20 жыл бұрын «Халықтың көші-қон туралы» заңы қалай қабылданды - Әкім Ысқақпен сұхбат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан 20 жыл бұрын - 1997 жылдың 13 желтоқсанында әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылған талай қазақтың ата қонысқа оралуына мүмкіндік берген «Халықтың көші-қоны туралы» заңға ҚР Президенті қол қойған болатын. «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы - балама негізде қазақ тілінде дайындалып, қабылданған тұңғыш Заң. Осы айтулы күнге орай, ҚазАқпарат тілшісі «Халықтың көші-қоны туралы» балама заңның авторы, Парламент І шақырылымының депутаты, қоғам қайраткері Әкім Ысқақпен сұхбаттасқан еді.

- «Халықтың көші-қоны туралы» заң қазақ тілінде жазылған тұңғыш заң әрі Астанада қол қойылған алғашқы құжат екені белгілі. Одан бөлек, бұл жоба Парламентте ең ұзақ талқыланған заң жобасы ретінде де тарихта қалды. Мұның себебі неде еді? Еске түсірсеңіз?

- Ол кезде Парламенттің бірінші шақырылым депутаты едім. 1997 жылдың 23 қаңтарында Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетіне Үкіметтің көші-қон туралы заң жобасы келіп түсті. Комитет төрағасы Өмірбек Жолдасбеков заң жобасын маған тапсырды, себебі әр депутаттың бір заң жобасын жүргізу міндетті еді. Үкімет дайындаған заң жобасына қарасам, шикіліктер көп. Біріншіден, онда тарихи отанына оралуы тиіс репатрианттар мен босқындардың мәртебесін біріктіріп жіберіпті. Бұл дегеніңіз - Қазақстанға репатрианттармен бірге кез келген елдің босқындары ағылып келе алады деген сөз. Екіншіден, заң жобасында отандастардың жағдайын ғана қарастырған. «Отандастар» ұғымына берілген терминология анықтамасында  «Қазақстан Республикасында туған азаматтар» деп тұр. Демек, Қазақстанда туған кез келген ұлт өкілі Қазақстанға келуі керек екен. Бәрінен де сорақысы, заң жобасында «Қазақстан Республикасына көшіп келгендер жергілікті бюджеттен қаржыландырылсын, ал көшіп кететіндер Республикалық бюджеттен қаржыландырылсын» деген бап бар. Жергілікті бюджетте бақыр да жоқ, айлық пен зейнетақыны уағында бере алмай жатқан кез. Сонда көшіп келетіндер кім, көшіп кететіндер кім? Көшіп кететіндер неге республикалық қазынадан ақша алады? Сөйтсем, біреулер елден көшіп, қайта келуді бизнеске айналдырған екен. Сондықтан, Мәжіліске келіп түскен осы заң жобасымен жұмыс істеуден бас тартып және конституциялық құқығымды пайдаланып, балама заң жобасын жасап, ұсынуды ұйғардым. 

- Сонда сіз жасаған заң жобасының айырмашылығы неде?

- Біріншіден, Елбасының көші-қон жөніндегі саясатын қолдау. Ресейде көші-қон министрі бар, басқа мемлекеттерде арнайы уәкілетті органдар бар. Бізде Президентке ғана тікелей бағынатын өкілетті орган құруды талап еттік. Сонда ғана ұйым қаптаған басшыларға жалтақтамай, нақты көшіру жұмыстарымен айналысар еді. Екіншіден, репатрианттар мен босқындардың ара-жігін ажырату, сосын репатрианттарға қазақша атау беруді қолға алдық. Үшіншіден, ішкі миграцияға көңіл бөлдік, шеттен келген қандастарды кез келген жерге орналастырмай, әр өңірдің менталитетін, еңбек жағдайын және климатын назарға алуды ұсындық. Мәселен, Иран қазақтарын Солтүстік Қазақстанға апара алмайсың, олар суыққа төзе алмайды. Солтүстікке Моңғолия қазақтарын жіберуге болады деген секілді.

