Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 330.22
EUR 388.07
RUB 5.60
CNY 49.93

11 қараша. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

11 қараша. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
2017 жылғы 11 қараша 06:30 556

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2017 жылғы 11 қарашаға арналған күнтізбесін ұсынады.

11 қараша, CЕНБІ

Халықаралық энергия үнемдеу күні

Бұл мереке 2008 жылғы сәуірде Қазақстанда SPARE халықаралық үйлестірушілер мәжілісінде қабылданды. 2008 жылғы қарашада әлем халқы алғашқы Энергия үнемдеу күнін атап өтті.

Дүниежүзілік шоппинг күні

Бұл мереке 2009 жылы пайда болды. Ол күні қытайлық «Alibaba Group» интернет-алаңы өз ресурстарында (AliExpress.com интернет-дүкенінде) тауарларға 50% жеңілдік жасап, «Дүниежүзілік шоппинг күні» деген маркетингтік науқан жүргізген болатын.

Польша Республикасының ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні

Польша - Орталық Еуропадағы, Висла мен Одра өзендерінің аумағындағы мемлекет. Солтүстігін Балтық теңізі шайып жатса, батысында Германиямен шектеседі, оңтүстік-батысында Чехиямен, оңтүстігінде Словакиямен, оңтүстік-шығысында Украинамен, шығысында Беларусьпен, солтүстік-шығысында Литвамен және Ресеймен шектеседі. Астанасы - Варшава. Мемлекет басшысы - президент. Заң шығарушы орган - екі палаталы парламент (Сейм мен Сенат). Әкімшілік бөлінісі - 16 воеводство, повяттар, гминдер. Ресми тілі - поляк тілі. Ақшалай бірлігі - злотый.

Бірінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандарды еске алу күні

11 қараша адамзат тарихындағы ең кең ауқымды қарулы қақтығыстардың бірі саналатын бірінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандарды еске алу күні (1914 жылғы 28 шілде - 1918 жылғы 11 қараша). Бұл соғыс төрт империяны тарих сахнасынан кетірді, олар: Ресей, Германия, Австро-Венгрия және Осман империялары.

Ангола Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1975)

Ангола - Африканың оңтүстік-батысында орналасқан мемлекет. Солтүстігінде және шығысында Конго Демократиялық Республикасымен, шығысында Замбиямен, оңтүстігінде Намибиямен, батысында Атлант мұхитымен шектеседі. Астанасы - Луанда қаласы. Мемлекеттік тілі - португал тілі. Ақша бірлігі - жаңа кванза.

Бельгияның мемлекеттік мейрамы - Татуластық күні (1918)

1918 жылдың 11 қарашасында Антанта мен Германия арасындағы татуластық келісіміне қол қойылуына орай атап өтіледі және қаза тапқан барлық француз және бельгиялық сарбаздарды еске алу күні болып есептеледі.

Латвияның мемлекеттік мейрамы - Лачплесис күні (1919)

1919 жылы осы күні жас латвиялық әскери құрылымдар Бермонт әскерлерінің Ригаға шабуылына тойтарыс берген. Осы оқиғаға байланысты 1919 жылдың 11 қарашасында Лачплесис жауынгер ордені бекітілген. 1920 жылғы 18 қарашада орденнің жарғысы және оның «Латвия үшін» ұраны қабылданды.

Канадада Еске алу күні

Жыл сайын 11-інші айдың 11-і күні сағат 11-де бүкіл Канада қалыпты ырғағын тоқтатып, екі минут үнсіз қалады. Осы екі минут тыныштықтарын канадалықтар ұлттың жарқын болашағы үшін өз өмірлерін қиған отандастарын еске алуға арнайды. Бұл дәстүр 1919 жылдан, Бірінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталуына бір жыл толуына орай, Король V Георг «Империяның барлық халықтарына» өмір сүру құқығы мен отандастарының бостандығы үшін өмірлерін құрбан еткендерді мәңгі есте қалдыруға шақырған үндеу арнауымен басталған еді.

Қытайда бойдақтар күні

Бұл күн «1» саны жалғыздықты білдіретін болған соң таңдалды, 11 қарашада бұл сан төрт рет қайталанады (11.11)! Бойдақтар күні алғаш рет 1993 жылы Нанкин университетінде атап өтілді.

