20 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2018 жылғы 20 сәуірге арналған күнтізбені ұсынады.

АТУЛЫ КҮНДЕР

Қытай тілі күні

2010 жылы ЮНЕСКО бекіткен. Бұл күн қытай жазуының негізін салушы, мифтік Хуан Ди императоры тұсында тарихшы болған Цан Цзеге арналған. Цан Цзе пиктограммалар жиынтығын ойлап тапқан, олар кейіннен иероглифтерге айналған.

Қытайдың жазба тілі әлемдегі көне әрі күрделі тілдердің бірі. Қытай тілінде шамамен 80 мың иеорглиф бар, күнделікті өмірде қытайлықтар 2000-3000 иероглиф қолданады. Қытай тілі ҚХР, Тайвань, Сингапурда мемлекеттік тіл болып саналады. Әлемде бұл тілде 1,3 млрд.-тан астам адам сөйлейді. Соның арқасында ол БҰҰ-да 6 ресми тілдің біріне айналды.


ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1930 жылы ОГПУ (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма) «үштігінің» шешімімен Алаш қозғалысының Мұхамеджан Тынышбаев бастаған 20-дан астам мүшесі жазаланды. Осы топпен бірге істі болған Мұхтар Әуезов, Уәлихан Омаров, Біләл Сүлеев, Әлімхан Ермеков алдын ала тергеу кезінде түрмеде отырған уақыты есепке алынып, босатылды.

1937  жылы Балқаш (Қарағанды облысы) қала мәртебесін алды. Қаланың құрылуы мен дамуына мыс кенінің табылуы ықпал еткен.

1973 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен Жезқазған облысы құрылды.

1991 жылы Атырауда әлемдегі ең терең кен орны Теңізден алғашқы өнеркәсіптік мұнай өндірілді.

1994 жылы 1992 жылы Ташкентте Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары қол қойған ТМД мемлекеттері ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты күшіне енді.

1995 жылы Түркияда Абай күндері өтті.

1996 жылы қоғамдық «Азамат» қозғалысы құрылды.

2000 жылы Ташкентте Қазақстанның, Өзбекстанның, Қырғызстанның және Тәжікстанның президенттері аймақтық қауіпсіздік мәселелері бойынша кездесу өткізді.

2002 жылы Қарағандыда журналистердің облыстық 1-ші форумы өтті. Форум жұмысына 140-тан астам адам қатысты.

2006 жылы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығында Қарағанды аймақтық бөлімшесі аумағында екінші молекулярлық-генетикалық зертхананың ашылуы өтті. Қарағанды зертханасы соттар мен құқық қорғау органдарының кісі өлтіруді, ауыр дене жарақаттарын, зорлауды, танылмаған және бөлшектенген мәйіттерді, балаларды ауыстыру, жоғалту, ұрлауды тергеу жүргізу кезінде теңдестірушілік мақсаттары үшін молекулярлы-генетикалық сараптамадағы қажеттіктерді қамтамасыз етеді.

2007 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ертіс», «Оңтүстік» және «Жетісу» атты үш әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияны құру туралы Жарлыққа қол қойды. Әлеуметтік кәіспкерлік корпорациялардың басты қызметі - инвестициялар тарта отырып, жергілікті жерлердегі жаңа жобаларды жүзеге асыру. Сөйтіп өңірдегі халықтың мұң-мұқтажын шешуге қол ұшын беру.

2010 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Менің Отаным - Қазақстан» сериясымен жарық көрген «Қазығұрт» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Кітапта Қазығұрт өңірінің арғы-бергі тарихи жүйелі жазылған. Қазығұрт тауына қатысты Нұқ пайғамбардың кемесі жайлы аңыздың мәлім әрі беймәлім сырлары да әсерлі баяндалған. Түрік қағанатының билеушісі Истеми, Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Александр Македонский, Тұман ханым, Абылай хан, Төле би сынды айтулы тарихи тұлғалардың өмірлеріне қатысты деректер Қазығұрт бойында өткен оқиғалармен ұштастыра суреттелген. Сонымен қатар ауданның таңғажайып табиғаты, жан-жануарлар әлемі, өсімдіктер дүниесі және әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани келбеті жайлы да нақты деректерді таба аласыз. Басылымдағы мәліметтер кез-келген азаматтың қажетіне жарары сөзсіз.

2011 жылы Мәскеудегі қазақ диаспорасы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебінде Кеңес Одағының батыры, даңқты  қолшбасшы Бауыржан Момышұлы туралы жазылған «Аңызға айналған батыр» атты кітаптың тұсаукесерін өткізді.

2012 жылы Павлодардағы ішкі істер департаментінің ғимаратында қызметтік парызын өтеу барысында қаза тапқан 9 ішкі істер және ішкі әскер қызметкерлеріне арналып ескерткіш орнатылды.

2015 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына барған сапарында Қарасай ауданының тарихи-өлкетану мұражайын аралады.  

Мұражай қорында 2 мыңнан астам жәдігер бар. Олардың 900-ге жуығы негізгі қорға, 1 мыңнан астамы қосымша қорға тиесілі.

