20 күндік сапарға шыққан байкерлер Астанаға аялдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 10 маусымда Атырауда басталған экспедиция-мотожарысқа қатысушылар Астанаға келді. Олар 20 күн ішінде Қазақстанның 18 қаласын аралайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жалпы ұзындығы 8500 шақырымға созылған жол барысында мотошабандоздар Атырау, Орал, Ақтөбе, Қостанай, Көкшетау, Астана және т.б. қалаларды басып өтеді.

Мотожарыс «Менің елім - моя страна» жобасы аясында «Қазақстан-2050» жалпы ұлттық қозғалысының қолдауымен ұйымдастырылды. Маңызды шара «Туған жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асуда әрі «Жергілікті туризм» базалық жобасы арқылы туған жерді танып, білуге, туристік бағыттар арқылы өлкетану ақпараттарын жинау мақсатында өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің сайты .

Жарыс қорытындысы бойынша «Тарихи естеліктерді аралап шыққан ең танымал ТОП-25» рейтингісі құрылады. Аталған жұмыс Мемлекет басшысының «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» мақаласына негізделген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылуда. Осындай жобалар арқылы жалпы ұлттық патриотизмді қалыптастыру көзделіп отыр.

Экспедиция қатысушылары алғашқы мотожарыс 2014 жылы өткізілгенін айтады. Мақсаты - Қазақстанның тарихи орындарын аралауға мүмкіндік беретін бағыттарды құру.  Шара экологиялық, танымдық, тарихи және Қазақстанныңэкстремалды туризмін дамытуға үлес қосу бағытында қолға алынуда. Экспедиция қорытындысы бойынша басқа да барлық ниет білдірушілер мотожарыс аясында сынаудан өткен бағыттармен таныса алады.

- Бұл елді біріктіретін, экстремалды туризмге қызығатын достардың басын қосатын жоба. Біз осымен төртінші рет қатысып жатырмыз, алғашында бағыт-бағдарымызды білмейтінбіз, ал қазір әр қалада достарымыз бар. Мейірбандылыққа толы, ерекше акцияға айналып келеді, - деді «Wheels brothers» мотоклубының президенті Олег Шмаль.

Соңғы жаңалықтар