Бітім жасау күні (Еске алу күні)

1918 жылы 11 қарашада Бірінші дүниежүзілік соғыстың әскери операцияларына нүкте қойған Компьен бітімгершілік келісіміне қол қойылды. Қазір бұл күн Бельгия, Франция, Сербияда және т.б. елдерде атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1996 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты құрылды. 

1998 жылы Астанадағы Перинаталдық орталық жанынан Республикалық ана мен бала денсаулығын қорғау ғылыми-зерттеу орталығы ашылды.

2004 жылы Астанада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының IV Құрылтайы өтті. Бұл шараға барлық облыстардан делегаттар, қазақ қоғамдастығының шет елдердегі өкілдері де қатысты. Мемлекеттік тілдің қолданылуы мен дамуы, оның мәртебесін арттыру, сондай-ақ республикадағы ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықты нығайту мәселелері талқыланды. 

2004 жылы 11-13 қарашада Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Н.Тілендиев атындағы I Республикалық дирижерлер конкурсы өтті. Оны атақты композитордың өз атындағы Академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестр ашты. 

2006 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында көрнекті энциклопедияшы-ғалым, ағартушы және әдебиетші Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесінің ашылуы болды. Кешенді кесене сары алтын түсті кірпішпен тұрғызылған, кесененің өзіне 73 баспалдақпен көтеріледі - Мәшһүр Жүсіп осынша жыл өмір сүрген. Ғимараттың ішінде мұсылман діни ұстанымдары негізінде екі бөлме - зиратхана мен гурхана бар. Біріншісі намаз оқып, келушілердің еркін әңгімелесуіне арналса, гурханада сандықтас орналасқан. Ол қордайлық граниттен көне түркілік үлгіде, адам өмірінің кезеңдеріне сәйкес, үш деңгейде орындалған. Алтынмен апталған кіреберіс есікті көркем өрнектеп, әсем әшекейлеген ең үздік қазақстандық зергерлердің бірі - Қырым Алтынбеков. 14 метрлік  екі күмбезге Алланың 99 аты жазылған. Көрікті кешеннің авторлары - Бек Ыбыраев пен Сәдуақас Ағытаев.

2010 жылы Астанада Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының аясында тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасы құрбандарын оңалту жөніндегі әлеуметтік қызметтерді дамыту мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» жұмысын бастады.

2010 жылы Туризм және спорт министрлігінде VII Азия ойындарын өткізу қарсаңында арнайы естелік монеталардың таныстырылымы өтті. 

2010 жылы Нью-Йоркте АҚШ-тағы Қазақстанның сауда-өнеркәсіп палатасы өкілдігінің таныстырылымы өтті.

2011 жылы Алматыда қайта жаңартылған «Цезарь» кинотеатрында «СтрахOFF!» екінші қазақстандық кинофестиваль өтті. Жоба авторы - Қуаныш Дәуітов.

2011 жылы Алматыда ҚР Тұңғыш Президенті саябағында «Қазақстан» монументалдық-скульптуралық композициясы ашылды. Оның дәл ортасына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсіні орнатылған. Ел жетістігін бейнелейтін композиция қола, гранит, мәрмәр тастарынан қыран құстың қанаты сұлбасында жасалған. Монументтің авторы - мүсінші Шоқан Төлеш.

2011 жылы Минскіде Қазақстанда жиналған HD-78 модельді жүк көліктерін жеткізу бойынша шартқа қол қойылды.

2011 жылы Астанада агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің республикалық форумы өтті.  

2013 жылы ҚР және РФ арасындағы Х мерейтойлық  өңіраралық ынтымақтастық форумының қорытындысы бойынша екі елдің президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы XXI ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы шартқа қол қойды.

2013 жылы «Білім» және «Мәдениет» телеарналары біріктірілді.

2013 жылы Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева көркемөнер және мәдениет саласындағы Еуропалық өнер одағы беретін «Golden Europea» («Алтын Еуропа») жоғары наградасын алды.

2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының кеңесінде «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арналған жолдауын таныстырды.  

2014 жылы Алматыдағы метроның «Байқоңыр» стансасында Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет» әлеуметтік суреттерінің көрмесі өтті.

