2017 жылдың басты 10 оқиғасы - ҚазАқпарат нұсқасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Санаулы күннен соң тарих қойнауына кететін 2017 жыл Қазақстан үшін аса табысты болды. Елімізде 28-ші қысқы Универсиада, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі, ИЫҰ саммиті сынды ірі шаралар өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарық көріп, ауқымды мәдени жобалар жүзеге асырылды. «Астана» футбол клубының жеңісі қазақ футбол тарихына елеулі өзгерістер әкелді.

«ҚазАқпарат» ХАА тілшісі хронология бойынша 2017 жылы Қазақстанда орын алған басты 10 оқиғаға шолу ұсынады.

1. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі

Биыл Қазақстан Азия тобы мемлекеттерінің атынан 2017-2018 жылдарға Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесінде атқаратын жұмысының 4 негізгі бағытын атап көрсетті. Олар: ядролық қауіпсіздік, энергетикалық қауіпсіздік, су қауіпсіздігі және азық-түлік қауіпсіздігі.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жиындарында Қазақстан Ауғанстандағы ахуал, Корей Халық Демократиялық Республикасына қатысты пікірталастарға қатысты. Ядролық қарусыз әлемді жақындату, жаһандық соғыс қатерін болдырмау, Ауғанстандағы бейбітшілікке ықпалдасу, Орталық Азияда өңірлік бейбітшілік аймағын қалыптастыру, БҰҰ қамқорлығымен Жаһандық лаңкестікке қарсы коалиция (желі) құру, Африканың бейбіт дамуына жәрдемдесу мақсаттары бойынша жұмыс істеуде.

Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан 2018 жылдың қаңтар айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне бірінші рет төрағалық ететін болады. 

2. Астана процесі

Қазақстан Сириядағы шиеленістерді реттеуде мүмкіндігінше қол ұшын созып келеді. Астанада 2017 жылдың қаңтарынан бүгінгі күнге дейін Сириядағы жағдайды бейбіт түрде реттеу мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі сегіз халықаралық кездесу ұйымдастырылды. Астана процесіне Сириядағы атысты тоқтату бойынша кепілгер мемлекеттердің - Ресей, Иран және Түркия делегациялары, Сирия үкіметі мен қарулы оппозициясының өкілі, БҰҰ және өзге де мүдделі мемлекеттердің өкілдері қатысуда.

Қазақстан астанасында ұйымдастырылған пікір алаңы көпжылдық шиеленіс тарихында алғаш рет процесс қатысушылары мен соғысушы тараптарды бір үстел басына жинай алды және ортақ шешімдер шығарып, мақұлдауға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, кепілгер мемлекеттер Сирияда төрт деэскалация аймағын құруға уағдаласты. Астанада жоғары деңгейдегі Сирия жөніндегі тоғызыншы халықаралық кездесу 2018 жылы ақпан айының екінші жартысында өтеді.

3. Конституциялық-саяси реформалар

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 25 қаңтар күні билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде үндеу жариялады. Елбасы өз үндеуінде алдымызда билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу міндеті тұрғанын атап өтіп, мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғырту қажеттігін жеткізген еді.

Реформа екі негізгі бағыт бойынша іске асады. Біріншіден, Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктері Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беріледі. Яғни, өкілеттілікпен бірге, жауапкершілік те Үкіметке жүктеліп отыр. Өкілеттіктерді беру тиісті заңдарды өзгерту арқылы іске асты.

Екіншіден, одан да күрделі міндет - билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету тұр. Мұнда Парламенттің Үкімет жасақтаудағы рөлін күшейту, Министрлер Кабинетінің депутаттар корпусы алдындағы жауапкершілігін арттыру маңызды. Парламенттік сайлауларда жеңіске жеткен партия Үкіметті жасақтауға шешуші түрде ықпал ететін болады. Осыны басшылыққа ала отырып, Үкіметтің өкілеттігін бұрынғыдай Президенттің емес, жаңадан сайланған Мәжілістің алдында тоқтатуы заңды болмақ.Үкімет мүшелеріне Парламент палаталары тарапынан сенімсіздік білдіру тәртібі оңайланады. Ол биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы тармаққа бақылау жасауын күшейтпек. Мұның бәрі атқарушы мемлекеттік органдар мен оның басшыларының жауапкершілігін арттырып, қажетті өкілеттіктер береді.

