2017 жыл қандай спорттық жетістіктермен ел есінде қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жыл Қазақстанның «спорттық қоржыны» үшін қаншалықты табысты болды? Қандай саңлақтарымыз қай спорт түрінен топ жарып, Қазақстанның абыройын көтерді? «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі жылдың спорттық жетістіктерін қорытындылап, ел абыройын асырған жеңістерге шолу жасады.

Қазақстан өткізген 28-ші қысқы Универсиада
null 

2017 жылдың 28 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында өткен Алматыдағы қысқы Универсиада - сөзсіз биылғы жылдың ең басты спорттық оқиғалардың бірі болып қалары анық. Шараға 57 елден 2 мыңға жуық спортшы қатысты. Универсиада барысында 221 мың билет сатылды.

Универсиада ойындарына жиыны 85 медаль сарапқа салынды. Жалпы командалық есепте Ресей командасы бірінші орын алып, олардың еншісіне 28 алтын, 27 күміс және 15 қола медаль бұйырды. Екінші орында - Қазақстан құрамасы. Біздің спортшылар байрақты бәсекеде 11 алтын, 8 күміс және  17 қола жеңіп алса, үздік үштікті Оңтүстік Корея түйіндеді. Бұл елдің спортшылары Универсиаданың 11 алтыны, 5 күмісі және  5 қола медалін алып кетті.

Универсиадада 26 мемлекетке медаль бұйырса, 31 мемлекет бірде-бір медальсыз отанына оралды. Қазақстан құрамасына бірінші алтынды жарыстың үшінші күні биатлоншы Алина Райкова алып берді. Құрамамыз сапындағы могулшы Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд Алматыдағы Универсиадада екі дүркін жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, биатлоншы Галина Вишневская да екі алтынды жеңіп алды. Наградалар саны бойынша шаңғышы қызымыз Анна Шевченко көш бастап, ол алтын, күміс, қоладан - жалпы саны 5 медальмен Қазақстанның мерейін арттырды.

Қысқы Универсиададан кейін Жапонияның Саппоро қаласында VIII қысқы Азия ойындары басталып кетті. Қазақстан ұлттық құрамасы жалпы есепте 32 медаль еншілеп, (9 алтын, 11 күміс, 12 қол) Азиаданы төртінші орынмен аяқтады.

 

Кәсіпқой боксшылардың бағындырған белестері
null 

Өтіп бара жатқан жыл кәсіпқой боксшыларымыз үшін де табысқа толы болды деп ауыз толтырып айтуға болады. Жылдың басында (11 ақпан) Жанат Жақиянов WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанды. Американың Толедо қаласында Жақиянов пен америкалық Роуши Уоррен жеңіл салмақтағы WBA (Super) және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағын сарапқа салып, 12 раундық кездесудің қорытындысы бойынша төрешілердің шешімімен отандасымыз жеңімпаз деп танылды. Бұл қазақстандықтың кәсіби рингтегі 27-ші жеңісі еді. Алайда арада 9 ай өткеннен кейін Жақиянов Райан Барнеттпен болған жекпе-жекке жеңіл салмақта WBA (Super) нұсқасы бойынша әлем чемпионы белдігін тігіп, өкінішке қарай, сол кездесуде чемпиондық белдігінен айырылып қалды.

Ақпан айында қазақтың Қанаты бразилиялық Робсон Ассисті нокаутқа жіберіп, жанкүйерлерін бір қуантып тастады. Жекпе-жек небәрі бір раундтқа созылған болатын. Арада көп өтпей мамыр айында қайта шаршы алаңға көтерілген Қанат Ислам мексикалық Норберто Гонсалесті жеңіп, бокс әлеміндегі мәртебесін нығайта түсті. Қанаттың табысы мұнымен шектеліп қалған жоқ. Қыркүйекте «Қазақ» канадалық Брэндон Кукпен Астанада ұмытылмас бокс кешін өткізді. Сегізінші раундтан кейінгі канадалық «Жаман бала» ауыр нокдаунға түсіп, келесі раундта Қанаттың таза жеңісімен айқасқа нүкте қойылды.

19 наурыз қазақстандық жанкүйерлер үшін асыға күткен күн болды. Себебі, дәл осы күні Геннадий Головкин «бокс Меккесі» атанып кеткен Нью-Йорктегі «Madison Square Garden» сарайында бруклиндік Дэниэл Джейкобспен қолғап түйістірген еді. 12 раундқа созылған айқас Генаның айқын басымдығымен өтіп, жеңіс қазақстандық боксшының еншісінде қалды. Алайда Генаның бұл биылғы жылдағы басты кездесуі емес-тін.

