1916 жылғы көтеріліске 100 жыл: Кенесары бастаған қозғалыстан кейінгі қазақ ұлтының тарихи бірігуі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кенесары Қасымұлы басшылық еткен ұлт-азаттық қозғалыстан кейін 1916 жылғы көтеріліс бірінші рет кең-байтақ өлкенің барлық аймағын қамтыды. Тарихшылар «бұл ұлт-азаттық көтеріліс - қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы қасиетті де, қасіретті бүкіл күресінің қорытындысы» деп тұжырым жасағаны анық. Отарлық қамытына шыдай алмаған ер мен елдің қолына қару алып, бас көтергеніне биыл, тура 100 жыл толып отыр...

Бодандық «қамыты»

Ресей қазақтың ата қонысын мемлекет меншігі деп жариялап, шұрайлы шабындығы мен құнарлы егіндігінен айырды. Ол жерге өкімет жиі толқулар ошағы болған сырт аймақтардан екі жарым миллионға жуық орыс, украин және басқаларды қоныстандырды. Бұған қоса, казачествоны да жарылқады. Отарлаушылар қазақ халқының жері мен табиғи байлығының айтарлықтай бөлігіне иелік етіп қана қойған жоқ, олар қазақтарды рухани жағынан да отарлауға тырысты. Бұл жөнінде Міржақып Дулатов «...чиновниктер біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдеп-ғұрыптарымызға, біздің молдаларға ғана тиісті неке мәселелеріне араласа бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды», - деп ашынып жазады.

1914 жылы бірінші дүниежүзілік соғыстың өршуі жығылғанға жұдырықтай болды. Халқымыздың жағдайын бұрынғыдан да ауырлата түсті. Шаруашылық күйзеліп, егіс көлемі азайып, оның өнімі күрт төмендеді, мал басы кеміді. Соғыс қисапсыз көп шикізатты, азық-түлікті, малды және басқа да материалдық игілікті жалмай берді. Жергілікті халықтан алынатын салық 3-4 есе көбейді. Уақыт өткен сайын соғысқа байланысты қанау, тонау саясаты күшейе түсті. Қазақтардан, бірінші кезекте Сырдария және Жетісу облыстарында жерлерін жаппай тартып алу жалғастырылды. 1916 жылдың ортасына қарай патша өкіметінің қазақ халқынан тартып алған жерінің жалпы көлемі 45 миллион десятинаға теңелді. Соғыс жылдары тек Түркістаннан майдандағы әскерлердің қажеті үшін 40, 899, 044 пұт мақта, 38 мың шаршы метр киіз, 3 млн пұт мақта майы, 229 мың пұт сабын, 300 мың пұт ет, 473,928 пұт балық, 70 мың жылқы, 12797 түйе күштеп алынып, майдан аймақтарына жіберілді. Қазақ шаруаларын кәсіпорындарға, шаруашылықтарына жалдап жұмыс істету күшейді. Дүниежүзілік империалистік соғыс елде өнеркәсіптің қирауына, ауыл шаруашылығының тоқырауына, халық арасындағы аштыққа алып келді. Қоғамда бөлінушілік, рушылдық пайда болды.

Соғыс ауыртпалығы мен жергілікті халықтың құқығының жоқтығы ыза мен кек тудырды. Жұмысшылар мен шаруалар қозғалысы өршіді. Мәселен, 1915 жылы маусым айында Екібастұз, Байқоңыр көмір кендерінде, Спасск мыс кен руднигінде, Орынбор-Ташкент темір жолында жұмысшылардың қозғалысы бой көтерді. 1916 жылы Верный, Семей қалаларында кедейлер мен майданға кеткен солдаттардың әйелдері ереуілге шықты.