4. 28-ші қысқы Универсиада

29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласында ХХVIII қысқы Универсиада ойындары өтті. Оған 57 елден келген 1621 спортшы қатысқан болатын. Қазақстандық спортшылар 11 алтын, 8 күміс, 17 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте екінші орын алды. Ал Ресей құрамасы 71 медальмен (29 алтын, 27 күміс, 15 қола) бірінші орынды иеленді. Үшінші орынды 11 алтын, 5 күміс, 5 қола медаль еншілеген Оңтүстік Корея спортшылары қанжығасына байлады.

Универсиада бағдарламасына мəнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, шайбалы хоккей (ерлер, əйелдер), сноуборд, биатлон, шаңғы жарысы, керлинг, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, конькимен жүгіру, фристайл секілді 12 спорт түрі енді. Қазақстан атынан Денис Тен, Абзал Рақымғалиев, Айза Иманбек, Галина Вишневская сынды белгілі спортшылар сынға түсті. Жерлестеріміз қатарында бір өзі бірнеше медальға қол жеткізген спортшыларды да бар. Айталық, Анна Шевченко бір өзі Алматы төрінде 5 медальға қол жеткізді. Оның біреуі алтын, біреуі күміс, үшеуі қола жүлде. Ал фристайлдың могул түрінен Дмитрий Рейхард пен Юлия Галышева қос-қос алтынға қол жеткізді.

Универсиада үшін «Алматы арена», «Халық арена» сынды мұз айдыны бар ірі спорт кешендері салынып, «Медеу», Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, «Шымбұлақ», «Сұңқар» сынды спорт ғимараттары қайта жөндеуден өткізілді. Универсиада аяқталғаннан кейін Атлеттер қалашығы 1 748 отбасының жаңа қоныс тойына себепші болды. Онда емхана, супермаркет, банк бөлімшесі, полиция бекеті, пошта сынды халыққа қызмет көрсетілетін орындар бар. Бұл Алматыда үй кезегінде тұрғандардың санын 10 пайызға қысқартты.

5. Елбасы мақаласы

Биылғы жылдың сәуір айында жарияланған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жылдың басты жаңалығына айналды. Мақалада Елбасы бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы сынды тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың алты негізгі бағытын бөліп көрсетті.

Елбасы мақаласына сәйкес биыл Қазақстанда елдегі жалпыұлттық қасиетті орындардың тізімі құрылды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу институты құрылды. Құрамында танымал ғалымдар, өлкетанушылар және қоғам қайраткерлері енген сарапшылар кеңесі Қазақстанның жалпыұлттық 100 қасиетті орындары мен кешендерінің тізімін әзірледі.

Мемлекет басшының тапсырысымен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы қолға алынды. Жобаның негізгі мақсаты Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың ерекше тағдыры арқылы табыс, бәсекеге қабілеттік, прагматизм және білімнің салтанат құруы идеяларын дәріптеу болатын. Бүкілхалықтық онлайн-дауыс беру жолымен іріктеліп шыққан 102 жеңімпаз 1 желтоқсан күні Президент Н.Назарбаевпен кездесті.

Мақалада көрсетілген тапсырмаларға сәйкес, ҚР Үкіметі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын әзірледі және бекітті. Бағдарламаның басты мақсаты - цифрлық технологияларды пайдалану мен дамыту арқылы мемлекет экономикасының бәсекелестігін және халық өмірінің сапасын арттыру болды.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша әлемнің үздік оқу орындарының қолданысындағы таңдаулы 18 оқулық қазақ тіліне аударылды. Жаңа оқулықтардың алғашқы легі келесі жылы, Елбасы бекіткен латын қарпінде жарық көреді деп жоспарланып отыр.