Бүкіл әлем күткен Генаның айқасы 17 қыркүйек күні болып өтті. АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ұйымдастырылған бокс кешінде Triple G мексикалық бокстың жарық жұлдызы - Сауль «Канело» Альвареспен жұдырықтасып, орта салмақтағы үздіктердің үздігін анықтады. 12 раундтық «биг драма шоу» ақыры тең аяқталды. Қазіргі уақытта қос боксшы 2018 жылы өтетін қарымта кездесуге дайындалып жатыр.

Жоғарыда аталған бокс саңлақтарымен бірге кәсіпқой бокста Бекман Сойлыбаев та сәтті келе жатыр. Боксшы биыл екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіс тұғырынан көрінді. Сонымен бірге, 2017 жыл Фируза Шәріпова үшін де табысты жыл деп айтуға болады. Қазақстандық боксшы бойжеткен 26 тамызда 10 раундтық кездесуде болгариялық Милена Колеваны айқын басымдықпен жеңіп, WIBA және WBU нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды.

Кәсіпқой бокста сонымен бірге, Әли Ахметов, Иван Дычко, Жаңқош Тұраров қазақ боксының жарқын үлгісін көрсетіп жүр.

 

2017 жыл - Ұлттық спорт түрлері ұлықталған жыл
null 

Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі ұлттық спортымыздың айбынын асқақтатып кетті. Халықаралық шара барысында аламан бәйге, жамбы ату, көкпар, Әлем барысы секілді қазақтың ұлттық спорты түрлерінен айтулы додалар өткізіліп, Арқадағы тойды қыздыра түсті. Шілдеде өткен Елбасы жүлдесіне арналған «ЭКСПО» кубогында 2400 метрлік ұшқыр бәйгенің сәйгүліктер жарысында «Карнеу» атты жирен айғыр алдына қара салмады. Осылайша, сонау Дағыстаннан ат арытып келген Зайнал Салаутдинов бас жүлде - Кубок пен 50 мың долларды иеленіп, мерейі үстем болды. Одан кейінгі 25 шақырымдық аламан бәйгеде «Элвуд вэб» атты күрең жорға шашасына шаң жұқтырмады. Иесі - Ақмола облысының атбегісі  Д.Волков «ЭКСПО кубогі» мен 1,2 миллион теңгені иеленді.

Ал ЭКСПО кубогындағы «Құнан бәйге» жарысында «Доран» атты торы құнан ешкімге есе бермей, (иесі - А.Жұмабеков, Алматы облысы) «ЭКСПО» кубогы мен 3 миллион теңгеге қол жеткізді.

Бұдан кейін «Қазанат» атшабарында жамбы атудан «Алтын жебе» халықаралық турнирі ұйымдастырылып, Румыниядан келген Михайл Кузми бас жүлдені (2 млн теңге) қанжығасына байлады. 2 орын мен 1 млн теңге қазақстандық спортшы Сарыбай Айтбектің еншісінде қалса, 3 орын және 700 мың теңгені Ералхан Айкөз  иеленді. Төртінші орын мен 400 мың теңге Мажарстаннан келген Немоти Кристоф Арпадқа бұйырды. Бестікті Малайзия спортшысы Мұхамед Акмал бин Мохамед Дакалан түйіндеді. Оған 200 мың теңге бұйырды.

Тамыздың соңын ала Астанадағы «Қазанат» атшабары тағы да дүбірге толды. Бұл жолы әлемнің 10-нан астам елінен келген көкпаршылар Арқада Көкпардан әлем чемпионаты ойынының көркін қыздырды. Ол көкпардың артықшылығы - сонау Америкадан ковбойлардың ат арытып келгені еді. Тұңғыш көкпар чемпионатының финалында Қазақстан құрамасы Қырғызстанды 4:1 есебімен жеңіп, Әлем чемпионы атанды. Ал тартысты чемпионаттың қола жүлдесін Тәжікстан командасы ұтып алды.

 

Қазақ күресінің айбыны қарыштаған жыл
null 

Қазақстандықтардың көптен күткен ірі сайыстарының бірі - «Қазақстан Барысы» еді. Айтулы жарыстың сәні де, дәмі де - бір жылда бір рет қана ұйымдастырылатындығында. Бұған дейін де «Қазақстан барысы» атанған кіл мықтылар боз кілемге шыққанымен, елдегі басты атақ - Әскер барысы Еламан Ерғалиевке бұйырды. Еламан ақтық сайыста Алматы облысының өкілі Ұлан Рысқұлмен шығып, қарсыласын қапы қалдырды. Айтулы доданың қола медалін Айбек Нұғымаров місе тұтты. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды жеңіп алған Еламан Ерғалиев 25 миллион теңгені және алтын белбеу мен алтын тайтұяққа ие болды. Арада көп өтпей Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «Қазақстан барысы» атанған Еламан Ерғалиевке екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.