Ең бастысы, балама заңда көші-қонның құқықтық заң анықтамаларын жасау мен реттеуге баса назар аудардық. Көшіп келуші кім, көшіп кетуші кім, нақты көрсету қажет болды. Сол кездегі көші-қон саласының шешілмеген мәселелері шат-етектен еді. 1994 жылы көші-қонға 10 млн теңге бөлінсе, оның бір миллион теңгесі әрең түскен. 1995 жылы 25,5 млн теңге жоспарланып, 10 миллионы ғана берілген. Осындай ауыр жағдайлардан кейін сырттан көшіп келген ағайындар қиналып, елден қайта көшіп кетуге мәжбүр болған еді.

- Ол кезде жассыз. Жас депутатқа тұтас заң жобасын әзірлеп, оны қорғап шығу қиынға соқпады ма?

- «Көш қадірін жүрген білер» дегендей, қасыма шеттен келген ағайындарды жинадым, Парламенттегі жұмыс тобы құрамына Моңғолия мен Қытайдан келген Қайрат Бодауханұлы мен Алмас Ахметбекұлын енгіздім. Олар оралмандардың бетпе-бет келетін барлық мәселелерінен хабардар еді. Тек бұлар емес, өзге ағайындар да қолдан келген көмектерін аямады. Себебі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары барлық қазақ ерекше эйфория сезімімен жүрді. Бойымызда ұлт жолында, қазақ жолында риясыз еңбек етсек деген от ұшқыны болды. Өмірімде көрмеген, танымайтын адамдар да келіп, заң тұрғысында ақыл-кеңестерін айтып, қол ұшын созатын. «Жалғыздың үні шықпайтыны» белгілі ғой. Сондықтан маған көмек қолын созған заңгерлер де, ақылын айтқан ағалар да аз болған жоқ.

- Заң жобасын дайындауда қандай мәселелер кезікті?

- 1997 жылы 7 ақпанда заң жобасын талқылауды бастадық. Қазақ газеттері «Қоржында - қос жоба» деп толыққанды хабар таратты. Бірақ, «Біз қазақ тілін түсінбейміз» деген біржақты пікір де кездесті. Сенесіз бе, біздің осы заң жобасын талқылауымызға дейін Парламентте қазақ тілінен орысшаға бірде-бір ілеспе аударма жасалмапты, бірде-бір заң жобасы ілеспеге аударылмаған. Бұндай кедергілерге қоса, балама жоба екенін дәлелдейтін арнайы қорытындылар қажет болды. Оншақты ғылыми институттар екі жобаны бүге-шігесіне дейін талдап, біз ұсынған балама жобаның дұрыстығын дәлелдеп берді. Әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты институт та біздің жобамызды дұрыс деп тапты. Осылайша, 26 ақпанда балама жоба Парламент қарауына енгізілді. 14 мамыр күні Мәжілісте Үкімет пен біз ұсынған балама заң жобасы қатар қаралды.

- Парламентті «жылатқан» жиын осы ғой? Қалай өтті?

- Сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі алғашқы болып баяндамасын оқыды. Біздің ұсынған жобамызды «өздерінше атаған балама-сымақ» деп кекетіп өтті. Үкіметтік жобада тек қазақтың ғана емес барлық ұлттың жағдайы қарастырылғанын айтып, мені «ұлтшыл» деген сыңай танытты. Кезек маған келгенде, жазған баяндамамды ұмытып, мінберге атып шығыппын. Жаспын, қаным қызу. Еш қағазға қарамастан, атамекенге жете алмай жүрген қандастардың мұң-шері мен жан шырылын, іштегі бар ойымды ақтардым-ай келіп. Бір құдірет сөйлетіп ала жөнелгендей. Сәлден соң, залға қарасам Марат Оспанов көзінің жасын сүртіп отыр екен, өзге депуттар да солай. Сөйтсем өзімнің де көзім жасқа толған. Ақырында 67 депутаттың үшеуі қарсы болып, қалғаны келісім берді. Парламенттің жауабын сыртта күтіп тұрған қандастар қуанышты хабарды естіп, бір-бірімен көрісіп жылады.

