Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
Астана: 17 °С
Алматы: 20 °С
USD 326.17 EUR 401.25
RUB 5.31 CNY 51.84
Жаңалықтар

15 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

2018 жылғы 15 сәуір 06:40 635
Бөлісіңіз:
 15 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

АСТАНА.15 сәуір. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2018 жылғы 15 сәуірге арналған күнтізбені ұсынады.

Ұқсас жаңалықтар
16 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 10 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстанда ғашықтар күні. 2011 жылы қаңтарда Алматы қалалық мәдениет басқармасы, жастар саясаты басқармасы және әкімдіктің баспасөз қызметі шаралар жоспарына «Ұлттық ғашықтар күнін» енгізді. Бұл құжатқа сәйкес Ұлттық ғашықтар күні 15 сәуірде аталып өтілетін болып белгіленді. Мереке 13-14 ғасырлардағы қазақ эпосының кейіпкерлері - Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың махаббатына арналған.

Халықаралық мәдениет күні. 1935 жылдың 15 сәуірінде көркем және ғылыми мекемелер мен тарихи ескерткіштерді қорғау туралы халықаралық келісім - Рерих Пахтісінің қабылдануына орай құрылды. 15 сәуір күні Халықаралық мәдениет күнін белгілеу туралы ұсынысты 1998 жылы Мәдениетті қорғау халықаралық лигасы жасады. Бұл - 1996 жылы Халықаралық Рерих орталығымен құрылған қоғамдық ұйым.

Дүниежүзілік өнер күні. Халықаралық өнер қауымдастығымен (IAA) құрылып, алғаш рет 2012 жылы атап өтілді.

Бейнелеу өнерінің барлық түрлеріне арналған халықаралық күнді атап өту идеясы алғаш рет Мексиканың Гвадалахара қаласында өткен Халықаралық өнер қауымдастығының 17-ші Бас ассамблеясында айтылды. Оны Түркия өкілі ұсынып, Франция, Қытай, Кипр, Швеция, Жапония, Словакия, Маврикия және Норвегия елдерінің делегаттары қолдады. 15 сәуірдің таңдалу себебі - 1452 жылы дәл осы күні атақты италиялық суретші Леонардо да Винчи дүниеге келген. 

Экологиялық білім күні. Әдетте әр елдегі ұлттық табиғатты қорғау ұйымдарының бастамасымен атап өтіледі. Бұл мерекенің тарихы 1992 жылы, БҰҰ-ның Рио-де-Жанейро қаласында Қоршаған орта проблемаларын талқылау бойынша конференциясы өткен кезден бастау алады.

Экологиялық білім күнін өткізудің негізгі мақсаты - экологиялық білімді алға жылжытып, Жер шары тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыру, жас ұрпақтың бойында табиғат және оның қорларына құрмет сезімін тәрбиелеу.

 

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1925 жылы Қызылордада Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің V съезі басталды. Съезде Ахмет Байтұрсынұлының халыққа өзінің тарихи «қазақ» атын қайтару жөніндегі ұсынысы қаралып, қолдау тапты. «Қырғыз басқа, қазақ басқа екенін қазақ баласы тегіс білсе де бұл күнге шейін ештеңе демей, тымақтары салпиып келеді. Оны өткен замандардың ағымдары көтерсе де, қазіргі күнде ұлт атын жасыруды, ұлт тарихы ондай жаңсақтықты көтермейді», деп сөйлеген. Сонымен, Ахмет Байтұрсынұлының ұлт алдындағы тағы бір ұлы еңбегі - қазақты қайтадан қазақ атандырып бергені.

1946 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Ақтөбе қаласына көшірілген поляк балаларына арнап ашылған балалар үйі, осында тәрбие алып жатқан 117 жасөспірімнің өз отанына қайтарылуына байланысты жабылды.

1966 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің №256 қаулысымен Атырау қаласында Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония ашылды.

