және фэнтэзи жанрында жазылғанын айтуда.

1. Баян Мақсатқызы «Баян. Өзім жайлы ғана емес»
null

Өткен жылы қазақстандық продюсер Баян Алагөзованың (бұрынғы тегі Есентаева - авт.) автобиографиясы сұранысқа ие кітаптардың көшін бастады. Продюсердің өзі Қазақстанның бірнеше қалаларына барып, тұсаукесер өткізген еді. «Баян. Өзім жайлы ғана емес» туындысы арқылы қазақстандық оқырмандар алғаш рет продюсер өміріндегі келеңсіз жайттың анық-қанығын білді. Кітап қазақ және орыс тілдерінде жарық көріп, ең көп талқыланған және ең көп сатылған жинаққа айналды.

2. Джоджо Мойес «Где живет счастье»
null

Британдық жазушы, журналист, «До встречи с тобой» романымен әлемге танылған Джоджо Мойестің жаңа кітабы да қазақстандық оқырмандардың көңілінен шыққан тәрізді. Мұнда әкесімен және өгей шешесімен үнемі ұрысатын, анасының өліміне өзін кінәлайтын, күйеуімен арасы ажыраған Сюзанна алғаш рет өмрлік достар тауып, анасы туралы шындықты біледі және өз махаббатын кезіктіреді. Кітап ең көп сатылған кітаптар тізімінде екінші орынға жайғасты.

3. Рэй Брэдбери «451 градус по Фаренгейту»
null 

Америкалық жазушы Рэй Брэдбери оқырмандардың ғылыми фантастика мен фэнтэзи жанрына қызығушылығын арттырған жазушы ретінде тарихта қалды. Себебі, оның 1953 жылы жарық көрген «451 градус по Фаренгейту» ғылыми-фантастикалық романы күні бүгінге дейін сұранысқа ие болып отыр. Фаренгейт бойынша 451° - қағаздың өздігінен тұтанып, жанып кететін температурасы. Кітапта жазушы Постиндустриялық қоғам дамуындағы аяусыз көріністерді, болашақ әлемді сипаттайды. Онда арнайы жасақ басылымдардың бірін қалдырмай жояды, кітапты сақтау заңмен қудаланады, интерактивті телевидение арқылы қоғам жаппай алданады, өзгеше ойлайтындарды жазалау психиатриясы күтіп тұрды және тәртіпке көнбегендерге электр ит жіберілді.

4. Джек Кенфилд және Марк Виктор Хансен «Куриный бульон для души»
null 

Бала кезде ауырып қалғанда, әжеңіз тауық сорпасын беретін еді ғой. Ал бүгін сол қорек пен қамқорлық сіздің жаныңызға керек. «Тауық сорпасында»  махаббат туралы 101 әңгіме мен эсселер жинақталған. Егер ғашық боп қалсаңыз және монах болсаңыз не істеу керек? Көлік шамының сынуымен басталған кездесу сәтті аяқтала ма? Бала саны көбейген сайын романтика азая ма немесе барлық құрбыларың күйеуге шығып жатқанда мұңаймаудың жолдары... Оның әрбірі жан жараңызды жазып,  армандарыңызға қанат сыйлайды және ең үлкен бақыт - сүю екенін ұғындырады.

5. Дэниель Киз «Таинственная история Билли Миллигана»
null 

Билли түрме камерасында оянды. Өзінің тонау және зорлау бойынша айыпталғанын естіп, таң қалды. Себебі, Билли мұның бірін де жасаған жоқ. Оның мектеп ғимаратының төбесінен секіргелі тұрған сәті ғана есінде. Бірақ, суицид оқиғасынан кейін жеті жыл өткенін естіді. Билли қатты үрейленді: тағы да өмірінің бір бөлігі ұрланды. «Өмірінің ұрланғаны қалай? Неге тағы да?» деген сұрақтар жауды. Билли оған жауап бере алмады, себебі Билли кетіп қалған еді... Айта кетерлігі, документалды роман атақты америкалық Билли Миллиганның өмірі негізінде жазылған. Билли Миллиган - АҚШ тарихында қылмысқа психикалық ауытқушылықтарының себеп болғанын дәлелдеп, сот процесінде ақталып шыққан алғашқы адам.

