Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
Астана: -12 °С
Алматы: -3 °С
USD 319.32 EUR 396.28
RUB 5.66 CNY 50.34
Жаңалықтар

15 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

2018 жылғы 15 ақпан 06:30 484
Бөлісіңіз:
15 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 15 ақпанға арналған күнтізбесін ұсынады.

Ұқсас жаңалықтар
Атырау жұртшылығы жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевпен қоштасты ОҚО-да Елбасының саяси бастамаларына арналған конференция өтті

15 ақпан, БЕЙСЕНБІ

Халықаралық ақпаратты басқару күні

Жыл сайын ақпанның үшінші бейсенбісінде аталып өтеді. Заманауи әлемдегі ақпараттық басқарудың маңыздылығына назар аударту және оның негізгі қағидаттарынан хабардар болу деңгейін арттыру мақсатында құрылған.

Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күні

Бұдан 28 жыл бұрын (1989 жыл) осы күні кеңес әскерлері (40-шы армия және оған жіберілген бөлімшелер) Ауғанстан аумағынан шығарылды. Ауғанстан жерінде 9 жыл болған соғысқа Кеңес Одағының 500 мыңнан астам азаматтары қатысты. Олардың арасында - 22 269-ы қазақстандықтар. 15 мың жауынгер қаза болды. Қазақстан бұл соғыста 889 боздағынан айырылды.

М.И.Глинканы еске алу күні

М.Глинка (1804-1857) орыстың классикалық композиторлық мектебінің негізін қалаушы.

Халықаралық қатерлі ісікпен ауыратын балалар күні

Бұл күн күнтізбеде алғаш рет 2001 жылы Бүкіләлемдік қатерлі ісікпен ауыратын балалар ата-аналарының конфедерациясының бастамасымен пайда болды. Бұл атаулы дата алғаш рет 15 қаңтар күні Люксембургте өтті, алайда кейінірек бір айға артқа жылжыту туралы шешім қабылданды. Қатерлі ісікпен ауыратын балалар күні Халықаралық балалар онкологтар қауымдастығының бастамасымен әлемнің 40-тан астам елінде аталып өтуде.


ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1640 жылы Қазақстанның байырғы қалаларының бірі Атырау қаласының іргесі қаланды. 1640 жылы патша үкіметі ағайынды Гурьевтерге қалашық салуға рұқсат берген. Қала 1662 жылы салынып бітіп, патша жарлығымен Гурьев аталған. Ал жергілікті қазақтар оны Үйшік деп атаған. Бүгінгі таңда қала өнеркәсібінің басты саласы мұнай мен химия өндірісі. Қалада мұнай айыру, полиэтилен, машина жасау, металл өңдеу, балық құтылау, басқа да тамақ, жеңіл өнеркәсіп орындары бар. Сондай-ақ мұнда мұнай өнеркәсібінің жобалау институты, мұнай және табиғи тұздар институты, ғылыми-зерттеу институты, драма театры, филармония, музыка, спорт мектептері, мәдениет үйі, кітапханалар, кинотеатрлар, мәдениет және демалыс бақтары, қонақ үйлер, медициналық мекемелер жұмыс істейді.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Ватикан дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы құжатпен алмасты.

2000 жылы
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде Қорқыт атаның рухани мұраларын зерттеу жөнінде халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырылды.

2005 жылы Қазақтың М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында әртіс, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бекжан Тұрыстың «Әркімді жаратпаған Тәңірі жайға...» шығармашылық кеші өтті. Кеш Бекжанның сахнада әр жылдары ойнаған спектакльдерінен, теледидар арқылы көпшілікке танымал хабарлар үзіндісі мен оның әр кезеңде айтылып жүрген әндерінен құралды.

2006 жылы оралдық жас қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мира Шүйіншәлиеваның республикалық «Арыс» баспасынан «Шүберек қуыршақ» атты жаңа кітабы жарық көрді. Автордың «Шүберек қуыршақ» повесі мен әңгімелері топтастырылған жинаққа белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков алғысөз жазған. «Тілі шұрайлы, ойы салмақты, оқиғалары өрнекті жас жазушы Мира Шүйіншәлиеваның бір топ туындылары - қазіргі заман келбетін түсінгісі келетін оқушыға берері мол шығарма», делінген онда. Мира Шүйіншәлиеваның «Махаббат бағы» атты тұңғыш жинағы осы «Арыс» баспасынан 2003 жылы жарық көрген болатын, сондай-ақ оның туындылары бірнеше ұжымдық жинаққа да енген.