Алғашқы жалпыхалықтық қарсылық

Қазақстанның, Орталық Азияның және ішінара Сібірдің 19 және 43 жасқа дейінгі «бұратана» ер азаматтарын майданға тыл жұмысына алу жөніндегі патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы халықтың шыдамын тауысты. «Құланның қашуына - мылтықтың басуы» дөп келіп, олар отарлық езгіге ашық қарсылық көрсетті. Өйтпегенде ше, жарлықта «әскерге шақыру» емес, бейнебір малды жинап, жөнелту туралы айтылғандай әсер қалдырады. Патшалық биліктің пәрменіне қараңыз, Түркістан мен Дала өлкесінен майданға окоп қазуға 400 мың, соның ішінде қазақтар мекендеген облыстардан 240 мың адам жіберу көзделген. Егер өлкедегі қазақ шаруашылықтарының саны 700 мыңнан сәл асатынын ескерсек, әрбір үшінші шаруашылық қызметкерінен айырылады екен. Сонымен бірге осыншама жұмысшы қолын әкету ұлттық ауқымдағы сұмдық апатқа айналатын еді.

Ал, науқаншыл жандайшаптар жарлықты жүзеге асыра бастағанда қоғамда парақорлық жайлады. Қазақтардың тууы туралы куәлігінің жоғын пайдаланып, жаңадан күш тапқан жергілікті биліктегі пысықайлар жастары үлкейіп кеткен кедей жігіттерді де майданға жұмысқа алынатын «қара тізімге» қосты. Ал болыс басқарушылар, ауыл старшындары, патша әкімшілігінің өкілдері ауқаттылардан пара алып, балаларының жасын өз бетінше үлкейтіп немесе кішірейтіп көрсетіп, әскерге жібермеудің бар амалын жасады. Мәселен, 60 жастағы кедей шалдары 30 жаста болып, 25-30 жастағы бай балаларды 50 жастағы болып жазылды.

Жарлықтың қатаңдығы және оның жергілікті жерлерде әділетсіз әдістермен іске асуы еңбекке сүйенген елді түңілдіріп жіберді. Қиянатқа төзе алмады. Сойыл, кетпен, шалғы, мылтық, қылыш... қолына түскенімен қаруланып, байлардың ауылдарын өртеп, малдарын әкетуді жиілетті. Ал шенеуніктерді «адам бермейміз!» деп соққыға жықты.

Бықсыған шоқты үрлей берсе, тұтанып, ұшқыны жан-жаққа шашырап, алаулаған өртке айналады емес пе, сол сияқты стихиялық қозғалыс бірте-бірте ұйымдасқан сипат алып, қарулы көтеріліске ұласты. Оның ірі ошақтары пайда болды. Торғай даласында қазақ жастарын Әліби Жангелдин мен Амангелді Иманов, Орал облысы мен Бөкей ордасында Сейітқали Мендешев, Әбдірахман Әйтиев, Маңғыстауда - Жалау Мыңбаев, Ақтөбе даласында - Әділбек Майкөтев, Жетісуда - Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Тұрар Рысқұлов және басқалар басқарды.

Кенесары Қасымұлы басшылық еткен ұлт-азаттық қозғалыстан кейін 1916 жылғы көтеріліс бірінші рет кең-байтақ өлкенің барлық аймағын қамтыды. Тағы бір ерекшелік, бірқатар аудандарда қазақтармен қатар қырғыз, ұйғыр, өзбек және басқа да ұлттардың өкілдері қатысты. Көтерілістің қозғаушы күші - қазақ ауылының еңбекші шаруалары, оған ішінара жұмысшы тобы өкілдері, байлар да, билер де, молдалар да, болыс басшылары да, зиялы қауымның әр түрлі топтары да белсене араласты. Көтеріліс ең алдымен отаршыл жүйеге қарсы бағытталды да, қазақ халқының ұлттық және саяси тәуелсіздігін көздеді. Ал оның әлеуметтік мәні - өз билеушілеріне қарсы күрес екінші кезекке ысырылды. Қазақстан мен Орталық Азиядағы 1916 жылғы ұлт-азаттық сипат алған көтеріліс тұтас алғанда Ресей империясындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың одан әрі асқына түсуіне себепші болды...

 

Патшалы Ресейдің қорқынышы... 