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ҚР Үкіметі жанынан Ұлттық комиссия құрылды. Ұлттық комиссия қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ұсыныстар әзірлеп бекіту, жұмыс барысын үйлестіру және оның сапалы орындалуына бақылау жасайды. Қазақ әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін біртіндеп көшіру көзделген. Бірінші кезең: 2018-2020 жылдарды, екінші кезең: 2021-2023 жылдарды, үшінші кезең: 2024-2025 жылдарды қамтиды.   

6. ЭКСПО-2017 көрмесі

2017 жылы өткен Қазақстандағы ең маңызды оқиғалардың бірі «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу болды. Қазақстан әлемдік масштабтағы бұл ірі шараны ұйымдастыру және өткізу құқығын жеңіп алған алғашқы посткеңестік мемлекет атанды. Қазақстан үш ай бойы баламалы энергия көздерін табуға қатысты әлем ғалымдарының тәжірибесін бір көрмеде тоғыстырды.

Көрмеден соң, ЭКСПО аумағы ауқымды туристік орталыққа айналды. Мұндағы ЭКСПО-ның басты мұрасы - Нұр әлем, тақырыптық павильон, үздік тәжірибелер алаңы мен Өнер орталығы туристер үшін қысы-жазы қызмет көрсететін болады. Ал жаңа жыл қарсаңында ЭКСПО-да ауқымды мұз қалашығы бой көтеріп, еліміздің бас шыршасы жағылды.

ЭКСПО қалашығы мен түрлі жоба нысандары көрме аяқталғаннан кейін де, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қызмет ететін болады. Жоба барысында қонақ үй ретінде соғылған көпқабатты ғимараттар қала әкімдігіне өтіп, тұрғын үйлердің қатарын толықтырады. Сол арқылы қалалық әкімдік тұрғын үй мәселесін оңтайландыруды көздеп отыр.

7. Әлемге танылған таланттар

2017 жылы Қазақстанның бірқатар талантты тұлғалары айдай әлемге танылды. Жыл басында қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қытайдың «Singer 2017» ән байқауына қатысып, екінші орын жеңіп алды. Отандасымыздың талантты өнері көптеген қытайлық және басқа елдердің жанкүйерлерін тәнті етті. Сонымен қатар Димаш Қытай мен Америкадағы көптеген музыкалық марапаттауларды еншіледі. 16 желтоқсанда әнші өзінің алғашқы әлемдік турнесіне аттанды.

Әнші Димашпен қатар боксшы Димаш та мұхиттың ар жағында қазақ елінің атын аспандатып жүр. АҚШ полицейі және кәсіпқой боксшы Димаш Ниязов 13 жасында отбасымен Нью-Йоркке қоныс аударған. Қысқа уақыт ішінде үлгілі жұмысының арқасында алдыңғы қатарлы полицей атанып үлгерген. Соңғы жеңісінен кейін Димаш Ниязов BoxRec рейтингінде 255-ші орыннан 236-шы орынға көтерілді. 

Американы бағындыруға бет алған тағы бір отандасымыз - жас әртіс Софи Манасян. Алғаш рет Софи Манасян 7 жасында əлемнің атақты Карнеги хол сахнасында «Аққу» биімен көзге түскен. Бүгінге дейін жас дарын ЮНЕСКО-ның хореография бойынша мүшесі, бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып үлгерді. Софи Лос-Анджелес қаласындағы хореографиялық училищеде білім алуда, Голливудтың музыкалық клиптеріне түсіп жүр және фортепианода ойнап, АҚШ пианистер гильдиясын мойындатып үлгерді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тәнті болған жас қазақстандық әнші Данэлия Төлешова үшін де биылғы жыл сәтті болды. Әнші қыз Украинаның «Голос. Дiти» байқауын жеңіп алды. Финалда Данэлия өзінің әнінің, дауысының шынайы да тереңдігімен көрермендерді тәнті етті. Ал «Не твоя война» композициясы залдағы көрермендердің көпшілігінің көзіне жас үйірді.

