2017 жылдан бастап бала асырап алушының жасына қойылатын шектеу жойылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдан бастап бала асырап алушылардың жасына шектеу қойылмайды. Бұл туралы «ҚазАқпараттың» ресми сауалына жауап берген ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінен хабарланды.

Атап айтқанда, бұл ретте зейнеткерлік жастағы адамдар да бала асырап алуына мүмкіндіктер жасалады. Осы орайда бұл қадамның тиімді нәтиже беріп, бұл бағыттағы шаралар елімізде бала асырап алу үрдісін арттыруы ықтимал.

«Асырап алушы мен асырап алынатын бала арасындағы жасқа қойылатын шектеудің алынып тасталуы асырап алынатын балалар санының артуына ықпал етеді», - деп атап өтілген комитет мәліметінде.

Айта кетейік, бүгінде елімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны 29 мың 666-ны құрап отыр. «Олардың ішінде қазақстандық азаматтардың отбасыларында 19 761 бала тәрбиеленуде, патронаттық тәрбиеде - 1839 бала бар. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 8 066 бала толық мемлекеттің қамқорлығында. Соның арасында  6436 бала білім беру жүйесіндегі 106 балалар үйлерінде тәрбиеленуде. 828 бала денсаулық сақтау жүйесіндегі 23 сәбилер үйлерінде, ал  802 бала халықты әлеуметтік қорғау жүйесіндегі 17 мүгедектерге арналған үйлерде тәрбиеленуде», - делінген комитет мәліметінде.

2015 жылы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелейтін ұйымдар 42 бірлікке қысқарды, сондай-ақ 2016 жылдың 9 айында осындай 6 ұйым жабылды.

Соңғы жаңалықтар