Ғылыми зерттеулер мен тарих оқулықтарында көтерілістің барысы мен оны жазалаушы күштердің басып-жаншығаны жан-жақты жазылған, сондықтан оған кеңірек тоқталмаймыз. Айта кетерлігі, Алман-Австрия майданында жеңіліске ұшыраған шақта бұрқ ете түскен Түркістандағы бұл ұлт-азаттық күрестен Ресей қатты қорықты. Түркістандағы көтерілісті басып-жаншу ісі өкімет үшін мәселеге айналды. Жағдайдың шиеленісуіне байланысты 1916 жылғы 20 шілдеде генерал Куропаткин Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы болып тағайындалды. Ол «Қандай амалды болса да қолданудан тайынбай, көтерілісшілерді бағындыруға», «Лаң салушыларға қарсы күресу үшін байырғы халықтың рулық немесе тайпалық араздығын» пайдалануға бұйрық берді.

Қозғалысқа қатыспаған бұқара халық үшін демократ болып көрінгенімен генерал көтірілісшілерді аяусыз жазалады. Куропаткин Патшаға ұсынған есепті баяндамасында көтеріліске қатысты берген мәліметінде: «Ресми мәліметке қарағанда 1916 жылғы көтеріліс кезінде орыстар 3709 адамынан айырылған. Бұлардың 2325-і өлтірілген, 138-і хабар-ошарсыз кеткен. Жоғары шенді қызметкерлерден 7, жергілікті қызметкерлерден 22 ресми тұлға өлтірілген. Көтерілісті басу үшін 14,5 батальон, 33 жүздік, 42 зеңбірек, 69 пулеметтен тұратын әскери күш қолданылды», - делінген.

Сонымен бірге, Куропаткин көтеріліс ауқымды, салдары үлкен болғандықтан оны басу үшін ерекше шаралар қолданғанын жазады. Сотсыз және тергеусіз атылғандарды есептемегенде, Түркістан өлкесінде 1917 жылдың 1 ақпанына дейін 347 адам өлім жазасына кесілді, 168 адам жер аударылды, 357 адам абақтыға жабылды. Патша өкімет орындары қудалаған 300 мың қазақ пен қырғыз немесе Жетісудың байырғы тұрғындарының төрттен бірі Қытайға қашуға мәжбүр болды.

 

ҚАЗАҚ САТҚЫН ЕМЕС

1916 жылы қазақ интеллигенциясының көсемдері, яғни ұлт-азаттық қозғалысты бастаушылар халық көтерілісіне қалай қарады?

Олар патшаға қарсы қарулы көтерілісті жақтаған жоқ. Өйткені, құр қол халық патшаның талай жыл үйретілген, мұздай қаруланған әскеріне қарсылық көрсете алмай, тағы да қырғынға ұшырайтынын сезді. Соғыс Ресей үшін жеңіспен біткен жағдайда қазақтардың хал-күйі жеңілдеп, ұлттық автономия құрылатынына үміт артты. Бірақ оларға тасқыны тау суындай дүркіреген стихияны - халық көтерілісін тоқтату мүмкін болмады. «Қазақ» газетінің ашық көтерілу қауіпті, одан да мобилизацияны кешеуілдетуді ұсынайық, жеңілдіктер сұрайық, ол екі ортада патша да бір жайлы болар деген сияқты шақырулары халықтың құлағына кіре қоймады.

Бір сөзбен айтқанда, стихиялық халық көтерілісінен ұлт-азаттық қозғалыстың көсемдері бөлініп қалды. Олардың уәжі орынды болғанын тарих дәлелдеді. Қазақ халқы тағы бір қырғынды басынан өткізді, ал 1917 жылы 27 ақпанда бас-аяғы бірнеше айдан кейін патша да тағынан құлады. Осындай жағдайды ескермей, кейінгі зерттеушілер тарапынан болашақ «Алаш» партиясының өкілдері 1916 жылы патшаны жақтады, тіпті көтерілісті басып, жанышты деген ұшқары жалған сөздер айтылды. Алашордалықтардың көтеріліс кезіндегі тактикасын түсінбеді.