2007 жылы Оралда жергілікті өлкетанушы Ғаділше Өтебалиевтің «Пугачев тарихын» оқи отырып» атты кітабы жарық көрді. Бұл очерктер жинағында автор орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің Ақ Жайық өңіріне қатысты шығармашылығын зерттеуге ұмтылыс жасаған.

2008 жылы Алматыда толық метражды «Қара ой» көркем фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті.
Қазақстандық «Sun Production» және «Work Station» киностудиялары бірлесіп шығарған бұл картинаның қоюшы-режиссері Жанна Исабаева. «Осы еңбегім арқылы көрермендерге өзім жауабын білмейтін жақсылық пен зұлымдықтың мәні туралы ой тастағым келді», -деді Жанна Исабаева.

2010 жылы Павлодарда «Скворечник» әдеби театры құрылды. Театрды құрушы, әртіс Халима Хазиеваның айтуынша, «Спектакльдерде әуесқой әртістер ойнайды. Біз труппаға кім сахнаға шығып ойнағысы келеді, солар шақырылады, кәрі-жасқа қарамаймыз, өнерді, театрды сүйіп бағалай білетін барлық адамдар қатыса алады». Театрда актерлік шеберлікке, сахнада сөйлеу мәнерлігіне үйретеді. «Скворечник» әдеби театрының қойылымдары Антон Чехов атындағы облыстық театрының кіші залында қойылады.

2010 жылы Аспан денелерінің каталогына Суқұйғыш шоқжұлдызындағы жұлдызға қазақстандық танымал ғалым Михаил Паниннің есімін беру туралы жазба енгізілді. Михаил Панин - профессор, биология ғылымдарының докторы, сегіз халықаралық және республикалық академияның академигі, Семей мемлекеттік педагогикалық университетінің проректоры.

2010 жылы
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Мәскеуде болды. Сапар барысында Ресей Президенті Дмитрий Медведевпен кездесті. Кездесу барысында екі жақты ынтымақтастық мәселелері, оның ішінде экономикалық ынтымақтастықты дамыту және халықаралық күн тәртібіндегі маңызды мәселелер талқыланды.

2010 жылы Алматыда «Гүлдер» мемлекеттік ансамблінің әртістері «Ұлан» ұлттық гвардиясының әскери бөлімшесінде кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуына 21 жыл толуына арналған концерт қойды.

2011 жылы
Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жедел жәрдем жаңа ауруханасында болды. Бұл жаңа нысан қала мен ел тұрғындарына Бірыңғай денсаулық сақтау ұлттық жүйесі ауқымында білікті медициналық көмек көрсететін жоғары мамандандырылған көпбейінді емдеу мекемесі.

2012 жылы
Румыниядағы Бабеш-Боляй университетінде қазақ тілі, мәдениеті және тарихы орталығы ашылды.

2012 жылы Елімізде әлемдік дағдарыстан шығу жолын әзірлейтін «G-Global» халықаралық сұхбат алаңы жұмыс істей бастады.

«Ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығы www.gglobal.aef.kz сайтында «G-Global» сұхбаттаудың интернет алаңы ретінде зияткерлік желіні іске қосты.

«G-Global» - жыл сайын өтететін Астана экономикалық форумы негізінде жүзеге асырылған әрі әлемдік қаржы дағдарысынан шығу тетіктерін талқылауға және әзірлеуге арналған халықаралық жоба. Бүгінгі таңда сұхбат алаңы әлемнің 128 елінен жарты миллионнан астам қатысушыны біріктіреді.

2014 жылы
қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Тен Сочи Олимпиадасында күміс медальға қол жеткізді.

2015 жылы Испанияның Гранада қаласында Универсиаданың жалауы Алматы қаласына салтанатты түрде табысталды.