2014 жылы Қазақстан, Ресей және Украина бірлесіп түсірген қазақтың батыр ұлы Қасым Қайсенов жайлы 4 сериялы көркем фильм халықаралық деңгейдегі зор марапатқа ие болды. Фильм Ресейдің бас наградаларының бірі «Почетный орден Кузбасса» орденімен марапатталды. Туындыдағы басты рөлді Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актеры Қуандық Қыстықбаев сомдады.

2015 жылы «Қазақ хандығының 550 жылдығы» атты 10 бөлімнен тұратын деректі фильмнің түсірілімі аяқталды. Бұл деректі фильмге еліміздің және шетелдің бетке ұстар ғалымдары, ақындар, режиссерлер атсалысқан. Фильмнің алғашқы бөлімі қыпшақ және армян мәдениеттерінің өзара тығыз қарым-қатынасының тарихына арналған. Фильм 1465 жылы Қазақ хандығының құрылуынан бастап Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі қазақ халқы шежіресіндегі айшықты кезеңдер туралы баяндайды.

2015 жылы Елордада Еуразиялық ықпалдастықтың негізгі мәселелеріне арналған Астана клубының I отырысы өтті. Астана клубының алғашқы отырысында АҚШ, Ресей, Еуропалық Кеңес, Қытай, Түркия, Иран және өзге де елдерден 50-ден астам экономика, саясат, халықаралық қатынастар саласындағы жетекші сарапшылар бас қосты.

1843 жылы алғаш рет дат жазушы Ганс Христиан Андерсеннің «Сұмпайы үйрек» атты атақты ертегісі жарыққа шықты.

1930 жылы Эйнштейннің тоңазытқышы патенттелді - оны Альберт Эйнштейн Лео Силардпен бірге әзірлеген. Тоңазытқыш спиртті отынмен жұмыс істеді, ол сол кезде қолданыста болған үлгілерден барынша қауіпсіз болды. Алайда ол өндіріске шығарылмады.

1936 жылы Алғаш рет әлемде теледидардан ауа райы болжамы көрсетілді. Бұл жаңалық Англияда болды.

ЕСІМДЕР

114 жыл бұрын (1903-1987) актер және режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ДЬЯКОВ Виктор Иванович дүниеге келді.

Харьков қаласында туған. Ленинградтың (қазіргі Санкт-Петербург) сахна өнері техникумында оқыған. 1937 жылдан режиссурамен айналысып, Қазақстандағы ұйғыр музыкалық драма театрында, қазақ және орыс драма театрында қызмет еткен. 1953-1963 жылдары Қазақ телестудиясының бас режиссері болған. 1934-1941 жылдары Қазақ академиялық драма театры студиясында және Алматы театр училищесінде педагогикалық қызметпен шұғылданған. Ол театр сахнасында Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», Ш.Сәлиевтің «Отанды сүю», Ә.Әбішевтің «Бір семья», М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай» пьесаларын қойған. «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және медальдармен марапатталған.


11 қараша. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР 93 жыл 
бұрын (1924-1985) ақын, жазушы АМАНШИН Берқайыр Сәлімұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. Қазақ педагогикалық институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет) бітірген. 
Атырау, Жамбыл облыстарында әр түрлі жауапты қызметтер атқарған. 1952-1953 жылдары - Қазақстан Компартиясы ОК-нің нұсқаушысы. Республикалық газет-журналдар мен баспа орындарында жұмыс істеді.  Алғашқы «Өлеңдер» жинағы 1954 жылы жарық көрді. «Жылқылы ауылда» (1956), «Бұтақтағы бұлбұлдар», «Жетісу - Жайық», «Ақбота», «Менің өмірбаяным», «Маңғыстауым менің», «Ақ жүректер», «Жайық желі», «Құтты мекен» атты өлеңдер мен поэмалар жинақтарының, «Жар мұңы», «Көкжар», «Гүл көтерген» әңгімелер мен повестердің, «Махамбеттің тағдыры» романының авторы. 

«Исатайдың семсері», «Таныстық керек», «Жылама, Дәмеш» (М.Гершпен бірге), «Маңғыстау оқиғасы» пьесалары республикалық, облыстық театр сахналарында қойылған.  Махамбет, ЬІ.Шөреков шығармаларын жинастырып, жүйелеп бастыруға елеулі еңбек сіңірді. Л.Н.Толстой, А.С.Пушкин, С.Юлаев, т.б. шығармаларын, көне орыс әдебиеті ескерткіші - «Игорь жорығы туралы жырды» қазақ тіліне аударған.


