100 жастағы қария ұзақ жасаудың құпиясын айтты - Ақтөбе

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбелік Айжамал Мырзағалиева  бүгін 100-ге толды. Бір ғасыр жасаған кейуана  ұзақ өмір сүрудің құпиясы еңбек пен дұрыс ойлау   екенін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

- Жастайымнан еңбекке араластым. Он жеті жасымнан  колхоздың сиырын саудым. Қазіргідей мына жұмыс ұнайды, мынаны жасамаймын деген болған жоқ.  Сиыр сауудан босасақ, шөмеле үйдік. Қол қусырып қарап отырмадық.  Еңбектеген  баладан еңкейген кәріге дейін  еңбек еткен заман болды. Алланың маңдайыма жазғаны шығар, осы өміріме шүкір деймін, - дейді Айжамал Мырзағалиева.

100 жасаған әже әлі тың,  өзі жүріп-тұрады. Үлкен кісінің жасын берсін деп, бата сұрайтындар көп. Сондықтан, ешкімнің көңілін қимайтын әже той-томалақтан қалмауға тырысады.  Келіндері Айжамал апа жасы 75-ке келгенше сиыр сауып, үйдің шаруасын дөңгелетіп отырғанын да жасырмады.  Қазір  Айжамал апаның балаларының алды 82 жаста. 17 жасында отасқан жұбайы Оразғали ақсақал  24 жыл бұрын бақилық болыпты.   Қазір қария  жеті баладан 16 немере, 27 шөбере, 7 шөпшек сүйіп отырған жайы бар.
null  

- Шал екеуіміз үкіметтің жұмысы деп жүрдік. Балаларды бағып-қағумен енем айналысты. Әженің тәрбиесін алған бала жаман болмайды,- дейді Айжамал  Мырзағалиева.

 Айжамал әже әдемілікті жаны сүйеді. Әтірін сеппей, қонаққа бармайды. Талғампаз қария иіссулар коллекциясын  жиі ауыстырып тұрады екен. Тағы бір қасиеті- сәнді киініп жүргенді ұнатады. Сондықтан, әжелерінің сырын біліп алған немерелері, келіндері сыйлық таңдарда еш қиналмайды.

- Әжем өте сәнқой. Әдемі матадан қалағанын тігіп алады.  Жіпті де инеге өзі сабақтайды,- дейді немересі.

100-ге толған қарияны бүгін Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов құттықтап, сый-сияпат жасады.

Ақтөбеде 100-ден асқан 19 қарт тұрады. 

                                                                                                                                                                             Зада Зейін 

Соңғы жаңалықтар