2017 жылы сағат 09.28-де Үндістан ғарыш зерттеу ұйымы (ISRO) 103 спутникпен қоса, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті соңғы технология үлгісімен жасаған салмағы 1,7 келілік наноспутникті ұшырды. 104 спутник зымыран тасығыштың көмегімен Шрихарикота аралында орналасқан Сатиш Дхван атындағы ғарыш орталығынан орбитаға (PSLV-C37) ұшырылды. ISRO аталмыш құрылғыны ұшырғаннан кейін, бір уақытта ең көп жерсерікті ұшыру бойынша әлемдік рекорд орнатты.

ЕСІМДЕР

124 жыл бұрын
(1894-1966) мемлекет және қоғам қайраткері Иса ТОҚТЫБАЕВ дүниеге келді.
Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында туған. Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын, Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген. 1917-1919 жылдары - Ташкент қалалық депутаттар кеңесінің хатшысы, Халық комиссариаты алқасының мүшесі және комиссарының орынбасары, Түркістан компартиясы орталық комитетінің баспа бөлімінің меңгерушісі. 1922-1925 жылдары - Сырдария облыстық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, «Шолпан», «Сәуле», «Коммунист», «Сана», «Шаншар» журналдарының және «Ақ жол» газетінің редакторы, Түркістан Республикасы Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімі алқасының мүшесі, Қазақ АКСР-і Халық ағарту ХКК саяси-ағарту кеңесі басқармасының меңгерушісі. 1926-1929 жылдары - Ақтөбедегі Жер басқармасының бастығы, Семейдегі «Қазақ тілі» газетінің редакторы, Орынбордағы педагогикалық институттың директоры және жұмысшы фақультетінің меңгерушісі. 1929-1930 жылдары - Қазақ АКСР-і Халық ағарту комиссарының орынбасары. 1930-1932 жылдары - Ленинград педагогикалық институтының аспиранты, Қызыл профессура курсының тыңдаушысы. 1932-1933 жылдары - Ленинградтағы Шығыс халықтары курсының ректоры және әскери саяси академияның лекторы. 1933-1936 жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеде отырды. 1936 жылы В.Куйбышевтың көмегімен босап шықты. 1937 жылы Ленинградтағы КСРО халықтарының этнографиялық мұражайының бөлім меңгерушісі қызметінде болды. 1938-1947 жылдары екінші рет қамауға алынып, Коми АКСР-іне, 1949-1957 жылдары үшінші рет ұсталып, Красноярск өлкесіне жер аударылды. 1957 жылы ақталып, елге оралды. 1958-1964 жылдары Қызылорда қаласындағы облыстық өлкетану мұражайының ұйымдастырушысы әрі директоры болды. И.Тоқтыбаев Қазақстанда оқу-ағарту саласын өркендету, әдеби мұраларды жинау ісінде қажырлы жұмыстар атқарды. Қызылорда қаласындағы бір көшеге есімі беріліп, өзі тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды. 1998 жылдан туған ауданындағы қазақ орта мектебі Тоқтыбаевтың есімімен аталады.

112 жыл бұрын (1906-1974) селекционер-генетик ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ауылшаруашылық академиясының академигі, Қазақ КСР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі Ештай Қолбекейұлы ҮЗЕНБАЕВ дүниеге келді.
Өзбекстанда туған. Ташкент ауылшаруашылық институтын бітірген. 1936-1938 жылдары - Қазақтың мақта-жоңышқа өсіру тәжірибе станциясының директоры, 1938-1946 жылдары - Ташкент ауылшаруашылық ирригация және механикаландыру институтының доценті, аға агрономы, 1946-1960 жылдары - Өзбек КСР Ғылым Академиясының Ботаника және зоология ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, 1960-1965 жылдары - Қазақтың мақта шаруашылығы тәжірибе станциясының директоры, осында генетика және селекция бөлімінің меңгерушісі, 1965-1974 жылдары - Қазақ КСР Ғылым Академиясының Орталық Ботаника бағының директоры және генетика зертханасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ол мақта жөнінде 50-ден астам ғылыми еңбек жариялады. «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

108 жыл бұрын
(1910-1996) ғалым, биология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген зоотехнигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Әндіжан ЕСЕНЖОЛОВ дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысында туған. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген.
КСРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалының кіші, аға ғылыми қызметкері, Эксперименттік биология институтының зертхана меңгерушісі, Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері болды. Қазақ қойының архармеринос тұқымын енгізді.
Еңбек Қызыл Ту, екі рет «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған.