- Осы кішігірім жеңістен кейін сізді Ресей мен АҚШ-қа арнайы шақырды деседі...

- Иә, Парламентаралық Ассамблея ғой. Көші-қон туралы балама заң жобасын модульді заң ретінде қабылдау туралы Санкт-Петербургтен шақырту келді. Ал Америкаға 1998 жылы Американың Қазақстандағы елшісі Элизабет Джонс демократ депутат ретінде мені алып елдің заңдарымен, заң шығармашылығымен танысуға шақырған еді. 

- Мұхит асып кеткен, америкалықтар асырап алған қазақ балаларымен жүздескен сәтіңіз де осы ғой?

- Иә, дәл осы сапарымда шетелдіктер асырап алған Арман, Серік (Сережа) деген балалармен жүздесіп, қазақша сөз үйретіп қайттым. Арманға «Сәлеметсіз бе?», «Рахмет» сөздерін жаттаттым, «Қош бол» сөзін үйреткім келмеді. Серікке «Ордабасы» сөзін үйреттім, не дегенмен бүкіл қазаққа киесі тиген, қазақтың басын біріктірген киелі жер ғой, көкейінде жүрсін деп ойлаған едім.

- Ол балалармен кейін байланысып тұрдыңыз ба?

- Өкінішке қарай, еш байланыс жоқ. Бірақ менің арым таза, сол сәтте Қазақстанның Америкадағы Елшілігіне балалардың мекенжайларын бердім, олар хабарласып тұрамыз деп уәде берген. Елшілік балалардың кейінгі тағдырына алаңдауы тиіс еді.

 Мұндайда айта кетейін, Шығыс Азия елдері қулық танытады екен, балаларын америкалықтарға асырауға береді, бірақ олармен тұрақты түрде, тығыз байланысып тұрады екен. Яғни, асыранды бала өзінің Атажұртын, елін, Отанын сезініп өседі. Сосын бала білім алып, ер жетіп, 18 жасқа толғанда, қай елдің азаматтығын аларын өзі таңдайды. Әрине, бала өз Отанына барғысы келетіні сөзсіз. Осылайша, дайын азамат пен дайын инвестиция тартады. Ал біз ондайды білмедік.

- Көші-қонға қайта оралсақ, аталған заң аясында нақты қандай нәтижелерге қол жеткізілді?

- Көші-қон заңы аясында еліміздегі көші-қон саласы бір жүйеге келтірілді. Көші-қон және демография жөніндегі агенттік құрылып, облыстарда көші-қон басқармалары құрылды. Квоталардың саны артып, алыс және жақын шетелдерден бір миллионнан астам қандас елге оралды. Олардың азаматтық алуына, баспана мен білім алуына жағдай жасалды. Әрине, өткен 20 жылда заңға талай өзгерістер енді. Көші-қон комитеті бірнеше мекеменің қол астына көшіп, соңғы жылдары Ішкі істер министрлігінде тұрақтады. Жақында ғана Қытайдан келген бір қандаспен сөйлесіп, көштің жай-күйін сұрадым. Бәрі жақсы екенін, халықтың еш кедергісіз көшіп келіп жатқанын айтты. Біздің де қалағанымыз - осы еді.

- Ауғанстан мен Пәкістандағы шиеленісті жерлерде тұратын қазақтарды арнайы ұшақпен алдырғандарыңыз рас па?