8 қыркүйек - Қазақ күресі үшін тағы да бір айтулы күн десек те болады. Себебі, дәл осы күні әлемнің 40-қа жуық елінің балуандарының басын қосқан «Әлем барысы» сайысы ұйымдастырылған болатын.

«Әлем барысы» атағы «Әлем барысы» өткен Қазақстанда қалды. Доданың ақтық сайысында қазақстандық Айбек Нұғымаров пен грузиялық Гурам Тушишвили кездесті. Тартысты белдесуде Айбек Нұғымаров грузиялықты таза жеңді. Үшінші орын тағы бір қазақстандық балуан Ержан Шынкеевтің еншісінде қалды. «Әлем барысы» атанған Айбек Нұғымаровқа 15 миллион теңге табысталды.

Жылдың соңын ала Қазақстанның Тәуелсіздігі күні Алматыда «Еуразия барысы» өткізілді. Финалда «Қазақстан 1» құрамасы мен Алматы облысынан құралған «Қазақстан 2» командалары арасындағы аса тартысты өткен белдесу «Қазақстан 1» жеңісімен аяқталды.

  

Астанада тұңғыш рет өткен халықаралық марафон
null 

Елордадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесімен тұспа-тұс 27 тамыз күні Халықаралық марафон өткен болатын. 5 мыңға жуық адам қатысқан жарыс үш қашықтық бойынша ұйымдастырылды. ШЫҰ мен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің қолдауымен өткен марафонда 2017 метр мен 10 шақырымнан бөлек, ең ұзақ - 42 шақырымдық қашықтықта кәсіби спортшылар бақ сынасты.

Халықаралық марафонның 42 шақырымдық сынында Өзбекстан елінен келген 31 жастағы Андрей Петров мәре сызығын бірінші кесті. Өзбекстандық марафоншының соңынан Беларусь елінің жүйрігі Владислав Прямов келіп екінші орынды иеленді. Үшінші орын Кениядан келген Тувей Титусқа (3000 АҚШ доллары) бұйырды.

 

Шахмат шеберлерінің шыққан шыңы
null 

Қазақстанның шахматын қазіргі таңда қос мықты - Динара Сәдуақасова мен Жансая Әбдімәліксіз елестету мүмкін емес. Ақыл ойнының асқан шеберлері Ашхабадта өткен V Азия ойындарында Қазақстанның қоржынына екі бірдей алтын медаль салған болатын. Динара қазіргі таңда әлемдік рейтингте 23-ші орында. Сонымен қатар, жуықта «Asian Chess Excellence Awards» сыйлығын тапсыру рәсімінде қазақстандық гроссмейстер Динара Сәдуақасова Азияның 2017 жылдағы ең үздік шахматшысы атанды.

Жансаяның да биылғы жылы бағындырған асулары баршылық. Ағымдағы жылдың қараша айында шахматшының тасы өрге домалап, 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында шахматтан әлем чемпионатында жеңіске жетті. Турнир Италияның курорт қаласы - Тарвизиода (World Junior and Girls Under 20 Chess Championship 2017) өткен болатын. Бұған қоса биыл 17 жастағы Жансая International Master (ерлер арасындағы халықаралық шебер) атағын алып отыр.

Қос мықтының ізін қызылордалық Әсел Серікбай атты тағы бір шахматшы басып келе жатыр. Румынияның Яссы қаласында шахматтан оқушылар арасында өткен Әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар табысты өнер көрсетіп, Әсел әлем чемпионы атанды.

 

Тың деңгейдегі - қазақстандық паралимпиада
null 

2016 жылы өткен Риодағы Паралимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтын медальді салған Зульфия Ғабидуллина биыл да жеңісті жолын жалғастырды.

Зульфиямен бірге қарағандылық Наталья Звягинцеваның жетістігі жетерлік. Желтоқсанның орта шенінде Мексикада өткен суда жүзу спортынан мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы Әлем чемпионатында Наталья Звягинцева 50 метр қашықтыққа шалқалап жүзу бойынша бірінші орынды иеленді. Аталған сайыста қарағандылық тағы бір жүзуші Андрей Афанасьев брасс әдісімен 10 метрлік дистанцияны жүзіп өтіп, үшінші орын алған еді.

Айта кетерлігі, Əлем біріншілігінде қазақстандық Наталья Звягинцева паралимпиадалық жүзу спорты бойынша алтын медаль иеленген болатын. Арқамен жүзу бойынша 50 метрлік қашықтағы Натальяның жетістігі - Қазақстан тарихындағы әлем чемпионатында алған тұңғыш алтын медаль екенін айта кету керек.

Қарағандылықтармен бірге паралимпиададан атыраулық саңлақтардың да қарқыны мықты. Шілде айында Германия өткен ашық чемпионатта атыраулық спортшы-паралимпиадашы Ержан Сәлімгереев 100 метрлік қашықтықта суда жүзуден және кроль әдісімен 50 метрлік  қашықтықта жүзу жарыстарында екі алтын медаль жеңіп алды.