15 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 104 жыл бұрын
(1914-1970) актер, кинорежиссер, Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шәкен Кенжетайұлы АЙМАНОВ дүниеге келді. Павлодар облысында туған. Семей мұғалімдер техникумында оқып жүргенде, Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылды. Ш.Айманов 1933 жылдың маусым айында театрға жұмысқа қабылданды. Ол алғашында Грамофонов (К.Погодин «Менің досым»), Қодар, Алдар көсе (Ш.Құсайынов «Алдар Көсе»), Исатай (I.Жансүгіров «Исатай - Махамбет»), Кассио (У.Шекспир «Отелло») рөлдерін ойнады. Көп ұзамай Тихон, Великанов (А.Островский «Таланттар мен табынушылар», «Найзағай»), Шадрин (К.Погодин «Мылтықшы адам»), Кидд (Б.Лавренов «Америка дауысы»), Бретт (Дж.Гоу, А.Дюссон «Терең тамырлар»), Хлестаков (Н.Гоголь «Ревизор»), Казанцев (М.Әуезов «Түнгі сарын») сияқты классикалық рөлдерді сомдады. Бұл тұлғалар ұлттық сахнамыздың сүбелі табыстарына жатады. Оның актерлік болмысы тұлғалы, іргелі, көшелі кейіпкерлерді кескіндеуге бейім. Ол қазақ сахнасында романтикалық театр мектебін калыптастырды. Ақан сері, Қобыланды, Сатин, Петруччо, Отелло бейнелерін аса зор актерлік машықпен зерледі. «Мылтықты адам», «Таланттар мен табынушылар», «Намыс соты» атты аударма пьесаларды сахнаға шығарып, режиссерлық жасады. 1947-1951 жылдары Қазақ драма театрының бас режиссері болды. Ш.Аймановтың режиссерлік стилінде ұлттық бояу, сахналық айшықты түр іздеуі басым еді. 1949 жылы өз инсценировкасымен қойған «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институты» спектаклінде осы ізденістері анық көрінді. Ал «Ақан сері - Ақтоқты» трагедиясындағы ақындық шабыт, әншілік толғаныс, таза махаббат, мөлдір сүйіспеншілік сезім, философиялық ойлар, ұлттық тұрмыс-салт, әдет-ғұрып дәстүрлері Ш.Айманов режиссурасынан ансамбль тұтастығына құрылған актерлік ойындардан көркем шешімін тапты. Актер ғұмырының соңына дейін тынымсыз шығармашылық ізденісте жүрді. Өнер сапарымен әлемнің әр қиырында болып, өзі болған ортаның бәрінде қазақ халқының әнімен, өнерімен, дәстүрімен таныстырудан танбады. Әртүрлі кинофестивальдерде, симпозиумдарда Жан Габен, Жан Марэ, Лоуренс Оливье, Софи Лорен, Радж Капур, Френк Копра сияқты әлемдік киножұлдыздармен кездесіп, соларға еліктей жүріп, өзі сахнада, кинода ойнаған рөлдерін әлемдік биікке көтере білді. «Абай әні», «Жамбыл» фильмдеріне түсу арқылы кино өнерінің де қыр-сырын меңгеріп, осы саладағы жемісті жолын бастады. 1953-1970 жылдары «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне үлес қосты. 1953-1966 жылдары аралығында ол түсірген «Махаббат туралы аңыз», «Алдар көсе», «Атамекен», «Найзатас баурайында» фильмдердің бәрінен де ұлттық бояу сезіледі. Жұртты қыран-топан күлкіге батырған әндері, екінің бірінің аузынан түспейтін «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште» фильмдеріндегі әзіл-күлкілі көріністер мен қисындардың да табиғаты ұлттық дәстүрлермен тамырласып жатыр. Көп ізденістің нәтижесінде Ш.Айманов қазақ кино өнерінде де романтикалық-патриоттық мектептің негізін қалады. Оның соңғы еңбегі «Атаманның ақыры» фильмі талантының шарықтау шоқтығы болды. Бұл фильм таза іріктелген актерлік құрамы, режиссерлік сапасы, техникалық орындалу деңгейі жағынан да әлемдік талапқа сай шыққан туынды еді.

