Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 322.01
EUR 362.42
RUB 5.46
CNY 47.26

2016 жылғы «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовқа ауылдастары ақ боз ат мінгізді

2016 жылғы «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовқа ауылдастары ақ боз ат мінгізді
2017 жылғы 9 қаңтар 05:43 872

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Айтыстың ақтұйғыны, «Алтын домбыраның» екі мәрте иегері Мұхтар Ниязов жанкүйері болған сырбойылықтармен кездесу сапарын кіндік қаны тамған жері - Жалағаш ауданы Ақжарма ауылынан бастады.

Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі хабарлады.

Ақынды салтанатты жағдайда күтіп алған туған ауылы, оны сахна төріне шығарып, лайықты құрмет көрсетті. Шараны жүргізген ұстазы, ақын Мамыр Байдәулетов қасиет қонған Ақарық ауылының тарихы мен Мұхтардай алтын ұл шыққан әулет жайында кеңінен әңгіме өрбітті. 


2016 жылғы «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовқа ауылдастары ақ боз ат мінгізді

Шараға облыстық жастар орталығынан, аудан басшылығынан өкілдер арнайы қатысып, ақ лебіздерін білдірсе, ағасы әрі ұстазы, журналист, белгілі ақын Дүйсенбек Аяшұлы кешегі бала Мұхтарды суреттей сыр шертті. Сонымен қатар, талантты әнші, жыршы Марат Сүгір өнерін ортаға салып, ауылдың әжелер ансамблі әсем әннен шашу шашты.
Шара соңында ауыл тұрғындары Сыр өңірінің, жалпы қаны қазақтың атын шығарып жүрген ұлдарына ақ боз ат мінгізіп, шығарып салды.

Мұхтар Ниязов ертеңнен бастап Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Тереңөзек аудандарын аралап, елмен жүздеспек.

Еске салайық, 2016 жылдың 3-4 желтоқсаны күндері Алматыда «Алтын домбыра» дәстүрлі аламан айтысы өтіп, қызылордалық айтыскер ақын Мұхтар Ниязов оның бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Бұл құрметті атаққа ол 2012 жылы да қол жеткізген еді. Араға төрт жыл салып, екінші мәрте «Алтын домбыра» иегері атанды. 

 

 

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер