2017 жылы Қазақстанда ЖІӨ өсімі 4 пайызды құрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың алдын ала қорытындылары бойынша Жалпы ішкі өнімнің өсуі 4 пайызды құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2017 жылдың басты қорытындысы ел экономикасының өсімі қалыпқа келуі болды. 2017 жылдың алдын ала қорытындылары бойынша ЖІӨ өсуі 4 пайызды құрады. Экономикалық өсу экономикалық қызметтің барлық сегменттерінде синхрондық жақсарумен теңдестірілген болды»,  деп атап өтті Тимур Сүлейменов.

Оның сөзіне қарағанда, өсудің негізгі қозғаушылары сауда секторларындағы өндірістің кеңеюі, инвестициялық белсенділіктің артуы және ішкі сұраныстың біртіндеп қалпына келуі болды. Сыртқы орта ішкі экономикалық белсенділікке де жағымды әсер етті. Сыртқы жағдайдың позитивті факторларына мұнай мен металдарға жоғары баға коньюктурасын, сондай-ақ негізгі сауда серіктестеріміз - ЕО, Ресей және Қытайдағы экономикалық жағдайдың жақсаруын атап өткен жөн.

«Осының арқасында сыртқы сауда бойынша оң қозғалыстар бекітілді. 11 айдың қорытындылары бойынша экспорт Ресейге 33,0 пайызға, ЕО-ға - 31,0 пайызға және Қытайға - 34,9 пайызға  өсті», - деп нақтылады министр.

Сонымен қатар Т. Сүлейменов қалыпқа келу процестерінің жандануында басты рөлді бағалық фактор алғанын жеткізді. Инфляциялық көрініс 2016 жылмен салыстырғанда 1,4 пайыздық тармаққа төмендеді және 7,1 пайызды құрады.

«Осымен бірге, 2017 жыл ішінде еңбек нарығы көрсеткіштері тұрақтылығын сақтады, жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрады», - деді ведомство басшысы.

Белгілі болғандай, елдің қаржы саласын қолдауға едәуір қаражат тартылса да, 2017 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Ұлттық қор активтері 57,6 млрд  АҚШ долларын құрады.

Мұнымен қоса, банк секторын сауықтыру және жалпы экономикалық жағдайды жақсарту бойынша шараларды іске асыру несиелік циклдың қалпына келу фазасының басталуы үшін алғышарттар қалыптастырды. Банктердің несиелік портфелі біртіндеп өсу нышандарын көрсете бастады.

Соңғы жаңалықтар