Ш.Айманов Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының бірінші хатшысы қызметін атқарды. 1963 жылы Каир қаласындағы Азия мен Африка елдері Халықаралық және Мәскеу қаласында өткен үшінші халықаралық кинофестивальдердің қазылар алқасы мүшесі болды. Оның есімі Алматының бір көшесіне, «Қазақфильм» студиясына берілді. Ол тұрған үй мен студия ғимаратына мемориалдық тақта орнатылып, мұражай кабинеті ұйымдастырылды.
«Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», т.б. ордендермен марапатталған.


15 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 103 жыл бұрын
(1915-1966) қазақ тарихшысы, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі Ермұхан Бекмаханұлы БЕКМАХАНОВ дүниеге келді. Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Воронеж педагогикалық институтын бітірген. Ол XVIII-ХІХ ғасырларда Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық және саяси даму проблемаларына, сондай-ақ Қазақстанның Ресейге қосылу мәселесіне, қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихына үлкен назар аударған. Кенесары Қасымұлының көтерілісіне «ұлт-азаттық қозғалысы» деп айып тағылып, 1952 жылы 25 жылға бас бостандығынан айырылған. 1954 жылы ақталып шыққан. 100-ден астам ғылыми еңбектердің авторы. Қызыл жұлдыз орденімен және медальдармен марапатталған.










15 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 80 жыл бұрын
(1938-1994) суретші-кескіндемеші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Комсомол сыйлығының лауреаты Салихитдин Әбдісадықұлы АЙТБАЕВ дүниеге келді. Қызылорда қаласында туған. Алматы көркемсурет училищесін бітірген. 1969-1971 жылдары аталмыш училищеде ұстаздық еткен. Оның «Шопандар демалысы», «Бақыт», «Жас қазақтар», «Қонақтар келді» туындылары қазақтың бейнелеу өнеріне соны сипат әкелген. «Ә.Әлімжанов», «Ана», «Әке», «Шопан», «Абай» портреттерін салған. Қылқалам шеберінің кескіндемелік және графикалық туындылары Қазақстан Мемлкеттік бейнелеу өнері мұражайында сақтаулы.








15 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 62 жыл бұрын
(1956) Қазақстан Сәулетшілер одағының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Құрметті сәулетшісі, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының Құрметті профессоры, Шығыс елдері Халықаралық сәулет академиясының корреспондент мүшесі Ақмырза Исаұлы РҮСТЕМБЕКОВ дүниеге келді. Ақмола облысында туған. Алматы сәулет-құрылыс институтын (қазіргі Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы) бітірген. 1980-1990 жылдары - «Гипровуз» Бүкілодақтық мемлекеттік жобалау институты Алматы филиалының сәулетшісі, аға сәулетшісі, топ жетекшісі, жобалар бас сәулетшісі, директордың орынбасары. 1990-1996 жылдары - шығармашылық-өндірістік шеберханасының жетекшісі. 1996-2000 жылдары - Қазақстан Сәулетшілер одағының вице-президенті қызметтерін атқарған. 2000 жылдың наурыз айынан - қазіргі қызметінде. «Құрмет» орденімен марапатталған.