Филармонияның шығармашылық ұжымы гастрольдермен республикамыздың барлық облыстарында, сондай-ақ Ресей, Монғолия, Өзбекстан, Түркіменстан елдерінде болған.

1991 жылы Лондонда Еуропалық қайта құру және даму банкінің ресми ашылуы өтті.

1993 жылы Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігінде Елшілігі ашылды.

2005 жылы Лондонда Қазақстан Республикасы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ның Ұлыбританиядағы өкілдігі ресми ашылды.

2006 жылы Түркия Республикасының беделді азаматтық ұйымдарының бірі Түркия жазушылар және өнер қайраткерлер қоғамы (ТҮРКСАВ) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты 2005 жылғы «Түркі әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін» сыйлығымен марапаттады.

2008 жылы тарихта алғаш рет «Шоқан Уәлиханов» атындағы қазақстандық яхта Атлант мұхитын жүзіп өтті.

Яхта командасы үш апта ішінде Атлант мұхиты арқылы жер шарын шарлап шықты. Қазақстандықтар мұхит арқылы өтуді 2008 жылғы наурыздың 25-інде Канар аралдарынан бастады. Орталық Азия Жағрафия қоғамының кеңсесіне сәуірдің 15-інде қазақстандық кеме Барбадос жағалауына келгенде жорықтың аяқталғаны туралы хабарлама келді. Экипаждың барлық төрт адамы да ІІІ дәрежелі Поляр жұлдызы сыйлығына ұсынылды.

2009 жылы Ақтөбелік режиссер Серік Айжановтың «Өмір сүруге тыйым» картинасы ойнақы фильмдердің Бүкілресейлік «Вяткадағы кездесулер» 6-фестивалінде бас жүлдеге ие болды.

Кинофестивальдің конкурстық бағдарламасына Ресей, Украина және Балтық бойы елдерінің 42 аймағынан 70-тен астам фильм қатыстырылды. Бұл картинаның ерекшелігі, Василь Быковтың «Сотников» деген әңгімесінің желісімен Ақтөбе облысында түсірілген, ондағы рөлдердің барлығында әуесқой әртістер ойнайды. Фильмнің режиссері, сценарий авторы және операторы бір адам, «Патриот-Sinema» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Серік Айжанов. Қазылар алқасы қазақстандық жалғыз картинаны жоғары бағалап, оған кинофестивальдің бас жүлдесін - «Алтын лада» мүсіншесі мен бірінші дәрежелі диплом беруге бірауыздан шешім қабылдады.

2010 жылы Алматыда «Қазпошта» АҚ Жеңістің 65 жылдығына арналған пошта маркасын айналымға шығарды.

Маркада мәңгі алаудың аясында Мәскеу қаласын қорғау кезінде соғыста ерлік көрсеткен 28 панфиловшыларға арналған саябақтағы Даңқ мемориалы бейнеленген.

Суретшісі - Данияр Мұхамеджанов.

2010 жылы ҚР Президенттік мәдениет орталығында қазақтың танымал ағартушысы, қоғамдық қайраткер, ақын, жазушы, Алашорда үкіметі және Қазақстанның ұлттық-азат ету қозғалысы көшбасшыларының бірі Міржақып Дулатовтың туғанына 125 жыл толуына арналған салтанатты кеш болып өтті.

2011 жылы Алматыдағы арнайы баспасөз мәслихатында Амантай Даңдығұловтың «Шыңғыс ханның ұрпақтары Макиавелли көзімен» атты екі томдық кітабының тұсаукесері өтті.

2014 жылы Strategy2050.kz сайтында Алматыда ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметі филиалының ашылуы өтті.

2016 жылы елдегі  алғаш   әйел генерал, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрайымы -  Сәуле Мұханбедианқызы Айтпаеваға «Ақмола облысының құрметті азаматы» атағы берілді.

2016 жылы Астанада «Жібек жолы» раллиінің ресми өкілдігі ашылды. Мұндай офистер Мәскеуде, Парижде, Бейжіңде бар.

