«111» сенім телефоны жүздеген қазақстандық баланы құтқарып қалды - Зағипа Балиева

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «111» сенім телефоны арқылы 111 қазақстандық бала құтқарылған. Бұл туралы Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева Бүкіләлемдік балалар күніне орай ұйымдастырылған халықаралық конференция барысында мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Менің әріптестерім - Парламент депутаттары мен Үкіметтің қолдауы арқасында «111» сенім телефоны жұмысын бастады. Осы аралықта біз көптеген балаларға қол ұшымызды создық. Қандай көрсеткішпен мақтана аламыз - біз 7 мың балаға көмек көрсетіп, олардың 111-нің өмірін сақтап қалып, психологиялық көмек көрсеттік. Біз барлық құқық қорғау органдарын, министрліктерді біріктіре отырып, келісімдерге келіп, жас жеткіншектерге қолдау білдіріп келеміз», - дейді Зағипа Балиева.

Оның айтуынша, өмірде қиын жағдайға тап болған балалар «111» нөміріне кез келген уақытта тегін хабарласып, көмек ала алады. Ендігі кезекте бүкіләлемдік «Чайлд хелп лайн» желісіне қосылып, қазақстандық «111» нөмірінің қызметін бүкіл әлемнің балаларының кәдесіне жаратса деген мақсат бар.

Зағипа Балиева, сонымен бірге, жастар мен балаларға арналған ұйымдардың күшін біріктіре отырып, Қазақстан жастары мен балаларының Конгресін өткізу көзделіп отырғанын хабарлады.

Айта кетсек, конференция үкіметтік емес сектор мен халықаралық ұйымдардың өкілдерімен бірге балалар құқығы жөніндегі омбудсменмен серіктесе жұмыс жүргізу аясында өткізіліп отыр. Конференцияның жұмысын жүргізу 20-21 қарашаға көзделген. Оған мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары, ҮЕМ мүшелері, халықаралық сарапшылар, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен түрлі ұйымдардың мүшелері қатысуда.

Соңғы жаңалықтар