15 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 61 жыл бұрын
(1957) қоғам қайраткері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Тұрарұлы СЕЙДУМАНОВ дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Мәскеу химиялық машина жасау институтын, БЛКЖО ОК жанындағы Жоғары комсомол мектебін, СОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. 1979-1981 жылдары - Жаңа жамбыл фосфор зауытында азот-оттегі цехының мастері, комсомол комитетінің хатшысы. 1981-1982 жылдары Қазақстан ЛКЖО Жамбыл облыстық комитетінің сектор меңгерушісі, Жамбыл қалалық комитетінің екінші хатшысы. 1984-1986 жылдары Қазақстан ЛКЖО ОК жауапты ұйымдастырушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі. 1986-1988 жылдары Қазақстан ЛКЖО Талдықорған облыстық комитетінің бірінші хатшысы. 1991 жылғы наурыз-қыркүйек айларында - Қазақстан КП ОК консультанты. 1991-1992 жылдары - Қазақстан Социалистік партиясы Алматы облыстық комитетінің хатшысы. 1992-1995 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің ақпараттық-талдау орталығында аға референт, сектор меңгерушісі, жетекшінің орынбасары. 1995-1996 жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарушы хатшылығының меңгерушісі. 1997 жылдың қаңтар-сәуір айларында - ҚР Жастар ісі, туризм және спорт министрінің орынбасары. 1997 жылғы сәуір-желтоқсан айларында - ҚР Білім және мәдениет министрлігінің үйлестіру және бақылау департаментінің директоры. 1997-1998 жылдары - «Крау» бірлескен кәсіпорнының бас директоры. 1998-2002 жылдары - ҚР Парламенті ақпараттық-талдау орталығының директоры. 2002-2004 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2004-2005 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат басқармасының әлеуметтік-саяси бөлімінің бас инспекторы, жұртшылықпен және баспасөзбен байланыс бөлімінің меңгерушісі. 2005-2006 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігі әлеуметтік-саяси бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары. 2006-2013 жылдары - Алматы қаласы әкімінің орынбасары. 2013 жылғы ақпаннан - қазіргі қызметінде.


15 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 54 жыл бұрын
(1964) «KEGOC» АҚ Құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі басқарушы директоры Қайрат Төлегенұлы ЖАҚЫПБАЕВ дүниеге келді.
Шымкент қаласында туған. 1985 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген, заңгер. ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі. 1985 ж. - 1988 ж. Шымкент қаласы Абай ауданы Прокуратурасының тергеушісі. 1988 ж. - 1991 ж. ОҚО Прокуратурасы, бөлім бастығының орынбасары, тергеу басқармасының прокуроры.1991 ж. - 1993 ж. Арыс ауданаралық прокуратурасының прокуроры. 1993 ж. - 1995 ж. ҚР Бас Прокуратурасы Аса қауіпті қылмыстарды тергеу жөніндегі басқарма бастығы. 1995 ж. - 1997 ж. ҚР ІІМ Мемлекеттік тергеу басқармасы бастығының орынбасары, жалпы қылмыстық тергеулер бас басқармасы бастығының бірінші орынбасары, Мемлекеттік тергеу департаментінің бастығы. 1997 ж. - 2000 ж. ҚР ІІМ Әскери-тергеу департаментінің бастығы.2000 ж. - 2002 ж. ҚР Парламенті Заң шығармашылығы және мониторинг орталығының директоры. 2002 ж. - 2004 ж. ҚР Парламенті Мәжіліс аппараты заңнама бөлімінің меңгерушісі. 2004 ж. - 2006 ж. ҚР Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитеті төрағасының орынбасары.2006 ж. - 2008 ж. ҚР Парламенті Мәжіліс төрағасының кеңесшісі. 2008 жылдан «KEGOC» АҚ-ның Құқықтық қамтамасыз ету және қауіпсіздік жөніндегі Басқарушы директоры. Бірнеше медальдармен марапатталған.





15 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 53 жыл бұрын
(1965) ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитеті Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры - ТІЛЕШОВ Ербол Ердембекұлы дүниеге келді.
Еңбек жолын 1992 жылы С.Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық институты қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы болып бастаған. 1997 жылы «Мағжан Жұмабаевтың поэзиясындағы романтизм» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған.
2003-2004 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Гуманитарлық институты директорының орынбасары, 2004-2007 жылдары ҚР Мәдениет министрлігі Республикалық мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығының директоры, директорының орынбасары, 2007-2012 жылдары Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығының директоры, 2012-2015 жылдары Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.
Қазіргі қызметінде - 2015 жылдан бері.