11 қараша. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР 74 жыл
 бұрын (1943) филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі ҚҰНАНБАЕВА Сәлима Сағиқызы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Алматы шет тілдері педагогикалық институтын және аспирантурасын бітірген. 1972-1992 жылдары - Алматы шет тілдері педагогикалық институтының оқытушысы, аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі, доценті, проректоры. 1992-1998 жылдары - Қазақ мемлекеттік әлем тілдері институтының бірінші проректоры, оқу ісі жөніндегі проректоры. 1998-1999 жылдары - Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ректоры, бірінші проректоры, оқу ісі жөніндегі проректоры. 50-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 3 монографияның авторы. 





11 қараша. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР 69 жыл 
бұрын (1948-2013) қоғам қайраткері МҰХАМЕДЖАНОВ Орал Байғонысұлы дүниеге келген.

Қостанай қаласында туған. Новосібір кооперативтік сауда институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1971-1974 жылдары Қостанай қаласында облыстық тұтынушылар одағында, мәуіті-шұға комбинатында, облыстық комсомол комитетінде жұмыс істеген. 1974-1992 жылдар аралығында комсомол және партия органдарында әртүрлі лауазымдарда, халық депутаттары Торғай облысы облыстық кеңесінде еңбек етті. 1992-1994 жылдары Торғай облысы Амангелді аудандық әкімшілігінің басшысы болып жұмыс істеді. 1994 жылы - ХІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Экономикалық реформа комитеті төрағасының орынбасары. 1995-1997 жылдары - Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі. 1997-2004 жылдар аралығында - Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары, меңгерушісі болып жұмыс істеді. 2004 жылғы қыркүйектен бастап ІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 2004 жылғы қараша - 2007 жылғы маусым аралығында ІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы.  2007 жылғы қыркүйекте төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып қайта сайланды. Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі. 2008 жылғы ақпаннан бастап «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының Мәжілістегі фракциясының басшысы. 2008 жылғы қазанда ІV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы болып сайланды. Бір мезгілде «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының Мәжілістегі фракциясының басшысы. 2012 жылғы қаңтарда Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының тізімі бойынша V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды.

«Құрмет», «Парасат» ордендерімен, Достық Орденімен (Ресей Федерациясы), «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. 

69 жыл бұрын (1948) қоюшы-суретші ТҰЯҚОВ Есенгелді Жұмақұлұлы дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінің декорация (безөндіру) факультетін (1972) декоратор-суретші мамандығы бойынша; М.Горький атындағы Мәскеу көркемөнер академиялық театры жанындағы Немирович-Данченко атындағы Мектеп-студиясының қоюшы суретшілік факультетін (1977) сахна суретшісі-технологы мамандығы бойынша бітірген. Қысқа терминологиялық сөздіктің авторы. 1969-1971 жылдары - Кеңес Әскерінің қатарында қызметте. 1977 жылдан - К.Станиславский атындағы Қарағанды облыстық драма театрының қоюшы суретшісі. 1978 жылдан - Алматы мемлекеттік театр және көркемөнер институтының оқытушысы. 1978 жылдан бері - М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бас суретшісі - «Кең сахна» ЖШС директоры. 200-ге жуық көркемдік-қоюшылық жұмыстарының авторы: М.Әуезовтің «Қарагөз», «Абай», «Айман-Шолпан»; Ш.Айтматовтың «Ақ кеме»; Ғ. Мүсреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Махаббат әні»; Н.В.Гогольдің «Ревизор»; Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат»; Б.Муқайдың «Бойдақтар»; У.Шекспирдің «Гамлет»; Г.Гориннің «Геростратты Ұмыту», Ә.Кекілбаевтің «Абылай хан», К.Балнұрдың «Қалқаман-Мамыр», Ғ.Жұбанованың «Құрманғазы» қойылымдары. Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының (Астана қаласы), С.Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының т.б. сахналық алаңдарын безендірген. Орталық Азия ойындарының бас суретшісі (1996). Астана қаласының ашылуына арналған шаралардың, салтанатты концерттердің, Астана қаласының және ҚР басқа қалаларының концерттік залдары мен сахналарының қоюшы-суретшісі. Чехословакия, Грекия, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан елдеріндегі халықаралық, одақтық және республикалық сахна безендіру көрмелерінің қатысушысы. ҚР Суретшілер одағының мүшесі. Қазақстан Театр қайраткерлері одағы төралқасының мүшесі. ҚР Суретшілер одағы басқармасының хатшысы. «Құрмет» орденімен (2009), КСРО ХШЖК сахнасуреттеу саласындағы күміс медалімен марапатталған. ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері (1991). Моңғолия еңбек сіңірген қайраткері. 