1924 жылы Түркия Республикасының бірінші республикалық Конституциясы қабылданды.

1992 жылы22 жылдық үзілістен кейін Севильде (Испания) «ЭКСПО-92» бүкіләлемдік көрмесі ашылды.


ЕСІМДЕР

null 94 жыл бұрын (1924-1944) қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры  Әлия Нұрмұхамедқызы МОЛДАҒҰЛОВА дүниеге келді. 1925 жылы 20 сәуір күні (кейбір деректерде 25 қазан, 15 маусым) Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Бұлақ ауылында туған. Ата-анасы - Сарқұлов Нұрмұхаммед және Молдағұлова Маржан. Шын есімі Ілия, майдандас достары «Лия» деп атаған.

Бала кезінде анасынан айырылып (1933 ж.), кейіннен Алматыда ағасының қолында тұрған, ал 1935 жылдан бастап Ленинград, Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46 балалар үйінде тәрбиеленген. Ленинградтағы №9 орта мектепте оқыды. Оқудағы озаттығы және үлгілі тәртібі үшін Әлия Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері - Артекке жіберіледі. Артекте батырлар тақтасына Рубен Ибаррури, Тимур Фрунзе сияқты батырлармен қатар Әлия Молдағұлованың да суреті ілінген. Соғыс басталған соң балалар үйімен бірге Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Вятское орта мектебінен 7-сыныпты бітірісімен Рыбинск авиациялық техникумына түседі, бірақ көп ұзамай (1942) ЖШҚӘ-ға (Жұмысшы-Шаруа Қызыл Әскері) майданға жіберу туралы өтініш жібереді.

1943 жылы Снайперлер дайындау жөніндегі әйелдер мектебін аяқтайды. 1943 жылдан бастап 54-арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-әскер, 2-Балтық жағалауы фронты). Жау әскерінің 30-дан аса сарбазы мен офицерінің көзін жойған. 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты. Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 жылы 4 маусымда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды. Новосокольники ауданының Монакова ауылында жерленген. Әлия есімімен көшелер, ондаған мектептер (Мәскеудегі № 891 орта мектебі, Шымкенттегі № 29 орта мектебі, Новосокольники № 72 орта мектебі, Оралдағы № 38 орта мектебі), Әскери-теңіз флотының кемелері, Каспий жүк таситын теплоходы аталған. Ақтөбе, Астана, Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург , Новосокольники қалаларында ескерткіштер орнатылған. Ақтөбеде облыстық мемориалды музей жұмыс жасайды.

67 жыл бұрын (1951) Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты ХВАН Вадим Терентьевич дүниеге келді.

Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған. И.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітірген. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Көркем академиясының корреспондент мүшесі, профессор А.Жуканың шеберханасынан дәріс алған. Ол Алматы қаласындағы «Арасан» емдеу-сауықтыру кешенінің авторы (сәулетшілер Мұрат Оспанов, Көпсекбай Төлебаевтармен бірлесіп). «Қазақстан» қонақ үйінің жобасын жасауға қатысқан.  

null 66 жыл бұрын (1952) суретші-әрлеуші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Бүкілодақтық жаңғырту ғылыми-зерттеу институтының (Мәскеу) түлегі  Қырым АЛТЫНБЕКОВ дүниеге келді. Ғылыми-жаңғырту зертханасының директоры. Қазақстанда, Ресейде және Францияда ежелгі қорғандарды қазуға қатысты. Ағаштан жасалған қолданбалы өнер заттарын жаңғырту жөніндегі кітаптардың авторларының бірі, осы проблема бойынша халықаралық конференцияларға қатысқан.

Ол 1 мыңнан  астам ежелгі тарих және мәдениет ескерткіштерін қалпына келтірді, «Алтын адамны» (Алматы облысы) неғұрлым дәл жаңғырту жөніндегі жұмыстарға қатысты, ежелгі сармат көрсемінің қару-жарақтары мен берел көсемінің аттарының әсем безендірілуі сияқты бірегей жұмыстарды атқарды.

null 65 жыл бұрын (1953) философия ғылымының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының корреспондент-мүшесі, Шымкент қаласының құрметті азаматы, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Пердебекұлы МЕЛДЕХАНОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ химия-технология институтын, Ташкент мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын «Шымкентқұрылыс» тресінен бастаған. 1989-1992 жылдары - «Шипагер» фирмасының президенті. 1992-1998 жылдары - «Қазфармбиоөнеркәсіп» мемлекеттік концерні, «Фармбиоөнеркәсіп» акционерлік қоғамы бас директорының бірінші орынбасары, бас директоры. 1993-1996 жылдары - Шымкент химия-фармацевтика зауытының директоры. 1998-2000 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы. 2000 жылдан «Оңтүстікмаш-К» біріккен кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қадағалау кеңесінің төрағасы болған.

«Құрмет» орденімен, медальмен марапатталған.

null 63 жыл бұрын (1954) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тортай СӘДУАҚАС дүниеге келді.