15 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 49 жыл бұрын
(1969) Түркітілес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының бас хатшысы Жандос Әнуарұлы АСАНОВ дүниеге келді.
ҚазКСР-да туған. Алматы педагогикалық шет тілдері институтын бітірген.
2004-2006 жылдары - ҚР СІМ референті, ҚР Пәкістандағы елшілігінің атташесі, үшінші, екінші хатшысы, ҚР СІМ-бе бірінші хатшы, баспасөз қызметінің жетекшісі, ҚР Президентінің хаттама консультанты, ҚР Премьер-Министрінің хаттама қызметінің жетекшісі - хатшылық меңгерушісінің орынбасары, ҚР-ның Ұлыбританиядағы елшілігінің бірінші хатшысы, ҚР СІМ Еуропа және Америка департаментінің директоры. 2006-2008 жылдары - АӨІСШК хатшылығының атқарушы директоры. 2008-2009 жылдары - ҚР-ның ЕҚЫҰ жанындағы тұрақты өкілдігінің кеңесші-елшісі. 2009-2012 жылдары - ЕҚЫҰ Миниск қаласындағы кеңсесі басшысының орынбасары, ҚР-ның Бельгиядағы елшілігінің кеңесші-елшісі. 2012-2013 жылдары - ҚР Парламенті Сенаты аппараты жетекшісінің орынбасары. 2013 жылдан қазіргі қызметінде.





15 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер45 жыл бұрын
(1973) ҚР Әділет министрінің орынбасары Эльвира Әбілқасымқызы АЗИМОВА дүниеге келді. Жамбыл қаласында дүниеге келген, заңгер - 1996 жылы Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген, халықаралық заңгер біліктілігі берілді.
Еңбек жолын 1996 жылы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде бастады. 1996 жылдан 1999 жылға дейін Халықаралық құқықтық қамтамасыз ету басқармасының жетекшісі, бас кеңесшісі болып істеді. 1999 жылдан бастап 2005 жылға дейін Заңнама, халықаралық құқық және хаттама департаменттері басқармалары бастығының орынбасары, бастығы қызметтерін атқарды. 2005 жылдан бастап 2010 жылдар аралығында Заңға тәуелді актілер және халықаралық құқық, мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау, келісім-шарттар және талап-арыз жұмыстары департаменттерінің директоры лауазымдарында жұмыс істеді. 2010 жылдан бастап 2013 жылға дейін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Халықаралық шарттарды сараптау департаментінің директоры лауазымында болды. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен (2007), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2012) мерейтойлық медальдармен марапатталған




15 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер44 жыл бұрын
(1974) Маңғыстау облысы әкімінің экономика және қаржы бойынша орынбасары ИЛМҰХАНБЕТОВА Шолпан Лазарқызы дүниеге келді.  Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бизнес және менеджмент, экономист, құқықтану, заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1995 жылы Маңғыстау облысының қаржы басқармасының болжау бөлімінің маманы болып бастаған. Әртүрлі жылдарда Маңғыстау облысының қаржы басқармасының бөлімдерін басқарған. 2004 жылдан 2012 жылға дейін Маңғыстау облысының қаржы басқармасы бастығының орынбасары, содан кейін Маңғыстау облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. Маңғыстау облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының лауазымын 2012 жылғы наурыздан бастап атқарған. 2010 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы құрметіне орай Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.

44 жыл бұрын (1974) Астана қаласындағы «Мұнай және газ, ақпараттық -талдау орталығы» АҚ «Контракт агенттігі» бөлімшесінің директоры Жан Иманғалиұлы НҰРБЕКОВ дүниеге келді.


15 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер44 жыл бұрын
(1974) ОҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрболат Бекболатұлы ДЕРБІСОВ дүниеге келді.

Ол ОҚО Төле би ауданында дүниеге келген. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетін, Қазақ гуманитарлық құқық университетін, Көкшетау техникалық институтын бітірген. Еңбек жолын мемлекеттік өрт бақылау инспекторы болып бастаған, осы салада жауапты қызметтер атқарған. Қазіргі қызметіне дейін облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары болып келген.









