11 қарашада өтетін Қазақстандағы маңызды оқиғаларға шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 11 қараша күні болатын маңызды оқиғаларға шолуды ұсынады.

АСТАНА

Сағат 11:00-де «Кеден» спорт кешенінде  ҚР Қаржы министрлігі жүйесі қызметкерлері арасында мини-футболдан турнир өтеді.

Сағат 12:00-де Р. Қошқарбаев даңғылы («Нұр Аспан» тұрғын үй кешені) бойында Ақмола облысының «AQMQL» сауда үйі ашылады. Бұл шараға облыс әкімі Мәлік Мырзалин мен өңірдің ірі тауар өндірушілері қатысады деп күтілуде.

Сонымен қатар осы уақытта елордадағы «Сарыарқа» ойын-сауық орталығында Дүниежүзілік балалардың күні қарсаңында жас әртістердің орындауындағы «Айналайын: Сен жұлдызсың!» атты клиптің таныстырылымы өтеді.

Бұдан бөлек, сағат 15:00 кезінде Ұлттық ғылыми медициналық орталық базасында интервенциялық кардиологтардың халықаралық форумы басталады.

Сағат 17:00-19:00 аралығында Rixos President Astana қонақ үйінің конференц-залында  британдық үкіметтің «Chevening» стипендиясы бойынша қазақстандық түлектердің бірінші форумы ұйымдастырылады.

АЛМАТЫ

Сағат 10:00-де Ботаникалық бақта жүгіруден күзде ұйымдастырылатын шара өтеді. Оған 700-ге тарта спортшы қатысады деп күтілуде. Маусымдық жүгіру төртінші рет өткізілмек және «Алматы марафонына» дайындық кезеңінде биылғы қорытынды жарыс болады.

Сағат 10:30 кезінде  Жәния Әубәкірованың авторлық мектебінде Junior NBA 2017-2018 жасөспірімдер лигасы жалауын көтереді.

Ұйымдастырушылар ретінде Қазақстан баскетбол ұлттық федерациясымен және Қазақстандағы АҚШ елшілігімен ынтымақтастықта Американың ұлттық баскетбол қауымдастығы (NBA) ниет танытып отыр.

Лига турнирлерін Баскетбол ұлттық федерациясы NBA-мен бірлесе өткізеді.  Лигада екі турнир қамтылған, бұл жарыстар Астана мен Алматыда өтеді. Лиганың жеребе тарту шарасы 11 қарашада Алматыда болады.

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Ертең Ақмола облыстық №2 ауруханасында инсульт орталығы ашылады.

Сонымен қатар сенбі күні Көкшетаудағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің арзан азық -түлік жәрмеңкесі өтеді.

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Петропавлда СҚО әкімі Құмар Ақсақалов ауыл шаруашылығы саласының жұмысшыларын құттықтап, марапаттайды деп жоспарлануда. Мұнымен қоса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылмақ.

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Сағат 09:00-де Шымкентте «RIC ON KO'RME» атты апталық жәрмеңкесі басталады. Аталған жәрмеңкеде тек қана «ОҢТҮСТІК» АИО және «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы қаржыландырылған тауар өндірушілері өз өнімдерін нарықтан төмен бағада ұсынатын болады.

Жәрмеңкеде 40 шақты кәсіпкер өз тауарларын нарықтан төмен бағамен сатылымға шығарады. Олардың ішінде азық-түлік: ет және сүт өнімдері, балық және шұжық өнімдері, жеміс-жидектер мен көкөністер. Одан бөлек, жеңіл өнеркәсіптік тауарлар, қолдан жасалған бұйымдар, құрылыс материалдары, сондай-ақ балалар үшін ойыншықтар да бар.

Шараның ашылу рәсімінде балалар үшін ойын-сауық және ұлттық ойындар ұйымдастырылып, халыққа палау таратылып, жәрмеңкеге қойылған еттерден барбекю пісіріліп, халықтың берген бағасы арқылы ең дәмді ет анықталатын болады. Өтетін орны: «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы» ғимаратының алдында

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ

Павлодардағы «Форсаж» базарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Оған облыс аумағындағы қалалар мен аудандардан 100-ден астам ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қатысуға ниет білдірді.

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ

11-12 қарашада Жамбыл облысы Ішкі істер департаменті Халық қаһарманы, батыр полицей Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арналған шараны өткізеді.

11-14 қараша аралығында Таразда «Ancient Taraz-2017» халықаралық туристік форум ұйымдастырылады. Форум жұмысына Қытай, Корея, Малайзия, Германия, Ресей, Қырғызстан және басқа да елдерден 350-ге тарта шетелдік мамандар қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар бұл шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Тараз әкімдігінің, өңірлік туризм басқармасының, қазақстандық және халықаралық туристік қауымдастықтардың өкілдері келетін болады.

11-12 қараша аралығында Жамбыл облысы Бектөбе ауылының ипподромында саятшылықтан жастар арасында ІX республикалық чемпионат өтеді. Осы шараға еліміздің өңірлерінен 80-ге тарта спортшы қатысатыны белгілі болды. 

Соңғы жаңалықтар