101 млн теңге көлемінде пара алу ісіне қатысты тағы бір адам сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Сот БҚО мемлекеттік кірістер департаментінің бұрынғы тергеушісі Армат Құрмановты сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылыққа барғаны үшін айыпты деп таныды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Аталмыш департаменттің бұрынғы бөлім басшысы Нұрболат Урналиевтің 101 млн теңге көлемінде пара алып, 13 жылға бас бостандығынан айырылғаны жөнінде бұдан бұрын жазған болатынбыз. Ал А.Құрманов Н.Урналиевке департамент ғимаратынан құжаттарды алып шығуға көмектескен.

Сотқа дейінгі тергеу органдары анықтағанындай, Армат Құрманов 2016 жылғы қазанда департаменттің бөлім басшысы Нұрболат Урналиевке «ҚарашығанақАгроСтрой» ЖШС-ның есеп құжаттарын заңсыз қайтарған. Қайтарып қана қоймай, Урналиевке берген құжаттарын бұрын жасалған хаттамадан алып тастап, бұрмалауға барған.

Сот А.Құрмановтың іс-әрекетін ҚР ҚК 361-бабы 2-бөлігі (қызмет бабын теріс пайдалану) және 416-бабы 4-бөлігі (дәлелдемелерді бұрмалау) негізінде бағалап, ҚР ҚК 55-бабы 1-бөлігі 1-тармағына сәйкес оған бас бостандығынан шектеу түріндегі балама жазаны қолдануды жөн деп тапты.  Рақымшылық туралы заңның 7-бабы 3-тармағына сәйкес рақымшылыққа жататын сотталушылар негізгі жазадан босатылады.

Осыларды ескере келе, сот Армат Құрмановқа мүлкін тәркілеумен және мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырумен бірге екі жылға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады. Осы мерзімге пробациялық бақылау орнатылады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 

Соңғы жаңалықтар