15 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 42 жыл бұрын
(1976) «Альфа-Банк» ЕБ АҚ-ның Бас басқарушы директоры - Басқарма мүшесі Андрей Игоревич ТИМЧЕНКО дүниеге келді.
Ол 1998 жылы Қазақ Мемлекеттік Заң Университетінің Құқықтану мамандығын тәмамдады. Гарвардтың, Уортонның, Лондонның және INSEAD бизнес-мектептерінде оқыды. Еңбек жолын Ernst&Young салық салу жөніндегі кеңесші ретінде бастады. 1998 жылдан бастап 2013 жыл аралығында «Казкоммерцбанк» АҚ Инвестициялық банкинг департаментінің 2-санаттағы маманынан бастап Басқарушы директор, Басқарма мүшесіне дейінгі түрлі қызметтерде болды. 2013 жылан бастап 2016 жылдың сәуірі аралығында «Сбербанк России» Еншілес Банкі Акционерлік Қоғамының дара бизнес жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс атқарды. 2016 жылдың 23 маусымында «Альфа-Банк» ЕБ АҚ-ның Бас басқарушы директоры лауазымына тағайындалды. 2016 жылдың 24 маусымында «Альфа-Банк» ЕБ АҚ-ның Басқарма мүшесі болып сайланды.








15 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 454 жыл бұрын
(1564-1642) итальяндық физик, механик, астроном, табиғаттану ғылымдарының негізін салушы ГАЛИЛЕЙ Галилео дүниеге келді. Италияның Пиза қаласында кедейленген ақсүйек отбасында туған. Әкесі Винченцо белгілі музыкант еді. Галилейдің үлкен оқымысты болуына әкесінің ықпалы тиді. 1581 жылы Пиза университетіне түсіп, медицинаны оқып үйренеді. Мұнда ол Аристотель, Евклид, Архимедтің еңбектерімен танысты. Сөйтіп, геометрия мен механикаға әуестенген Галилей медицинаны тастайды. Флоренцияға оралып, төрт жыл бойы математиканы зерттейді. Аристотельге қарсы «Қозғалыс туралы сұхбат» деген еңбек жазды. 1592-1610 жылдары Галилей шығармашылығының кемеліне келген шағы болатын. Тепе-теңдік принципіне негізделген машина жайлы зерттеуі, дененің еркін түсуі, дененің көлбеу жазықтықтағы қозғалысы, көкжиекке (горизонтқа) бұрыш жасай лақтырылған дененің қозғалысы, маятник тербелісінің изохрондығы туралы жаңалықтары осы кезеңге жатады. 1609 жылы Галилей өзінің алғашқы телескопын құрастырды. Ол осы телескоптың көмегімен Шолпан планетасының фазасын, Күндегі дақты, Юпитердің 4 серігін, Сатурнның сақинасын ашты. 1916 жылы Дін басылары Н.Коперник іліміне тыйым салған соң, Галилей ұзақ уақыт үй тұтқында ұсталды. 1630 жылы «Әлемнің екі негізгі жүйесі туралы сұхбат» деген еңбегін Римге алып келді. Мұнда Коперник пен Евклидтің дүние жүйелері қаралған еді. 1637 жылы Галилей екі көзінен айырылады. Галилей 17 ғасырдағы механика, оптика және астрономия ғылымдарының дамуына елеулі үлес қосты. Ол ашқан жаңалықтар дүниенің гелиоцентрлік жүйесі туралы ілімнің жеңіп шығуына ықпал етті. Статика тарихы Архимедтен басталса, динамика тарихы Галилейден басталады. Ол ұлы ғалым болуымен бірге, музыкант, суретші, ақын, әдебиетші де болды.

221 жыл бұрын (1797-1871) фортепьяно шебері, Steinway & Sons фирмасының негізін қалаушы ШТАЙНВЕГ Генрих Энгельгард - дүниеге келді.

156 жыл бұрын (1862-1905) ресейлік кәсіпкер және меценат МОРОЗОВ Савва Тимофеевич дүниеге келді.

112 жыл бұрын (1906-1944) татар кеңестік ақыны, Лениндік сыйлықтың лауреаты Мұса Мұстафаұлы ЖӘЛЕЛ (ЗАЛИЛОВ) дүниеге келді.

95 жыл бұрын
(1923-2011) кеңестік және ресейлік қоғам қайраткері, құқыққорғаушы, диссидент, көсемсөзші БОННЭР Георгиевна Елена дүниеге келді.

 


Басты сөздер: Күнтізбе, Қоғам,
Бөлісіңіз:
Онлайн қызметкерлер
Редактор
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059
Редактор
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
Мұрағат