13-ші Шандунь көрмесі: Қазақстандық аграршылар жаңа технологиялармен танысты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық бизнесмендер Қытайда өткен 13-ші Халықаралық ауылшаруашылық машиналары көрмесінде осы саладағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндігіне ие болды.

14 адамнан құралған қазақстандық бизнесмендер делегациясының көрмеге қатысуын «Қазақстан-Қытай саудаға жәрдемдесу қауымдастығы» ЗТБ ұйымдастырды.

Қазақстаннан барған делегацияны Яньчжоу аймағындағы Цзинин қаласының Компартия хатшысы Ван Хунвэй қарсы алып, қазақстандық кәсіпкерлерді Яньчжоу өнеркәсіптік аймағымен таныстырды.

Артынша кәсіпкерлер Қытайдың ауылшаруашылық техникаларын, құрылыс техникаларының қосалқы бөлшектерін шығаруға маманданған бірнеше компаниясын аралады.

Биыл Шандунь көрмесі ауылшаруашылық техникасы тақырыбына арналды. Шандунь провинциясы қаржыландырған «Жасыл интеллект және инновациялар» атты жиында ауыл шаруашылығының алуан түрлі техникалары таныстырылды. Шара барысында қазақстандық кәсіпкерлер ауылшаруашылық машиналарын жасау, топырақ өңдеу салаларындағы соңғы жетістіктерді көрді.

Көрме бірнеше бөліктен тұрды. Мәселен, ауылшаруашылық қондырғыларының «ақылды» бөлігінде ақпарат өңдеудің интеллектуалдық ауылшаруашылық технологиясы, қашықтықтан бақылау технологиясы және геологиялық ақпараттық жүйе, интеллектуалдық құрылғылар, ауылшаруашылық интернет-технологиялары және спутниктік навигациялық құрылғылар көрсетілді.

«Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасы жалпы экономика тұрғысынан да, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың нақты мәселелері тұрғысынан да маңызды стратегиялық әріптестер болып табылады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен дамытуға инвестиция тарту бойынша ҚР және ҚХР арасындағы ынтымақтастықтың маңызды екендігін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 2017 жылы Астанадағы кездесу аясында қадап айтқан болатын.

Бірегей табиғат-климаттық мүмкіндіктері бар, ұлан-ғайыр аумаққа ие Қазақстан болашақта ауылшаруашылық өнімдерін шығару және өңдеу саласында әлемнің көшбасшысына айналуы мүмкін. Ол үшін не қажет? Дәйекті аграрлық саясат және стратегиялық инвесторларды жұмылдыру қажет. Бұл мәселеде Қытай іс жүзінде қолдау көрсетуі мүмкін», - дейді «Қазақстан-Қытай саудаға жәрдемдесу қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Бейсек Қанат.

Сондай-ақ көрмеде егін ору машиналары, суару қондырғылары, өсімдіктерді қорғауға арналған құрылғылар, дала жұмыстарын басқарудың жаңа технологиялары да жұрттың назарын аударды.

«Екіжақты кездесулер нәтижесінде Қазақстанның «Азам-КС» ЖШС мен Қытайдың «JINAN BODOR CNC MACHINE» компаниялары арасында металл кесетін лазерлік қондырғыны жеткізу бойынша келісімге қол жеткізілді. Сондай-ақ «Қазақстан-Қытай саудаға жәрдемдесу қауымдастығы» мен «Яньчжоу өңірінің Цзинин қаласы Халық үкіметі» арасында меморандумға қол қойылды», - дейді делегация басшысы, «Қазақстан-Қытай саудаға жәрдемдесу қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасының орынбасары Ж. Ыбыраев.

Еске сала кетейік, Қытайда 8 мыңға  жуық кәсіпорын ауыл шаруашылығына маманданған 3 мың түрлі машиналарды шығарады, олар әлемнің 211 елі мен өңіріне экспортталады.

Шаньдун провинциясы - Қытайдың ауыл шаруашылығына маманданған ең ірі өңірі. Мұнда ауылшаруашылық техникаларын шығаратын 2 мың кәсіпорын шоғырланған. Өңірдің 2016 жылғы машинажасау экспорты 200 млн АҚШ долларын құрады.

 

Соңғы жаңалықтар