8. Ядролық отын банкінің ашылуы

Қазақстан 29 тамыз - Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні әлем бойынша алғаш рет халықаралық ядролық отын банкін іске қосты. Атомдық энергия бойынша халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) төмен байытылған уран банкінің салтанатты ашылуына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев онлайн режимінде қатысты. Қазақстан Президенті төмен байытылған уран банкі қызметін іске қосты және МАГАТЭ-нің бас директоры Юкия Аманоға банктің символдық кілтін табыс етті.

Қазақстан өз аумағында МАГАТЭ қамқорлығымен төмен байытылған уран банкін ашу бастамасын 2009 жылы көтерген еді, ал 2011 жылғы 29 шілдеде Қазақстан халықаралық агенттікке өз аумағында төмен байытылған уран банкін орналастыру ниеті туралы ресми өтінім жіберді. 2015 жылдың сәуірінде Қазақстан Үкіметі өз қаулысымен елімізде МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкін «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ-ында орналастыру туралы келісімге қол қоюды мақұлдаған болатын. Сол жылдың 27 тамызында келісімге Қазақстан тарапынан Ерлан Ыдырысов пен МАГАТЭ-нің бас директоры Юкия Амано қол қойған еді.

9. Алашорданың 100 жылдығы

Осыдан 100 жыл бұрын, яғни 5 желтоқсанда Орынборда ІІ жалпықазақ съезі өз жұмысын бастаған болатын. Айтулы мерейтойға орай, Қазақстанның барлық өңірлерінде, оқу орындары мен ғылыми институттарда ауқымды жиындар, конференциялар ұйымдастырылды.

Астанадағы ЭКСПО Конгресс орталығында өткен «Рухани жаңғыру: Алаш және Азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда қатысушылар Алаш арыстарын ұлықтау, олардың мұраларын зерттеуді жүйелеп, жас ұрпақты патриоттық рухқа тәрбиелеу ісін Алаш мұраттарымен сабақтастыру мәселелері көрініс табатын қарар қабылдады.

«Qazaqstan» ұлттық арнасының арнайы жобасы, Алаштың 100 жылдығына арналған «Тар заман» телехикаясы түсірілді. Белгілі режиссер Мұрат Бидосов түсірген 12 бөлімдік сериалда басты кейіпкер - Әлихан Бөкейханов пен өзге де алаш зиялыларының Алашорда үкіметін құру жолындағы тартысты ғұмыры суреттеледі.

10. Астана футбол клубының жеңісі
null 

Желтоқсан айында «Астана» футбол командасы Еуропа лигасы топтық кезеңінің соңғы ойынын Прагада «Славиямен» өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті және УЕФА Еуропа лигасының плей-офф кезе­ңіне шықты. Бұл қазақ футболы тарихында болмаған үлкен жетістік.

 «Астана» футболшыларының Еуропа Лигасында «Славияны» жеңуі команданың УЕФА клубтары рейтингінде өз орнын жақсартуға да ықпал етті. Осылайша, Станимир Стойловтың шәкірттері 20,750 ұпаймен 72-ден 67-орынға көтерілді. 

Айта кетейік, «Астана» футбол клубының Еуропа лигасы 1/16 финалындағы қарсыласы анықталды. Биылғы маусымның плей-офф кезеңінде Қазақстан чемпиондары "Спортингпен" кездеседі.

P.S. Одан бөлек, Қазақстан 2017 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым және технологиялар бойынша алғашқы саммитін өткізді. Сондай-ақ, желтоқсан айында Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» ұлттық телекөпірі өтті. Шара барысында онлайн режимінде бүкіл ел бойынша жаңа индустриялық-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық, агроөнеркәсіптік жобалар іске қосылды.

Соңғы жаңалықтар