2017 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының штаб-пәтерінде  «Астана - ШЫҰ саммитінің және ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің астанасы» видео таныстырылымы және фото көрмесі өтті.

1395 жылы Кавказдың Терек өзені бойында болған шайқаста Тоқтамыс ханның қолы Әмір Темір әскерінен жеңіліс тапты.

1912 жылы Атлантикада Саутгемптоннан (Ұлыбритания) Нью-Йоркке жолда (АҚШ) ірі жолаушылар лайнері «Титаник» мұзтауға соғылып, суға батып кетті.

1951 жылы Лондонда бірінші рет «Әлем аруы» атты сұлулық байқауы өтті.

2013 жылы Бостон марафонының мәресінде лаңкестік акті жасалды: 12 секунд аралығында екі жарылыс болды. Салдарынан 3 адам  (соның ішінде бір бала) қаза тауып, 280-нен астам адам түрлі дәрежедегі жарақаттар алды.

 

ЕСІМДЕР

122 жыл бұрын (1896-1938) қоғам және мемлекет қайраткері, күйші БӨКЕЙХАНОВ Ғабдол-Хакім Нұрмұхамедұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасында дүниеге келген. Бөкей ордасындағы Жәңгір хан ашқан мектепті, Орал әскери училищесін, Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын бітірген. 1921-1922 жылдары Семей губерниялық атқару комитетінің және Семей, Ақмола губернияларының Ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы болған. 1925-1932 жылдары - Жер халкомының алқа мүшесі, Қарақалпақ атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қазақ мақта комитеті төрағасының орынбасары. 1933-1937 жылдары КСРО мақта-трактор орталығы тресінің өкілі, Оңтүстік Қазақстан облысы Жер басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен тұтқынға алынып, 1938 жылы ақпанның 25-де атылды. Ол 1957 жылы толығымен ақталды. Ол дәстүрлі халық мәдениетінің қамқоршысы болған. А.В.Затаевичке қазақтың «Шалқыма», «Қос алқа», «Мерген», «Соқыр Есжан» күйлерін, «Екі жирен», «Атырау», «Қарашаш», т.б. жалпы саны 27 әнін жаздырып, Дәулеткерей, Салауаткерей және өзі тәрбиесін көрген Әлікей, Макар сынды халық композиторлары туралы құнды деректер берген.

115 жыл бұрын (1903-1953) орыс және дүниежүзілік классикалық көркем әдебиеттің таңдаулы туындыларын қазақ тіліне аударушылардың бірі ҚҰЛЫБЕКОВ Абдулла Баймұратұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында туған. Орта білім алып, халық ағарту саласында қызмет істеген. 1937 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы Марксизм-ленинизм институты Қазақ филиалының редакторы және Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы болған. Ол көркем аударма саласында В.Катаевтың «Мен еңбекші халық ұлымын», А.Сурковтың «Сталинградтан шалғайда», Даниэл Дефоның «Робинзон Крузо», Сервантестің «Дон Кихот», Стивенсонның «Қазына аралы», М.Горькийдің «Мещандар» атты шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.  

104 жыл бұрын (1914-2000) Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты СӘМӘДИ Зия дүниеге келді.

Алматы облысының Панфилов ауданында туған. 1931 жылы ата-анасымен Шығыс Түркістанға қоныс аударды. Мұнда ол білімін жетілдіре жүріп, Құлжа мектебінің бірінде ұстаздық етті әрі «Іле» газетінде қызмет жасады. Қытай революциясы жеңгеннен кейінгі жылдарда  түрлі саяси-қоғамдық жұмыстар атқарды. Ол Синьцзян ұйғыр автономиялық ауданының мәдениет министрі болып қызмет етіп, ұйғыр мәдениет қайраткерлерінің делегацияларын басқарып КСРО, Үндістан мемлекеттеріне барды. Синьцзян ұйғыр автономиялық ауданында Жазушылар одағын құруда зор еңбек сіңірді. Оның тікелей қатысуымен 1957 жылы Үрімжі қаласында тарихта тұңғыш рет ұйғыр жазушыларының съезі ашылды. 1961 жылдың қарашасында туған еліне оралды.