 

«Астана» футбол командасының тарихи жеңісі 
null 

Жылдың спорттық ең айтулы оқиғаларының ішінде «Астана» футбол командасының ел тарихында тұңғыш рет Еуропа Лигасының плей-офф кезеңіне шығуын ерекше айта кетуге болады. Прагадағы «Эден Арена» стадионында өткен Еуропа Лигасы топтық кезеңінің алтыншы турында «Астана» командасы «Славиямен» кездесіп, Станимир Стойловтың шәкірттері 1:0 есебімен тарихи жеңіске қол жеткізді.

11 желтоқсан күні УЕФА-ның штаб-пәтерінде Еуропа Лигасының 1/16 финалының жеребесі тартылды. Жеребе қорытындысы бойынша, «Астана» португалиялық «Спортингпен» бақ сынасатын болды. Айта кетерлігі, Еуропа Лишасында 32 команда өзара мықтыны анықтамақ. Атап айтқанда, «Астана» футбол командасы, «Боруссия» (Германия), «Атланта» (Италия), «Ницца» (Франция), «Локомотив» (Ресей), «Копенгаген» (Дания), «Атлетико» (Испания), «Спартак» (Ресей), «Атлетик» (Испания), «АЕК Афина» (Грекия), «Динамо» (Украина), «Селтик» (Шотландия), «Зенит» (Ресей), «Наполи» (Италия), «РБ Лейпциг» (Германия), «Црвена Звезда» (Сербия), «ЦСКА» (Ресей), «Лион» (Франция), «Вильярреал» (Испания), «Реал Соседад» (Испания), «Зальцбург» (Австрия), «Партизан» (Сербия), «Виктория Плзень» (Чехия), «Стяуа» (Румыния), «Лацио» (Италия), «Лудогорец» (Болгария), «Милан» (Италия), «Спортинг» (Португалия), «Эстерсунд» (Швеция), «Арсенал» (Англия), «Олимпик» (Франция), «Брага» (Португалия) командалары Еуропа Лигасының чемпиондығына таласады.

 

Мәнерлеп сырғанаудан қыздар арасында тұңғыш рет Қысқы Олимпиада ойындарына жолдама алған - Элизабет Тұрсынбаева
null 

Қазақстанның мәнерлеп сырғанаушысы Элизабет Тұрсынбаева Финляндия елінің астанасы Хельсинкиде өткен әлем чемпионатында қысқа және еркін бағдарлама қорытындысы бойынша 9-шы орын алды. Бір естігенде 9-шы орын ауыз толтырып айтарлықтай жетістік секілді естілмейді. Алайда Элизабеттің бұл жетістігі - алғаш рет қысқы Олимпиада ойындарына жолдама әкеліп отыр. Осыған дейін еліміздің атынан төртжылдықтың басты додасына бірде-бір қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы ару қатыспаған.

Элизабеттің биылғы жетістігі мұнымен шектеліп қалмайды. Ағымдағы жылдың сәуір айында Элизабет Шанхайда өткен Shanghai Trophy турнирінің күміс жүлдегері болды. Ал қазан айында Беларусь астанасы Минск қаласында 12 елден 20 мәнерлеп сырғанаушы қатысқан «Ice Star Minsk» халықаралық турнирінде алтын жүлдені иеленіп, еліміздің туын көкке көтерді.

Элизабет 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін Қысқы Олимпиадада ел намысын қорғайды.

 

Алда - Оңтістік Кореяда өтетін Қысқы Олимпиада ойындары
null 

Қысқы спорт түрлері бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы Оңтүстік Кореяда өтетін Пхёнчхандағы Қысқы Олимпиада ойындарына қатысу үшін 33 лицензия алып отыр. Нақтырақ айтқанда, шорт-тректен 10, биатлоннан 10, конькимен жүгіруден - 10 және мәнерлеп сырғанаудан 3 жолдама қазақстандық спортшылардың қоржынында.

Шорт-тректен ерлер арасында Нұрберген Жұмағазиев (500 м, 1 000 м және 1 500 м), Абзал Ажғалиев (500 м), Денис Никиша (500 м) және қыздар арасында Йонг Ким (500 м, 1 000 м және 1 500 м), Анастасия Крестова (1 000 м және 1 500 м) қатарлы спортшылар Қысқы Олимпиадада Қазақстанның туын ұстап шығады.

Ал Олимпиада ел намысын қорғайтын биатлоншылардың есімі қаңтарда белгілі болмақ. Ал конькимен жүгіру спорт түрінен Денис Кузиннен, Екатерина Аидова, Федор Мезенцев, Роман Креч, Станислав Палкин сынды танымал конькишілер әлемдік додаға дайындық жүргізіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар