100 жаңа есім жобасы жеңімпазға не береді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «100 жаңа есім» жобасына қолдау білдіру мақсатында құрылған «БЮРО 100» бастамасы аясында Қазақстанның Азаматтық Альянсы үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Кездесуге республиканың азаматтық секторларындағы тәжірибелі өкілдер, ҚР Парламенті Мәжілісінің, Астана қаласы мәслихатының депутаттары, қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның жұмыс тобы мүшелері қатысты және онда «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасына үміткерлерді ұсыну және іріктеу мәселелері және ондағы азаматтық сектор рөлі талқыланды.

Айта кетейік, қоғам белсенділері Махаббат Есен, Зинаида Пак, Павел Коктышев, Арман Нұрғазин және Ержан Бағдатов көпшілікке танымал емес перспективті азаматтарды іздеу және оларға қолдау таныту үшін «Бюро 100» бастама тобын құрған еді. «Бюро 100» мүшесі, журналист Махаббат Есен бұл топтың жай ғана азаматтық бастама екенін атап өтті.

«Мен ешқандай министрлікте, мемлекеттік органда жұмыс істемеймін. Мен бар болғаны қоғамдағы жаңалықтарға бей жай алмайтын белсенді азаматпын. «Бюро 100» тобы да азаматтық бастама, ешқандай ұлттық қозғалыс емес, үкіметтік емес ұйым  қатарына жатпайды. Бастамашыл топ атынан бұл жобаға қызмет етуге дайын екенімізді жеткізгім келеді, себебі халық жаңа тұлғаларға зәру, оларды насихаттауға бар күш-жігерді салу керек», - деді ол.

Сондай-ақ, жиын барысында жүз жаңа есім қалай іріктеледі, жоба жеңімпаздарға не береді, үміткерлерді қалай ынталандыру қажет деген сұрақтар қойылды.

 «Егер азаматтық қоғам үздік шыққан жүз бірегей тұлғаға қатысты қандай да бір ұсыныстар білдірсе, оны жүзеге асыруға мемлекеттің мүмкіндігі жетеді. Халық арасынан жаңа Димаш табылса, неге оны беделді байқауларға жібермеске? Дарынды ғалым табылса, неге оның зертханаларда жұмыс істеуіне қол ұшын созбасқа? Ең бастысы, жеңімпаздарға ақпараттық кеңістік беріледі. Бұл кейбіріне өз брендингін қалыптастыруға ықпал етеді, танымалдылық әкеледі, бұл үлкен мүмкіндік», - деп жауап берді Махаббат Есен.

Сондай-ақ,  жиын барысында ҚР Паламенті Мәжілісінің депутаты, Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс тобының мүшесі Павел Казанцев те сөз алып, іріктеу жұмыстарының қызу жүріп жатқанын жеткізді. 

«Әрине, жұмыс тобының алдында қиын міндет тұр, жүз ғана адамды іріктеп алу оңай емес. Бұл бастаманың негізгі мақсаты елеусіз жүрген ерекше тағдыр иелерін табу, еліне еңбегі сіңген лайықты азаматтарды халыққа таныстыру. Уақыт өте келе, нағыз жүз тұлғаны халықтың өзі-ақ, іріктеп алар, ең бастысы барша Қазақстан жүз мыңдаған үміткердің үлгі боларлықтай ерекше өмір жолымен танысады, тамсанады, еліктейді. Осыған баса мән беру керек», - деді ол.

Еске  сала кетсек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыруды ұсынды.

«Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл  тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ. Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр», - дейді Елбасы мақаласында.

Жобамен Ақпарат және коммуникация министрлігі мен Қазақстан xалқы Ассамблеясы Хатшылығы айналысатын болды. Маусым айының басында El.kz интернет-порталы базасындағы 100esim.el.kz сайтында өтінім қабылдау басталды.

Соңғы жаңалықтар