Алғаш ақындық өнерімен қалам ұстаған ол 1934 жылы «Раушан» атты драма жазды. Бұл шығармасын кейін өңдеп, «Қанды дақ» деген атпен қайыра шығарып, шетелдік ұйғырлар драматургиясының негізін қалады. 1936 жылы «Ғәріп пен Сәнәм» пьесасын шығарды. Қаламгердің «Маймхан» романы орыс тіліне аударылып, өзбек тілінде екі рет жарық көрді. Аталған шығарма бойынша «Айдаһар жылы» фильмі түсірілді. Көркем аударма саласында С.Мұқановтың «Қашқар қызы», Ғ.Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» шығармаларын тәржімалады.

«Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған.

98 жыл бұрын (1920-1997) жазушы, аудармашы, Қазақстанның халық жазушысы БАҚБЕРГЕНОВ Сәуірбек дүниеге келді.

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.

Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында туған. Түркістан қаласындағы теміржолшылар мектебін, Түркістан педагогика училищесін бітірген.

Мәскеу қаласындағы әскери училищеде қызмет істеген. 1945 жылы «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер болған. 1950 жылы алғашқы повесі «Талғат» «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде жарияланған.

«Қарға тамған қан», «Қан тозаң», «Бөрте Шыңғыс ханның жұбайы», «Қайран шешем», «Золотая лопата» романдарының,  «Дина», «Менің досым», «Алтын күрек», «Адам және көлеңке», «Көлеңке», «Талғат», «Белгісіз солдат», «Жанғожин», «Барлаушылар» «Атжалында» «Мейірімді анам», «Адам және көлеңке», «Кентау», «Бозторғай», «Әнші бала», «13-нөмірлі ойыншы», «Біздің жігіттер», «Біздің колхозда болған еді», «Жол Алтынемел арқылы өтеді», «Қоянкөлге құлаған жұлдыз», «Мен сізді сүйемін», «Тараз көгершіндері», «Ақбоз атты ару» повестері мен әңгіме жинақтарының авторы.

Орыс жазушылары М.Горькийдің, А.Короленконың бірқатар әңгімелері мен ертегілерін қазақшаға тәржімалаған. Шығармалары беларусь, грузин, армян, қырғыз, татар, эстон, башқұрт тілдеріне аударылған.

1-дәрежелі Отан соғысы орденімен және көптеген медальдармен марапатталған.

96 жыл бұрын (1922-2007) жазушы, драматург, Қазақстанның халық жазушысы ШАЙМЕРДЕНОВ Сафуан дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысы, Преснов ауданы (қазіргі Жамбыл ауданы), Аманкелді ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, біршама уақыт өз ауылының орталау мектебінде мұғалім, Армия қатарында болды. 1942-1943 жж. Преснов аудандық комсомол хатшысы, 1942-1945 жж. «Ленин туы» газетінде тілші, әдеби қызметкер. 1950 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін үздік бітірді. Содан кейін республикалық жастар газетінің Қарағанды облысы бойынша тілшісі, 1952 жылы «Әдебиет және искусство» журналының бөлім бастығы, Қазақстан Жазушылар одағы проза секциясының меңгерушісі, 1955 жылы «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, 1958-1960 жж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1970-1975 жж. Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық алқасының басшысы болған.
«Болашаққа жол» атты алғашқы романы 1953 жылы жарық көрді. Бұл туынды кейін «Инеш» деген атпен орыс тіліне аударылды. «Өмір нұры» атты повестер цикліне тақырыбы, идеясы жағынан өзекті бір желі, бір нысанаға бағындырылған алты повесть - «Мезгіл», «Қарғаш», «Өмір нұры», «Ит ашуы», «Мәжнүн тал» - кірген. Олар шетел тілдеріне әлденеше рет аударылған.
«Қайдасың, Зарина?», «Қыр гүлі», «Әнім сен едің», «Марғау», «Төрт бойдақ, бір қыз», «Өкіл әке», «Түйе көтерген», «Аруана дүние» пьесалары көптеген қазақ театрларының сахнасында қойылып келеді.
Үнді жазушысы Р.Тагордың «Күйреу», «Гәуірмақан» романдары мен «Алтын сағым» деген атпен жарық көрген әңгімелер жинағын, Л.Толстойдың «Альберт» повесін, беларусь драматургі А.Макаеноктың «Трибуналын», француз композиторы Эрве мен драматург А.Миляждың «Түлкі бикеш» комедиясын аударған.
«Жыл құсы» повесі 1974 жылы ВЦСПС пен КСРО Жазушылар одағының жұмысшы тақырыбына арналған конкурсында жүлделі орынға ие болды. Ал Р.Тагордың «Күйреу» романының аудармасы үшін 1984 жылы Қазақстан Жазушылар одағының сыйлығын, «Ағалардың алақаны», «Әдеби толқындар» атты кітаптары үшін 1988 жылы республиканың Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығын алды. 1992 жылы Қазақстан Республикасы-ның Халық жазушысы құрметті атағына ие болды.