11 қараша. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР 54 жыл
бұрын (1963) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының орынбасары (жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары) -Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасы Жауынгерлік дайындық және дене шынықтыру бас басқармасының бастығы ҚОЙШЫҚҰЛОВ Тұралы Хамитұлы дүниеге келді.

Бұрынғы Шымкент облысы Қызылқұм ауданы, Жылға ауылында дүниеге келген. 1984 жылы Качинск жоғары әскери ұшқыштар үчилищесін, 1996 жылы Ю.А.Гагарин атындағы әскери әуе академиясын, 2006 жылы Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабы әскери академиясы жанындағы жоғары академиялық курстарды бітірген.  Екінші дәрежелі «Айбын» орденімен және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және басқа да медальдармен марапатталған.







11 қараша. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР 34 жыл
бұрын (1983) Солтүстiк Қазақстан облысы Шал ақын ауданының әкiмi ЕСIМОВ Нұрлан Орынбасарұлы дүниеге келген.

Жамбыл облысының Тараз қаласында туған. 2005 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетiн заңгер мамандығы бойынша, 2009 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттiк университетiн, 2013 жылы Ұлыбританиядағы Данди университетiн тәмамдаған. «Болашақ» бағдарламасының түлегi.

Еңбек жолын 2005 жылы «Темiржолжылу» акционерлiк қоғамында нормативтiк-құқықтық бөлiмнiң жетекшi маманы болып бастаған. 2005-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы материалдық-техникалық қамсыздандыру басқармасында заңгер, 2006-2007 жылдары - «Әскерилендiрiлген темiржол күзетi» АҚ-ның мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастыру бөлiмiнiң бас маманы, 2007-2008 жылдары - Көкшетау қаласы прокурорының көмекшiсi, Ақмола облысының прокуратурасы, 2008-2014 жылдары - Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi Мемлекеттiң мүлiктiк құқығын қорғау жөнiндегi департаментiнiң бас сарапшысы, 2014-2015 жылдары - Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгiнiң Инвестициялар жөнiндегi комитетiнiң заң басқармасында жұмыс істеген. 2015-2016 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Мемлекеттiк бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлiмiнiң инспекторы, 2016-2017 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Мемлекеттiк бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлiмiнiң мемлекеттiк инспекторы қызметiн атқарған.

Қазіргі қызметінде - 2017 жылдың маусым айынан бері.


11 қараша. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР 32 жыл
бұрын (1985) Ақмола облысы Аршалы ауданының әкімі ТАЙЖАНОВ Азамат Айтбайұлы дүниеге келді.

Қазақ гуманитарлық-заң университетінің бакалавриатын және магистратурасын тәмамдаған. Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлегі, 2010 жылы Жапонияда Токай университетін аяқтады.

Еңбек жолын 2005 жылғы қазанда Астана қаласы «Ықылас К» ЖШС менеджері болып бастады. 2007 жылғы қарашадан бастап 2008 жылғы тамыз аралығында Қазақстан Республикасы экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде мемлекеттік әкімшілік лауазымдарды атқарды. 2008 жылғы қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы қоршаған ортаны қорғау министрлігінде эксперт болды. 2011 жылғы ақпаннан - Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің кеңесшісі. 2013 жылғы сәуірден бастап Степногорск қаласы әкімінің орынбасары қызметінде болды. 2013 жылы Егіндікөл ауданының әкімі лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметінде - 2016 жылдың сәуір айынан бері.


11 қараша. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР 196 жыл
 бұрын (1821-1881) ұлы орыс жазушысы ДОСТОЕВСКИЙ Фёдор Михайлович дүниеге келді.














11 қараша. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР 42 жыл 
бұрын (1974) американдық актер Леонардо ДИ КАПРИО дүниеге келді.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер