2016 жылы СҚО-да спорт саласына 2,6 миллиард теңгеге жуық қаржы салынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы СҚО-да спорт саласына 2,6 миллиард теңгеге жуық қаржы салынды. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының əкімі Ерік Сұлтанов халық алдында есеп беру жиынында мәлім етті.

Әкімнің айтуынша, өңірде 170 мыңнан астам адам немесе жалпы халық санының 30 пайызы спортпен айналысады.

«2016 жылы спорт саласы 2,6 миллиард теңгеге қаржыландырылса, бұл алдыңғы жылға қарағанда 1,1 миллиард теңгеге артық. Соңғы екі жылда Солтүстік Қазақстан облысында спорттың хоккей, футбол, баскетбол түрлері жандануда. 2016 жылы «Қызылжар СК» футбол клубы Бірінші лига командалары арасында ел біріншілігінің, ал «Барыс» баскетбол клубы Жоғары лиганың ерлер командалары арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының қола жүлдегерлері атанса, 2015 жылы құрылған «Құлагер» хоккей командасы Қазақстан Республикасының кубогын жеңіп алды.

Есепті кезеңде республикалық және халықаралық спорт жарыстарынан солтүстікқазақстандықтар 540 медаль әкелді, оның 361-і спорттың олимпиадалық түрлері бойынша. Рио-де-Жанейродағы 31-ші Олимпиада ойындарына бес солтүстікқазақстандық қатысты», - деді әкім.

Мәдениет саласында да айтулы жетістіктер көп.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында өткен жылы облыста тұрғындардың көпшілігінің қатысуымен 12 мыңнан астам мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілді. Облыстың театр-концерттік ұйымдары шалғай аудандардағы елді мекендерге 45 рет гастрольдық сапарға шықты. Спектакльдер көрсетіп, концерттер мен көрмелер ұйымдастырып, қайырымдылық шараларын өткізді», - деп атап өтті облыс басшысы.

Сонымен қатар облыста 2017 жылы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының қазіргі ғимаратына ыңғайластырылған 500 орындық көрермендер залының құрылысы басталады. Бүгінгі күні оның жобалық-сметалық құжаты мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жаңа ғимаратты 2018 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар