15 қарашада елімізде өтетін маңызды оқиғаларға шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 15 қараша күні елімізде болатын ең маңызды оқиғаларға шолу ұсынады.

Астана

Ел ордасы Астанада негізгі шаралар таңертеңгі 9-30-да басталады. Атап айтқанда дәл осы уақытта Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті 2017 жылдың 15 қарашасында  «Мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру мен стандарттауды  іске асыру жолдары» республикалық онлайн семинар-тренингін өткізеді.

Сағат 10:00-де «Қазақпарат» ХАА - www.inform.kz сайтында, сонымен қатар «Самұрық-Қазына» АҚ (бұдан әрі  Қор)  және Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығының  Фейсбуктегі ресми парақшасында Қордың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің Компаниялар тобындағы жас қызметкерлермен (желілік жетекшілер және өндірістегі жұмысшылармен) кездесуінің онлайн-көрсетілімі басталады. Кездесу «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауытында өтеді.

Ал сағат 15.00-де ҚР Парламенті Мәжілісі Экономикалық реформа және аймақтық даму жөніндегі комитетінің депутаттары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офистерін аралайды.

Сондай ақ сағат 15:00-де  (№1 Перинаталды орталық) Церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға арналған «Балапан» ерте араласу-оңалту орталығы ашылады. Бұл - Қазақстандағы туғаннан бастап екі жасқа дейінгі оңалтумен айналысатын алғашқы орталық. Мұнда ай сайын аз қамтылған отбасылар мен балалар үйінен 56-ға жуық баланы қабылдау жоспарланған. Оңалту курсы 10 күнге созылады.

Сағат 16:20-да Орталық коммуникациялар қызметінде «Нұрлы жер» - тұрғын үй құрылысы бағдарламасының нәтижелері және оның тетіктерін өзектендіру» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтеді. Жиынға ҚР ИДМ  Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов  және ҚР ИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің басқарма басшысы Кенжеболат Мыңбаев  қатысады.

Сағат 17.00-де «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев азаматтарды жеке қабылдайды. Жеке қабылдауға бейнебайланыс конференциясы арқылы Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау облыстары және Астана қалаларынан 11 азамат жазылған. Негізінен қабылдауда электрондық үкіметтің жұмысына, телеарналардағы бағдарламаларға және ауылдық елді-мекендерді жоғарғы интернетпен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер қарастырылатын болады.

Алматы

Сағат 10:00-де Алматы қаласында Қазақ ұлттық университетінде «Сананың ашықтығы» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІІ халықаралық Медиа форумының жалпы отырысы өтеді. Іс-шараға ҚР Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары, Германия, Латвия, Ресей, Өзбекстан елдерінен келген сарапшылар және медиа саласындағы отандық сарапшылар, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер, республикалық және аймақтық БАҚ өкілдері, журналистика факультеттерінің студенттері, т.б. қатысады. Форум шеңберінде отандық және шетелдік жетекші спикерлердің шеберлік сабақтары, TEDx конференциясы, этностық БАҚ көрмесі өткізіледі. Форум соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының журналистика саласында жыл сайын өткізетін «Шаңырақ» байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтеді.

Сағат 16:30-да Алматыда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті  Елбасының қорында (мекен жай: Алматы, Махатма Ганди, 10) Бразилия мен Ресейде өткен Халықаралық кинофестивальдерде екі арнайы жүлдеге ие болған «13 километр» деректі фильмінің тұсаукесері өтеді.Режиссер Владимир Тюлькиннің «13 километр» фильмі зағип фермер Серік Боданбаев туралы баяндайды.

Өңірлер

Шымкентте сағат 09:30-да «Қазақстанның Жібек жолымен саяхат» фестивалі аясында халықаралық «Ontustik Tourism. Invest 2017» туристік және инвестициялық форумы өтеді. Айта кетейік, бұл форумға Кытай туризмі мемлекеттік басқармасы, Қазақстандағы, алыс және жақын шет елдердегі туризм саласының кәсіпқойлары, мемлекеттік органдар, қазақстандық және халықаралық қауымдастықтың, кәсіподақтардың, туристік ұйымдардың, қауымдастықтар мен инвестициялық компаниялардың өкілдері қатысады.

Сонымен қатар осы күні  Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларға әлеуметтік-құқықтық, медициналық жәрдем, жұмысқа орналастыру, құжаттандыру, заң көмегін беру, зейнетақы және жәрдемақыларды рәсімдеуге көмек көрсету мақсатында Шымкент қаласында «Пробация әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету орталығының» ресми түрде ашылады.

Ал Алматы облысында сағат 12.00-де Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Ақсу қант зауытына (Ақсу ауданы, Жансүгіров кенті) барып, кәсіпорынның жұмысымен танысады.

Соңғы жаңалықтар