«100 жаңа есім»: Асқар Жұмағалиев жас өнертапқыштар жобаларының тұсаукесерін өткізбек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары үшін «Astana Hub» технопаркінде орын табыларына сенім білдірді. Бұл туралы ол Фейсбуктегі жеке парақшасына жазды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Бүгін «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен таныстым. Біздің дарындылар мақтауға тұрарлық! Жас әрі зерек жігіттер жай ғана қызықты емес, әлеуметтік маңызы бар дүниелерді ойлап табуда. Және олар мұның барлығын, кездесуге қатысқан жігіттердің бірінің айтуынша, небәрі төрт шаршы метр жерде отырып-ақ жасауда. Олардың әрқайсысы өз идеясына сенімді және оның соңғы нәтижесін ғана емес, жобаны жетілдіру келешегін де нақты көріп отыр», - деп жазды Премьер-Министрдің орынбасары.

Асқар Жұмағалиев кездесуге қатысқан «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген тұлғаларға жеке-жеке тоқталып өткен.

«Санжар Мырзағалым - электроэнергияны үнемдеуге мүмкіндік беретін EcoSocket технологиясының авторы. Сонымен бірге, бұл технология жеке тұрмыстық құрылғылардың энергияны тиімді немесе тиімсіз жұмсап жатқаны туралы статистиканы бере алады. Шындығына келгенде, энергияны үнемдеу мен SmartCity, IoT технологияларымен тығыз байланыста тұрған экология саласындағы нағыз ІТ-шешім. Мәулен Бектұрғанов - қолдың бионикалық протезінің авторы. Біз екеуміз протездердің мүмкіндігін арттыру тұрғысында біршама әңгіме құрдық. Мәселен, жасанды тері жасауға болатынын талқыладық. Қазір бұл сөзіміз фантастика секілді естіліп тұрғанымен, осыдан 15 жыл бұрын ғана біз Қазақстанда бұлшық еттердің импульсымен - ақыл-ой күшімен басқарылатын техниканың құрастырылатынын елестете де алмаған едік», - дейді ол.

Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, жобаның Нұржан Жолдыбалинов есімді тағы бір жеңімпазы бірыңғай кітапхана базасы мен электронды оқу билетін жасақтауды, сондай-ақ кітаптарды кириллицадан латын қарпіне конвертациялау технологиясын құруды ұсынуда.

«Мен өз тарапымнан Нұржанға электронды архив құру бағытында ойланып көруді өтіндім. Өнертапқыштар ары қарай даму арқылы өз жобаларының іске асқанын көргісі келеді. Олар үшін «Astana Hub» төрінде орын табылатынына сенімдімін. Бірақ оны келесі жылы талқылайтын боламыз. Әзірге, өз командама жас жігіттердің туындыларының тұсаукесеріне көмектесуді тапсырдым. Жуық арада қайта кездесіп, қызығушылық танытқан мемлекеттік органдар мен компанияларды шақыруға уағдаластық», - деп түйді Асқар Жұмағалиев.

Еске сала кетсек, 1 желтоқсан күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «100 жаңа есім» жобасының 102 жеңімпазымен кездескен болатын. Қазақстанның туын биікке көтерген спортшылар мен ақ халатты дәрігерлер, меценаттықпен көзге түскен белді кәсіпкерлер мен ғалымдар, мәдениет пен қоғамдық салада ел аузында жүрген азаматтар Елбасының жылы лебізіне бөленген еді.

Соңғы жаңалықтар