16 ақпанда Таразда Тоқмәди ісі бойынша сот процесі басталады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда «Депутаттық корпус» ұйымдасқан қылмыстық тобының серкесі, бизнесмен Мұратхан Тоқмәдиге қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдалымы болады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өкілдерінің айтуынша, бірінші отырыста соттың құрамы жарияланды, ал тараптар оған қарсылық білдірген жоқ.

Айыпталушылардың алқабилер соты процесіне қатысу жайлы өтініші қабылданбады. Бұдан тыс, қорғау сотталушыны да, адвокатты да фото және видеожазбаға түсіруге тыйым салуға өтініш берді. Сот оны назарға алды.

Банкир Тәтішевтің өліміне қатысты іс бойынша басты сот отырысы 16 ақпанға белгіленді. Қылмыстық істің көлемі 79 томды құрайды. Процеске судья Азамат Тілепов төрағалық етеді.

Еске сала кетейік, 2004 жылы М. Тоқмәди банкир Ержан Тәтішевтің өліміне күдікті болған. Сол кезде Тараз қалалық соты сол жайтты «абайсызда қазаға ұшырату» бабымен тіркеп, бір жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен еді. Бірақ кейіннен ол түрмеден рақымшылықпен шықты. 2017 жылғы қазанда Алматы қаласының Алмалы аудандық соты М. Тоқмәдиді бопсалағаны және заңсыз қару-жарақ сақтағаны үшін үш жылға жапты.

2017 жылы шілдеде Бас прокуратура Жамбыл облыстық сотының қаулысына сәйкес, банкир Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты қайта ашылған жағдаяттар бойынша тергеп-тексеру жүргізді. Қазан айында процессуалдық прокурор М. Тоқмәдиге оқылған үкімді болдырмау және қылмыстық іс бойынша сот өндірісін қайта бастау туралы өтініш берді.  2017 жылғы қазанда телеарнаға берген сұхбатында М. Тоқмәди банкирді Жамбыл облысы Қордай ауданының Отар станциясының маңында аң аулап жүргенде өлтіргенін мойындап, қылмыс қашқын олигарх Мұхтар Әблязовтің тапсырмасымен жасалғанын айтты. Бұдан тыс, жемқорлық фактісін мойындау - ҚР ІІМ жедел тергеу тобының басшысы Ержан Артықбаевқа ақшалай сыйақы берілгені туралы да айтылды.

М. Тоқмәдиге ҚР 1997 жылғы Қылмыстық кодексінің 96-бабының 2-бөлігіндегі «ж», «з» («адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған; пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен не бандитизммен ұштасқан адам өлтіру») тармақшаларымен көзделген қылмысты жасады деген айып тағылған.

Соңғы жаңалықтар