100 оқулық: Жастарға жаңа деңгейдегі сапалы білім беруді көздейтін бастама - Гүлсара Жолдасбаева

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Рухани революция бастау алған кезеңде әлем елдерінің үздік оқулықтары қазақ тілінде сөйлейді. Мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалмақ. Бұл - болашақ ұрпаққа жасалған ең үлкен сый емес пе?! Ақтаудағы Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің (КМТжИУ) тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, доцент Гүлсара Жолдасбаева осылай деп мәлім етті. 

«ҚазАқпарат» ХАА тілшісі КМТжИУ проректоры Гүлсара Жолдасбаеваның «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы жөнінде пікірін білген болатын.

- «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы арқылы қандай жетістіктерге қол жеткізуге болады деп ойлайсыз?

- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз», - деген еді.

Елбасының тапсырмасымен Ұлттық аударма бюросы құрылып, биылғы жылы 18 кітап аударылып, баспадан шығып отыр. Жаңа оқулықтар - эксклюзивті гуманитарлық кітапхана. Ұлт көшбасшысы мән бергендей, бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электрондық онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта қол жетімді болмақ.

Сондықтан бұл жоба - дүниежүзінің озық, заманауи және таңдаулы үлгілері негізінде жастарға жаңа деңгейдегі сапалы білім беруді қамтамасыз етуді көздейтін бастама деп ойлаймын. Маңыздылығы сол, әлемнің үздік оқулықтарын қазақ тіліне аудару студенттердің білім деңгейін арттырып, жеке адам және маман ретінде табысқа жетуіне жол ашады.

Атап айтқанда, біріншіден, 100 оқулық аудару нәтижесінде ғылыми контент қоры көбейіп, қазақ тілінің ғылыми қоры халықаралық ғылыми лексикамен байытылады. Екіншіден, Қазақстандық білім алушылар әлем елдерінің үздік университеттерінде сұранысқа ие, педагогикалық тәжірибесінде кеңінен пайдаланылып келе жатқан, бірнеше мәрте баспадан шығарылған ең мықты авторлардың еңбектеріне қол жеткізе алады. Үшіншіден, жоғары оқу орындарындағы білімнің мазмұны әлемдік деңгейге көтерілуге мүмкіндік алады. Бұл - болашақ ұрпаққа жасалған ең үлкен сый емес пе?!

- «100 оқулық» жобасына енгізілетін еңбектерден әсіресе, қай саладағы кітаптар білім алушылардың ғылыми танымын кеңейтіп, бәсекеге қабілетті жас атануына жол ашады деп атап өтер едіңіз?

- Бұл кітаптардың барлығы да құнды, өйткені таңдалып алынған, көбісі 10 реттен басылып шыққан және басылымы 2014 жылдан кем емес деген талаптарға сай. Сондықтан осы жобаға енгізілген оқулықтың әрқайсысының маңызы зор деп есептеймін. Заманауи ұлттың басты шарты - бәсекеге қабілетті, ғылым мен білімді қатар меңгерген жасты тәрбиелеу. Бұл ретте мектеп пен жоғары оқу орнының маңызы зор. Жаңа оқулықтар білімнің нағыз энциклопедиясы болмақ. Әлеуметтану, философия, тіл білімі, психология салаларымен қатар, атқарылатын жұмыстың үлкен бір бөлігі экономика ғылымын да қамтып отыр. Менің мамандығым экономика саласы болғандықтан бұл мені қатты қызықтырады. Биыл жарық көрген отырған 18 оқулықтың төртеуі - осы саладан. Грэгори Мэнкьюдің атақты «Экономикс» оқулығының төртінші басылымы, Томас Гриффиннің «Менеджменті», Дональд Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс және практика» оқулығы және Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» еңбегі - осы уақытқа дейін тек ағылшын және орыс тілдерінде шығарылған болса, пән саласы бойынша маңызды оқулықтар деп санаймын. Кітаптар латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алатын болады.
null 

 - Осы жобаға байланысты аймақтағы жалғыз жоғары және жоғары білімнен кейінгі білімді мамандарды даярлайтын Yessenov University-де қандай шаралар өткізу жоспарда бар?

- Алдымен, «100 оқулық» жобасы аясында басып шығарылған кітаптар білім жүйесіне толықтай енгізілу керек. Содан кейін университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы осы кітаптарды оқыту және қолдану бойынша методикалық нұсқаулықтар, рекомендациялар, методикалық құралдар дайындайды. Презентациялар өткіземіз. Студенттер арасында дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізу жоспарланған.
null 

- Университеттің кітапхана қоры бай ма? Яғни, кез-келген мамандыққа оқулықтар саны жеткілікті ме?

-  Әрине, жеткілікті деп толық айта аламын. Оқу ордасында 5 оқу залы, 3 электронды зал және 2 абонемент залы бар. Қазіргі уақытта білім алушылар көбінесе, электронды нұсқада оқығанды және қолданғанды ыңғайлы санайды. Сондықтан университетте республикалық ЖОО аралық кітапханаға электрондық нұсқада қолжетімділік бар. Оқытушылар мен студенттер үш тілде де белсенді қолданады. Мәселен, Томсон Ройтерс базасындағы оқулықтарға және шетел әдебиеттеріне сұраныс бар. Сондай-ақ, сабақ барысында профессорлық оқытушы құрам өз еңбектері мен оқу құралдарын кеңінен қолданады.

Маңғыстаудағы мемлекеттік деңгейдегі жалғыз жоғары оқу орнының қандай тың жаңалықтары бар? Болашақта университетте қандай мамандықтар ашылмақ?  

-   Ребрендинг туралы айтуға болады. Жақын арада біз ребрендинг процессін өткіздік. Жаңа қысқаша атауымызды - Yessenov University деп логотип кабылдадық. Құндылықтарымызды айқындадық. Бұл қандай құндылықтар болуы керек?

Біріншіден, бұл - ашықтық. Кез келген үрдісте ашықтық! Басқаруда, қарым-қатынаста, шешімдер қабылдауда. Сондықтан, ашықтылық және қолжетімділіксіз біз қойылған мақсаттарға жете алмаймыз. Екіншіден, бұл - ықыластылық, яғни қоғамда, қоршаған ортада өтіп жатқан әртүрлі мәселелерге ден қойып қарау, немқұрайлы қарамау. Мәселелер туындаған жағдайда, оны шешуге бар күшімізді салуымыз қажет. Үшіншіден, бұл - креативтілік. Креативті болу үшін адамдардың ойлау қабілетті жоғары болу керек. Болып жатқан жағдайға сыни баға бермей, жаңа нәрсе ойлап табу мүмкін емес. Біздің түсінігімізше креативтілік білімнің ең жоғары сатысы. Осы құндылықтарды біз өзіміздің Yessenov University брендінде көрсеткіміз келді: Ашықтылық, ықыластылық және креативтілік.
null 

Биылғы жаңа оқу жылында бакалавриаттан 25 жаңа мамандық, магистратура бойынша 12, доктарантурадан 3 мамандық ашпақпыз. Олардың ішінде - журналистика, логистика, маркетинг, ауылшаруашылық мамандықтары , химия, биология және т.б.

- Сұxбатыңызға раxмет!

Соңғы жаңалықтар