12 жастағы вундеркинд латын әліпбиінің жаңа нұсқасын жасады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық студент, 12 жастағы вундеркинд Абзал Мырзаш қазақ-латын әліпбиінің өзіндік нұсқасын жасап шығарды. Ол еңбегін ҚР Білім және ғылым министрлігі А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты мамандарының назарына ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абзал өз жобасында кириллицадағы Қазақ әліпбиінің 42 әрпін сақтауға тырысты.

Студенттің әкесі Дәуренбек Нысановтың айтуынша,  Абзал 42 әріпті сақтамаған жағдайда қазақ жазушыларының, ақындарының, тарихшыларының, ғалымдарының, филологтарының өткен ғасырдан бастап осы кезеңге дейінгі орны толмас еңбектері мен шығармаларын қазақ-латын әліпбиіне көшіру мүмкін болмайтынын ескерген.

«Абзал Дәуренбекұлы өз жобасында өзге тілдерде кездеспейтін қазақтың 9 төл әріптерінің бесеуін (Әә, Ғғ, Өө, Үү, ң) диграфпен (Ah ah, Gh gh, Oh oh, Uh uh, nh), ал, төртеуін (Іі, Ққ, Ұұ, h) 1 әріп - 1 дыбыс (Ii, Qq, Ww, Xx) ретінде және қазақ әліпбиіндегі өзге ұлттармен ортақ 2 әріпті де (Ж, Ш) диграф (Zh zh, Sh sh) ретінде қолданған еді. Сонымен қатар, ұлым орыс тілінен және шет тілдерінен енген сөздердегі дыбыстардың бесеуіне (Ёё, Чч, Ээ, Юю, Яя) диграф (Yo yo, Ch ch, Ye ye, Yu yu, Ya ya), біреуіне (Щщ) триграф (Sch sch), жуандық және жіңішкелік ретіндегі екі таңбаға (ъ/ь) апострофты қолданды.

Апострофты барлық әріптерге қолданғанға қарағанда, диграф ретіндегі қолданыс әлдеқайда тиімді және қолайлы екені рас қой?!» - деді Дәуренбек Нысанов.

Абзалдың пайымдауынша, қазақтың кириллицадағы 42 әрпін бір әріп, бір дыбыс ретінде жасауға Латын әліпбиіндегі 26 әріп таңбалары жетпейді.

«Бірақ, Елбасының негізгі тапсырмасы компьютердің, планшеттің және смартфонның пернетақтасына (клавиатурасына) ыңғайлап, қазіргі заман талабына сай болатындай, латынның 26 әрпінен жасауға тырыстым», - деді Абзал Мырзаш.

Айта кету керек, бұл Абзалдың алғашқы еңбегі емес. Алғашқы қазақ-латын әліпбиі ретінде жасаған өз нұсқасын ол былтыр қыркүйекте Елбасына жолдаған еді.

Оған ешқандай жауап келмеген соң, 20 желтоқсанда өзгертулер енгізіп, қазақ-латын әліпбиін қайта жасаған болатын.

12 жасар вундеркинд - ҚБТУ-дың 1-курс студенті Абзал Мырзаштың жасаған қазақ-латын әліпбиіне ҚР БҒМ Ғылым комитеті А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты баға берді.

«Сіздің  қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпбиге көшіру тақырыбына пікір білдіргеніңізге алғыс білдіреміз. Сіздің жобаңызда 7 әріпті (Ә - Аһ, Ө - Оһ, Ғ - Gh, Ң- Nh, Ү - Uh, Ж - Zh , Ш - Sh) диграфпен, орыс және шет тілінде кезедесетін әріптерді ( Е,Ч,Э,Ю,Я) диграфпен, Щ-ны триграфпен беруді ұсыныпсыз. Сіздің жобаңызда диграф, триграф кезедседі. Диграфтың көп болуы тәжірибеде көрсетілгендей, сөздің тұрқын ұзартып, оқуға да, жазуға да қиындық келтіреді. Оған 2017 жылдың 11 қыркүйегіндегі Парламент тыңдауында қаралып халыққа ұсынылған 8 диграфтан тұратын жоба дәлел бола алады», - делінген ресми жауапта.  

Соңғы жаңалықтар