- Осыдан жиырма жыл бұрын Көші-қон агенттігінің төрағасының орынбасары Сейілбек Шауқаманов хабарласып, Ауғанстандағы соғыс жүріп жатқан жерден қашып, Пешаварда бас сауғалаған  қазақтардың халі қиын екенін жеткізді. Сол кездегі Премьер-министр Нұрлан Балғымбаевқа осы мәселе туралы депутаттық сауал жолдадым. Ол кісіге мың да бір рахмет, арнайы ұшақ бөлгізіп, 700 қазақты елімізге алдырды. Қазір олар Қазақстанда тұрып жатыр.

- Сіз ұсынған заң жобасына «оралман» сөзі алғаш рет көрініс тапқан болатын.  Дәл осы «оралман» сөзі «репатрианттың» сәтті аудармасы бола алды ма?

- Заң жобасын жасауда жұмыс тобымен бірлесіп, тарихи отанына оралушы «репатриант» сөзіне қазақша балама іздедік.Өзім«Алаш ағайын» сөзін ұсынып едім, қолдау таппады. Терминолог ғалымдар бірнеше атау ұсынды, олардың арасында «келшыған», «кетшыған» деген нұсқалар да болды. Дегенмен ең оңдысы «оралман» сөзі еді. Бұл сөзді нақты кім ұсынғанын білмеймін. «Орал» - оралушы болса, «ман» жұрнағы тілімізде баяғыдан бар: оқырман, тыңдарман, көрермен, ақылман т.б. «Ман» сөзі ағылшын, неміс тілдерінде адам деген мағынаны білдіреді. Бастапқыда осы сөзге де мін таққандар болды. «Оралма» деп кекетті, ұнатпағандар табылды. Менің ойымша, сәтті аударманы ел қабылдады, енді ол сөзден қашудың қажеті жоқ. Мәселе басқада болып тұр. Біреулер жиырма жыл бұрын елге келсе де, өздерін оралманбыз деп атайды. Бұл дұрыс емес. Оралман - шеттен келген қандастарға азаматтық алғанша уақытша берілетін статус. Азаматтық алған соң, олар сіз бен біз секілді тең құқылы Қазақстан азаматтарына айналады. Осыны ұмытпау керек.

- Қалай ойлайсыз, сырттан келген қандастар қазақ қоғамын жатсынбай, сіңіп кете алды ма?

- Әрине. Баһаргүл деген қарындасымыз бар, 1997 жылы Қытайдан келгенде өрімдей жас қыз еді. «Әкім аға, Қазақстан маған не береді деп келген жоқпын, мен Қазақстанға не беремін деп келдім. Не істеу керек?», деп менен кеңес сұрады.  «Айналайын, Баһаргүл! Англияға, Түркияға, Америкаға барғанда әдемі кәдесыйлармен шығарып салады. Ал Қазақстаннан кетіп бара жатқандарға беретін базарлық жоқ, Абай мен Жамбылдың бейнесі тоқылған кілемшелер беріледі. Абай мен Жамбыл біз үшін ұлттық құндылық шығар, бірақ шетелдіктер үшін ешкім емес. Олар кілемшені аяқтың астына тастайды. Сен осы қазақтың әдемі кәдесыйларын жасашы», дедім. Сол Баһаргүл бүгінде «Әдемі-ай» компаниясының басшысы, ЭКСПО-2017 көрмесі мен қысқы Универсиада ойындарына демеуші болды. «Көк тудың желбірегені» әнінің сөзін жазған Алмас Ахметбекұлына қараңыз, Қаржаубай Сартқожаұлы қандай мықты ғалым. Майра Мұхамедқызы халықтың мақтанышына айналды. Тілдік қорымызды байытқан қанша әдебиетшілер бар. Шеттен келген ағайынның арқасында ұмытылған дәстүрлеріміз оралды, өшкеніміз жанды, жоғалғанымыз табылды. Оларға үлкен қарыздармыз.

-Сұхбатыңызға рахмет! 

Фото facebook.com

Соңғы жаңалықтар