«100 жаңа есім» жобасында қоғам қабылдай алатын адамдарға дауыс беру керек - Ерлан Саиров

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының эфирінде журналист Берік Уәлидің «1 студия» қоғамдық-саяси ток-шоуы көрсетіліп, онда елімізге танымал сарапшылар «100 жаңа есімге кім лайық?» деген тақырыпта пікір алмасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына онлайн түрде 100esim.el.kz сайтында дауыс беру 18 қазанда басталып кетті. Жобаға қатысып жатқан 302 адамның арасында мәдениет саласы бойынша 32 адам, қоғам бойынша 83, бизнестен - 51, медицинадан - 46, ғылымнан - 47, спорт бойынша 43 үміткер бар. Еске сала кетсек, онлайн түрде дауыс беру 10 қарашада аяқталады.

El.kz интернет жобасының жетекшісі Бэлла Орынбетова дауыс беруге жіберілген 302 адам бекітілген талаптарға сай келетінін алға тартты. Олардың ішінде ең жас үміткер шахматшы Әсел Серікбай болса, ал жасы ең үлкен үміткер ретінде 76 жастағы ғалым Майдан Сүлейменов тіркелген. Жалпы, осы жобаға өтініштерді қабылдау кезінде мүмкіндігі шектеулі жандардан өте көп өтініштер келіп түсті. Олардың арасында елеулі жетістіктері бар азаматтар аз емес.

«Біз батыс елдері насихаттап жүрген түрлі батырларға еліктей бастадық. Балаларымыз «Спайдермен» немесе «Бэтмен» секілді кейіпкерлерге еліктеп жүргені анық. Қазіргі кезде елімізде енді қай тұлғаны үлгі тұтқанды жөн көрсеңіз, сол адамдарға дауыс бергеніңізді қалар едім. Сондықтан дауыс беру науқанында ел тұрғындары шынайы «100 жаңа есімге» лайық адамға дауыс берсін деген өтінішімді айтар едім», - деп атап өтті Бэлла Орынбетова.

Өз кезегінде «Астана мәдениеті» журналының Бас редакторы Қуандық Шамахайұлы дауыс беру науқанында интернет қолданушылардың белсенділігі өте маңызды екенін қадап айтты.

«Себебі әр ұсынылған адамның өмірбаянымен жете танысып, содан кейін шын дауыс беретін адамын өздері таңдаса деген ұсыныс бар. Қазір әлеуметтік желілерден, электрондық поштадан «маған дауыс беріңіздер» деген өтініштер көп тарайтыны белгілі. Үміткер деген адамдар туралы кеңінен мәліметтер берілуі керек деп ойлаймын, яғни олар туралы деректі фильмдер көрсетілсе, халық бұл азаматтарды шынайы тануға мүмкіндік алады»,-дейді Қ. Шамахайұлы.

Сонымен қатар белгілі саясаттанушы Ерлан Саировтың пайымынша, облыстық газеттер арқылы «100 жаңа есімге» лайықты азаматтар туралы толық мәлімет берілуі керек.

«Еліміз халқы санасының жаңғыруы болуы үшін қоғамда әлеуметтік оптимизм пайда болуы керек. Қоғамда оптимизм мен пікір тудыратын түрлі азаматтар бар. Менің ойымша, «100 жаңа есімнің» ішінде Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанның экономикасына, саяси процестеріне үлес қосқан, сонымен бірге соңғы 10 жылдың ішінде еліміздің әлеуметтік оптимизмін көтеруге өзінің үлесін қосқан азаматтар болуы тиіс. Ең бастысы, ертең аталған 100 адамды қоғам қабылдай ма? Осы жерде біздің келе жатқан жас ұрпаққа оң әсер ететін 100 есім болуы қажет. Сондықтан оның миссиясы бүгін емес, яғни ертеңгі жасөспірімдерді әлеуметтік оптимизмге тәрбиелеп, болашаққа жетелеу», - дейді саясаттанушы Ерлан Саиров.

«Осындай халықтың есінде қалған кейіпкерлер бүкіл қоғамды әлеуметтік оңтайлы әсерге жетелейді. Екінші бір мәселеге тоқталсам, бүгінде ауылды жерлерде халқымыздың 48 пайызы тұрады. Ал енді сол 100 есімнің ішінде географиялық жағынан қарайтын болсақ, оның 70-80 пайызы қаладан шығуы мүмкін. Сондықтан географиялық тұрғыдан да бұл мәселеге назар аудару керек. Бүгінде оптимизм кімге қажет? Оптимизм бірінші кезекте ауылда тұратын, елді мекендерде еңбек етіп жүрген, аудандық деңгейде жұмыс істеп жүрген азаматтарға керек. Сондықтан оларға қолдау қажет. Меніңше, 100 адамды іріктеген кезде міндетті түрде әділеттілік ұстанымдарына айрықша мән беру маңызды. Әділеттілік қағидасы болмаса, қоғам оларды қабылдамайды. Осы орайда әлеуметтік әлі территориялық әділеттілікті сақтауға тиіспіз»,-деп жеткізді ойын саясаттанушы.

Оның атап өтуінше,  бүкіл азаматтық қоғам, тұрғындар, салалық кәсіп иелерінің барлығы осындай іс-шараға міндетті түрде атсалысуы керек. Аталған «100 жаңа есім» еліміздің  ішіндегі мәдени, рухани, әлеуметтік үдерістердің барлығына үлес қосатын, сол басымдықтарды өздері алға жетелейтін үлкен тұлғалар болуы қажет.

Бұдан бөлек, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы жалпыұлттық тізімде кездейсоқ адамдар кездеспеуі керектігін сөз етті.

«Бұл жобаның жауапкершілігі өте зор. Ең бастысы, ол халықты біріктіретін жоба болуы керек қой. Елбасы атап өткендей, өз қолымен, өнерімен, еңбегімен жетістікке жеткен адамдар іріктелуі тиіс. Осы орайда Олимпиада ойындарында елеулі жетістіктерді көрсеткен спортшыларымыз бар. Олар шын мәнінде үлгі. Кәсіпкер немесе мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында үлгі тұтатын азаматтар баршылық. Бұл азаматтар бүгінгі күннің батырлары. Біздің балаларымыз соларға қарап, бойын түзеуі керек»,-деді Б. Әбдіғалиұлы.

Естеріңізге салк кетейік, биыл сәуір айында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ҚР Президенті «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыруды ұсынды. 

Соңғы жаңалықтар