6. Сара Джио «Тихие слова любви»
null

Америкалық жазушы Сара Джионың 2014 жылы жарық көрген сентименталды романы өткен жылы қазақстандық кітапсүйер қауымға жетті және үздік ондықтың қатарынан көрінді. Онда гүл сататын дүкеннің қожайыны Джейн Уильямс туған күніне ерекше хат алады, онда өзінің ерекше қасиеті бар екенін, адамдардың махаббатын көре алатынын оқиды. Алғашында інісі Флиннің қалжыңы деп қабылдап, мән бере қоймайды. Бірақ, бірнеше таң қаларлық оқиғалардан соң, Джейн мұның қалжың еместігін түсінеді. Енді ол махаббаттың алты түрін тауып, әрқайсысын сипаттап жазып, болашақ ұрпаққа қалдыруы тиіс. Егер мұны келесі туған күніне дейін жазбаса, өмір бойы сүйе алмай өтеді.

7. Эльчин Сафарли «Когда я вернусь, будь дома»
null

Әзербайжандық журналист және жазушы Эльчин Сафарли шығысқа тән иірімдерімен аз ғана уақытта қазақстандықтардың сүйікті авторына айналды және оның әрбір шығармасын оқырмандар асыға күтетін болды. Жаңа кітабын жазушы қарт әкенің қызына жазған хаттары арқылы ұсынып отыр. Әрбір хатта шексіз махаббат пен жан жылуын сезініп, өмірлік сабақтар алуға болады.

8. Ли Бардуго «Шестерка воронов»
null 

2012 жылы америкалық жас жазушы Ли Бардугоның алғашқы кітабы - «Тень и кость» жарық көріп, бірден бестселлерге айналған еді. Ұсақ-түйегіне дейін жіті ойластырылған жаңа әлем, сиқыршы-гришалар және билікке талас оқырмандарды бірден баурап алды. Оның 2013 және 2014 жылдары жазылған циклдары да тез сатылып, Бардугоны танымал фэнтэзи-жазушыға айналдырды. «Шестерка воронов» - дәл осы әлемде болып жатқан оқиғаларының жалғасы, мұнда гришалардың тағдыры баскесер Каз Бреккер мен оның командасына тәуелді болады. Олар шытырман оқиғалар, көркем пейзаждар, құбыжықтар мен ежелгі магияларға тап болады. 

9. Халед Хоссейни «Бегущий за ветром»
null 

Ауған ұлтынан шыққан америкалық жазушы Халед Хоссейни өзінің алғашқы романымен-ақ көзі тірі классик атанды. Қазақстанда да бұл кітап сөреде ұзақ жатпады. Романда  қос ұлдың достығы арқылы өткен ғасырдағы бейбіт Ауғанстан мен жылдар бойы орын алған өзгерістер, соғыс пен түрлі қатігездіктер сипатталады. Америкаға көшкен кішкентай Амир арқылы жазушы кітапқа өз өміріндегі кейбір сәттерді енгізген. 2004 жылы роман Exclusive Books Boeke Prize сыйлығын жеңіп алды.

10.Уиллям Пол Янг «Хижина»
null 

26 баспа үйі басып шығарудан бас тартып, 27-ші баспа ғана тәуекелге барған бұл кітаптың алғашқы жылы 5 млн 000 данасы сатылған. Бұл кітап шығару саласындағы нағыз феномен. Кітап желісі бойынша, Мак Филиппстің отбасылық саяхаты сәтсіз аяқталады. Оның кіші қызы жоғалып кетеді. Кейінірек орман арасындағы лашықтан қызының қанішер қолынан қаза тапқаны анықталады. Қызының өліміне мойынсұнбаған Мак төрт жылдан кейін жұмбаққа толы хат алады.

Осылайша, екі жыл бұрын жарық көрген «Хижина» романы қазақстандықтардың сүйікті кітаптарының ондығын түйіндейді. 

Айта кетейік, «Меломан» - 1987 жылы Өскемен қаласында құрылған аудио және видеоөнімдер, кітаптар мен тұрмыстық электроника тауарларын сататын ірі дүкендер желісі. Бүгінде Меломан дүкенін Қазақстанның барлық өңірінен кезіктіруге болады.

Соңғы жаңалықтар