Ал көтеріліс басылып, қазақ жігіттері майдандарға окоп қазуға жіберіле бастаған кезде, оларға бас-көз болып, кейін аман-есен оларды ауылға жеткізу қажет болған жағдайда Әлихан Бөкейхановтың өзі бастаған қазақ зиялылары бірге майданға атанды. Мұны нағыз патриотизм деп түсіну керек. Өйтпегенде, сауатсыз, орыс тілін түсінбейтін көптеген қазақ жігіттерінің елге оралуы екіталай еді.

Алаш қайраткері Міржақып Дулатов 1929 жылғы 7 қаңтарда ОГПУ тергеушісіне берген жауабында былай деп мәлімдеді: «1916 жыл келді. 19-43 жасқа дейінгі қазақ халқын тыл жұмыстарына реквизициялау туралы 25 маусымдағы патша жарлығы кенеттен жарияланды. Қазақ халқы толқыды... Далаға зеңбіректері мен пулеметтері бар жазалау отрядтары ағылды. Губернаторлар жер-жерге барды, түрмелер батыл адамдарға лық толды. Ақтөбеге келген Торғай вице-губернаторы... тура былай деді: «Бірде-бір қазақ тірі қалмаса да патша жарлығы орындалады».

Осының бәрін, ал ең бастысы - қазақ халқының дәрменсіздігін, қорғансыздығын көрген біз халыққа өкімет орындарына қарсыласпауға кеңес бермекші болып ұйғардық, өйткені шайқастың тең болмайтынына, қазақ даласы қанға бөгетініне, қазақ халқы орны толмас қасіретке ұшырайтынына сенген едік, кейбір жолдастар қазір ұлттық қазақ зиялылары сол кезде көтеріліске басшылық ете алмады деп жүрді, бірлесе әрекет етіп, патша өкіметінің ізіне еріп кетті және т.б. деседі. Менің ойымша, сол кездегі мән-жаймен, шын жағдаймен жақсы таныс болған адам мұны айтпас еді.

Жеке-жеке бұрқ еткен толқулар көп ұзамай қарудың күшімен басып-жанышталып, жұмысшыларды реквизициялау мен майданға жөнелту басталды. Сол кезде «Қазақ» газетінің редакциясы тыл жұмыстарына жөнелтілген қазақтардың мұқтаждарына қызмет көрсетуге ұйғарды және осы мақсатпен барлық қазақ зиялыларына реквизицияланғандар жұмыс істейтін майдандарға өз еркімен барып, оларда бұратаналар бөлімін құруға шақырды. Зиялылар (көпшілік бөлігі халық мұғалімдері) бұған үн қосты және көп кешікпей Минскіде земство одағының жанынан бұратаналар бөлімі құрылды. Мен Минскіге бәрінен кейінірек аттанып кеттім...».

Дегенмен, қазақ зиялыларының позициясын айта отырып, біз көтерілісшілерді айыптаудан аулақпыз. Өйткені, олардың да жүрегіне елді, жерді қорғау, ұлттық азаттық алу деп аталатын миссия бекіген. Тек бостандық жолындағы күресте қарулы қарсылық жолын таңдады. Бұл да бекерден-бекер болмаған деп есептейміз. Әйгілі британдық тарихшы Арнольд Тойнби айтқандай: «Тарих - Құдайдың жердегі бағдарламасы». Егер адамның қолынан келер дүние болса, алашордашылар көтеріліске жол бермес еді. Өйткені, «бағдарламада» бәрі басқаша өлшеніп, жазылып қойған-ды. Сондықтан, мәселе мынада: тарих сахнасында адамдар өз рөлін қандай пейілмен ойнап шықты деген сауалды бірінші қойса, орынды болар еді. Сол пейіл бізді тәуелсіздікке жеткізгенін білсек, мәселеге бір жақты қарамас едік... 

Соңғы жаңалықтар