«Отан», «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталды. Қызылжар (Петропавл) қаласының Құрметті азаматы.

89 жыл бұрын (1929-1995) жазушы, Қазақстан Республи­касының еңбек сіңірген мә­дениет қызметкері ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ Балғабек  дүниеге келген.

Алматы облысының Жамбыл ауда­нында ту­ған. Қазақ мем­лекеттік универси­те­ті­нің журналистика факуль­те­тін бітірген.  1960-1987 жылдары «Со­циалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, бірінші орынбасары, бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы қызметтерін атқарды. Алғашқы фельетондар жинағы «Ешкімге айтпа» деген атпен  1962 жылы жарық көрді. «Шайтанның шатағы», «Қара сандық», «Маздаған шырақ», «Ұрының еншісі», «Ақпа құлақ», «Алатау», «Ақымақтың миы», «Түгел сөздің түбі бар», «Қым-қиғаш жылдар», «Қайран Ораз», тағы басқа кітаптары жарық көрді. Балғабек Қыдырбекұлы өз шығармаларында халық тарихын, ірі тұлғалар бейнесін сомдады. Қазыбек бек Тауасарұлының жазбалары деп саналатын қолжазбаны тауып, кітап етіп шығарды. Бі­лікті басшы, білгір ұйым­дастырушы ретінде басылым беделінің артуына лайықты үлес қосты. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Республика Жоғарғы Кеңесінің бірнеше дүркін депутаты болып сай­ланды. Оның еңбегі Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының  «Алтын Самұрық-2002» арнайы сыйлығымен атап өтілді. Қаламгердің атында туған ауылы, Алматы қаласында көше және журналистикалық сыйлық бар.

«Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар дос­тығы» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

72 жыл бұрын (1946) ақын, аудармашы, филология ғылымының кандидаты, Кафка атындағы Халықаралық сыйлықтың және «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Жыл Адамы - Алтын Адам» сыйлығының иегері САРИЕВ Шөмішбай Нағашыбайұлы дүниеге келді.

Қызылорда облысы Арал ауданында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универститеті) бітірген. Еңбек жолын Қазалы аудандық «Ленин туы», Арал аудандық «Толқын» газеттерінен бастаған. Кейіннен «Қазақстан» баспасының редакторы, «Жұлдыз» журналы бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми, аға ғылыми қызметкері болған.

Алғашқы өлеңі 1974 жылы сол кездегі жас ақындардың «Балауса» өлеңдер жинағына енген. Ақынның «Ғашықтар жыры», «Бозжорға» авторлық бейнетаспалары және «20 ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы поэзиясы» атты монографиясы және қазақ, орыс тілдерінде он бес шақты кітабы жарық көрген. 300-ден астам өлеңдердің авторы. Ол Г.Гулиа, О.Берггольц, И.Абашидзе, С.Викулов, Ф.Алиева, тағы басқа ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударған. «Теңізден соққан жел» атты өлеңдер жинағы кітабын хинди тіліне Варьям Синх аударды.

