2-сынып оқушысы «Зейнеткерлік туралы» заңнан не білуі керек
Кітап «Алматыкітап баспасы» ЖШС-нан шыққан. Авторлары Ботагүл Тұрғынбаева мен Зубайда Мүфтибекова. Редакторы Ә.Б.Орынбаева деп көрсетілген.
Кітаптың 96-шы бетіндегі тапсырмада 2-сынып оқушысына «Зейнеткерлік туралы заңнан не білемін?» тақырыбында білетініңді тізбелеп жаз» деген тапсырма берілген. Енді мұндай тапсырмаға оқушылар түгілі ата-аналардың өздері аң-таң.
«2-сынып оқушысы «Зейнеткерлік туралы» заңнан не біледі? Жалпы, 2-сынып оқушысы заң туралы нені білуі қажет? Бұл тапсырманы әрине балалар үлкендерге ғана орындата алады, әйтпесе, мектептің 2-сыныбына жаңа барған оқушы ешқандай заңды білмейді. Тапсырмасы дұрыс емес. Оқушыны былай қойыңыз ол заңды көпшілік ата-ананың өздері де жарытып біле бермейді емес пе?!», - дейді кітаптың суретін қоса жіберген астаналық ата-аналар.
«ҚазАқпарат» тілшісі кітап авторлары мен «Алматы кітап» баспасына, сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігінің тиісті мамандарына ресми сауал жолдайды.