Ақмола облысында туған. Қарағанды университетінің филология факультетін бітірген. 1979-1995 жылдары «Жазушы» баспасында редактор болған. Ақынның «Тұңғыш», «Жартастағы жаңғырық», «Жұмбақтас», «Биші қайыңдар», «Айнакөл айшықтары» жыр жинақтары, «Наурызбай би және туған өлке тарихы», «Ел мен жер» атты тарихи-танымдық кітаптары жарық көрген. Көркем аударма саласында шет ел жазушылары И.Франко, И.Драч, Я.Колас, Мен До Нук, Г.Блэнаур, Дж.Катичтың және моңғол ақындарының шығармаларын, сондай-ақ Ю.Поройковтың «Қас қағым сәт» атты кітабын тәржімалап, қазақ оқырмандарына ұсынды. 

null 56 жыл бұрын (1962) Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әли БЕКТАЕВ Әбдікәрімұлы дүниеге келді. 

1962 жылы 20 сәуірде туған. Білімі жоғары. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын бітірген. Инженер-механик, саясаттанушы. Экономика ғылымдарының кандидаты. Оңтүстік Қазақстан облысы Леңгір ауданы, С. Сейфуллин атындағы ұжымшардың бас инженері, Қазақстан Компартиясы Сайрам аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, Сайрам ауданындағы Фрунзе атындағы кеңшардың партия комитетінің хатшысы, Қазығұрт аудандық әкімшілігі басшысының орынбасары, облыс әкімшілігінің Жастар ісі, спорт және туризм басқармасының басшысы, Оңтүстік Қазақстан облысының Сыртқы экономикалық байланыстар және инвестициялар басқармасының басшысы, облыстық мемлекеттік қызмет департаментінің директоры, Қазығұрт ауданының, Түркістан қаласының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып қызмет істеген.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

null 55 жыл бұрын (1963) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қытайтанушы Дүкен МӘСІМХАН дүниеге келді.

Қытай Халық Республикасында туған. Бейжің орталық ұлттық университетін бітірген. 1993-2002 жылдары - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі. 2002 жылдан Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті қызметтерін атқарады. Ақынның «Жүрекке саяхат», «Семсер суы», «Көкпар» жыр жинақтары, «Жыр-жебе» монографиясы, «Сарап» ғылыми мақалалар жинағы жарық көрген. 






null 37 жыл
бұрын (1981) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі VI шақырылымының депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі ИМАШЕВА Снежанна Валерьевна дүниеге келді.

Ол Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданы Бекей ауылында туған. 2001 жылы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген.

2001.08-2001.09 - «Тұран Әлем Банкі» ААҚ-ның Ақсай филиалында бөлшек кредиттеу маманы; 2001.10 - 2003.07 - нотариустың көмекшісі; 2003.08 - 2005.04 - «Жайық Холдинг» ЖШС-ның заң кеңесшісі; 2005.05 - 2011.09 - «Ақсайэнерго» ЖШС-ның заң кеңесшісі, өткізу бөлімінің бастығы; 2011.09 - 2016.03 - «Батыс Энергоресурстары» ЖШС-ның бас директоры;

2016 жылдың 24 наурызынан бастап - алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

Отбасын құрған, екі баласы бар.

null 37 жыл бұрын (1981) «ҚазАгроФинанс» АҚ басқарма төрағасы ІЗБАСТИН Қаныш Теміртайұлы дүниеге келді.

Ол Ресей СІМ Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын, Орталық Азия университетін тәмамдаған. 

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жүйесінде түрлі лауазымдарда жұмыс атқарған. 2007 жылдың қаңтарынан бастап сәуіріне дейін - «БРК-Лизинг» АҚ Басқарушы директоры, 2007 жылдың сәуірінен 2008 жылдың сәуіріне дейін - «БРК-Лизинг» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, 2008 жылдың сәуірінен 2012 жылдың мамырына дейін «БРК-Лизинг» АҚ басқарма төрағасы, 2012 жылдың мамырынан бастап 2012 жылдың қарашасына дейін «КазЭкспортГарант» экспорт-несиелеу сақтандыру корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы, 2013 жылдың қаңтарынан бастап 2015 жылдың қыркүйегіне дейін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарушы директоры болған.

Қазіргі қызметінде - 2015 жылдың қыркүйегінен бастап.


null 34 жыл
 бұрын (1984)  Таэквондодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері (2002), таэквондодан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері (2008) ЧИЛМАНОВ Арман Константинович дүниеге келді.

Қарағанды облысының Теміртау қаласында туған. Атырау мұнай-газ институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген. 2002 жылдан бастап қазірге дейін Атырау облысының Балалалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерві мектебінің спортшы-нұсқаушысы. Таэквондодан 5 дүркін ҚР чемпионы (2000-2005); Иран (Тегеран, 2004), Германия (Бонн, 2005) халықаралық турнирлерінің, ҚР халықтары спартакиадасының (Шымкент, 2001), Каспий маңы елдері универсиадасының (Атырау, 2003) жеңімпазы,  Азия чемпионатының (Амман, 2002), Азия ойындарының  (Пусан, 2002), әлем чемпионатының (Қытай, 2007; Дания, 2009), XXIX Олимпиада ойындарының (Пекин, 2008) қола жүлдегері. «Құрмет» орденінің иегері (2008).

Соңғы жаңалықтар