71 жыл бұрын (1947) ғалым, абайтанушы, философия ғылымдарының докторы, мемлекет қайраткері ЕСІМ Ғарифолла дүниеге келді.

Павлодар облысы, Лебяжі ауданындағы Жалтыр көлінің шығыс жағалауындағы шағын ауылда туған. 1970 жылы Семейдің педагогикалық институтының филология факультетін үздік бітіріп, сонда философия және саясаттану кафедрасында оқытушы болып орналасқан. 1973 жылы В.И.Ленин атындағы Мәскеудің Мемлекеттік университетінде зерттеуші-стажер болып білімін жетілдірген. 1974-1977 жылдар аралығында С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің философия және экономика факультетінде аспирантурада оқып, 1987 жылы осы факультеттің ғылыми кеңесінде «Диалектикалық және тарихи материализм» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған.

1978-1983 жылдары Семей педагогика институтында көркемсурет факультетінде декан, 1983-1989 жылдары - осы институтта философия кафедрасының меңгерушісі, 1989-1991 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының философия және құқық институтында аға ғылыми қызметкер, 1991-2001 - жылдары Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетіндегі философия және ғылымдар методологиясы кафедрасының доценті, профессор, 1992-1998 жылдары - көркемсурет факультетінің деканы, 1998-2001 жылдары - философия және ғылымдар методологиясы кафедрасының меңгерушісі, 2001 жылдан әл-Фараби атындағы ҚазМУдің философия және саясаттану факультетінің деканы қызметтерін атқарған. 2007-2013 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты болды. Қазіргі таңда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Философия кафедрасының меңгерушісі.

1994 жылы «Абай дүниетанымындағы Алла мен Адам болмысы» деген тақырыпқа «09.00.06. - дінтану, теология» мамандығы бойынша философия ғылымдарының докторы атағын алу үшін диссертация қорғаған. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент мүшесі болып сайланған.

«Хакім Абай» (1994), «Санадағы таңбалар» (1994), «Абайдың дүниетанымы мен философиясы» (1996), «Прошлое в настоящем» (2003), «Адам - зат», (2003) сияқты кітаптардың авторы. 

67 жыл бұрын (1951) агроном-ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы академиясының академигі,  Жетісай және Мақтарал аудандарының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ҮМБЕТАЕВ Ибадулла Изатуллаұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай ауданында туған. Қазақ ауыл шаруашылық институтын (Қазақ ұлттық аграрлық университеті) және Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу мақта институтының аспирантурасын бітірген. 1972-1978 жылдары - Пахтаарал мақта шаруашылық тәжірибе стансасы зертханасының зерханашысы, ғылыми қызметкері, меңгерушісі. 1978-1979 жылдары - Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу мақта институтының аспиранты. 1979-1982 жылдары - Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас агрономы, аудандық партия комитеті бөлімінің меңгерушісі, кеңшар директоры. 1982-1988 жылдары - Келес аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары,  аудандық агроөнеркәсіптік бірлестіктің төрағасы. 1988-1991 жылдары - Шымкент облыстық агроөнеркәсібі төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары, Бөген аудандық атқару комитетінің төрағасы. 1991-1992 жылдары - Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1992-1997 жылдары - Жетісай аудандық әкімшілігінің басшысы, әкімі, Мақтаарал су шаруашылық жүйесі басқармасының бастығы. 1997-1999 жылдары - Мақтаарал ауданының әкімі. 1999-2006 жылдары - Мақтаарал ауыл шаруашылық тәжірибе стансасының директоры. 2006-2007 жылдары - «Мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» еншілес мемлекеттік кәсіпорнының директоры қызметтерін атқарған. 2007 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі «ҚазАгроИнновация» акционерлік қоғамы Мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры болып істеді.

Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктерінің (үш мәрте), «Еңбектегі ерлігі үшін», «Астана», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Ұлы Отан соғысы жеңісіне 60 жыл» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің дипломымен, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің, аудандық, облыстық мәслихаттардың құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының,  А.Бараев атындағы мемлекеттік сыйлығының иегері. «Оңтүстік Қазақстан облысының жыл адамы» құрметті атағына ие.

56 жыл бұрын (1962) Алматы қаласында суретші НОДА Андрей дүниеге келді. 

1988 жылы Т. Жүргенов атындағы АМТИ бітіргеннен кейін Қарағанды қаласына жолдамамен барып, осы уақыт ішінде халықаралық, шетелдік, бүкілодақтық, республикалық көрмелерге қатысты, сондай-ақ 20 жеке көрме ұйымдастырды.

Белсенді шығармашылық өмірінде ол кескіндеме, суреттеме, сурет , керамика және «contemporary art» саласында мыңнан астам жұмыс жасады. Мерзімдік басылымдарда өлеңдерін шығарды.1998-99 жылдары АҚШ-та жұмыс істеді. 2000 жылдан бастап, Талғар өзенінің аңғарындағы жеке студиясында жұмыс істейді.

53 жыл бұрын (1965) Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры ҚУАНЫШБАЕВ Сейітбек Бекенұлы дүниеге келді.

Ол С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін 1989 жылы «География» факультетін бітірген. Осы аталмыш оқу орнында тәлім-зерттеуші ретінде еңбек өтілін бастады. 1991 жылдың қазанынан 1994 жылдың наурызына дейін университеттің геоморфология кафедрасының ассисенті қызметін атқарды. 1994-2004 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде аға оқытушы, доцент, геоморфология және картография кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1996 жылы Қырғыз мемлекеттік университетінде «Ғарыштық түсірілімдер негізінде қазіргі рельефтүзуші процестер» тақырыбында диссертация қорғап, география ғылымдарының кандидаты атағын алды. 2010 жылы Қазақстан Республикасының Ғылым академиясының География институтында докторлық диссертациясын қорғады. 2004-2012 жылдары Қостанай мемлекеттік институтының оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі проректоры болып істеді. 2012 жылдың қаңтар айында  Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры болып тағайындалды.

44 жыл бұрын (1974) Ақмола облысы Есіл ауданының әкімі ЕРСЕЙІТОВ Талғат Аманбайұлы дүниеге келді.

Ақмола облысы, Астрахань ауданында туған. Ақмола ауыл шаруашылығы институтын, Ақмола аграрлық университеті, Астана қаласындағы басқару институтын бітірген.

Еңбек жолын Астрахан ауданы әкімдігінде маман болып бастаған.

1997-2007 жылдар аралығында Астрахан аудандық салық комитетінде, 2007 жылы аудандық мәслихат хатшысы болып тағайындалып, жауапты қызметтерді атқарған.

2009-2012 жылдары Астрахан ауданы әкімінің орынбасары, 2012 жылдан бері Астрахан ауданының әкімі лауазымын атқарды. Қазіргі қызметінде - 2017 жылдың қарашасынан.

 «Құрмет» орденімен марапатталған.

566 жыл бұрын (1452-1519) италиялық суретшісі, ғалым, өнертапқыш, Қайта өрлеу дәуірінің әмбебап данышпаны  Леонардо да ВИНЧИ дүниеге келді.

106 жыл бұрын (1912-1994) корей саяси қайраткері, Солтүстік Кореяның негізін қалаушы және тұңғыш басшысы  Ким ИР СЕН дүниеге келді.

69 жыл бұрын (1949) ресейлік поп-әнші, КСРО халық әртісі, Ресей эстрадасының жарқын жұлдызы Алла ПУГАЧЕВА дүниеге келді.

 

 

 


Басты сөздер: Күнтізбе,
Бөлісіңіз:
Онлайн қызметкерлер
Редактор
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
Мұрағат