100 оқулық: Куратконың кітабы қазақ тілді кәсіпкерлік мектебін қалыптастыруда таптырмас құрал - ғылыми редактор

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  «Әйгілі Дональд Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, тәжірибе және процесс» атты кітабын оқысаңыз, кәсіпкерлікке деген таным-түсінігіңіз түбегейлі өзгереді» дейді экономика ғылымдарының кандидаты Гүлнар Күреңкеева. Шынында да, кәсіпкерлік - тар ұғымның аясына сыймайтын күрделі де маңызды сала. Осыны ескерсек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы негізінде аударылған алғашқы 18 кітаптың қатарына кәсіпкерлік туралы кітаптың енуі де заңды. Дональд Куратконың осынау айтулы еңбегі қазақы қауымға қаншалықты пайдалы? Бұл туралы Алматы Менеджент университеті Жоғары бизнес мектебінің деканы Гүлнар Күреңкеевадан сұрап білген едік.

«Мен осы кітаптың ғылыми редакторы болдым. Бірақ, бір бөлімді өзім де аударып шықтым. Туынды түпнұсқадан ағылшыннан қазақ тіліне аударылды. Негізі бәрі де бұны тек оқулық ретінде қабылдауы мүмкін. Бірақ, меніңше бұл кітап тек студенттерге емес, қазіргі болашақ кәсіпкерлерге, бизнеспен айналысамын деген кез келген азаматқа таптырмас құрал деп айтуға болады», - дейді Гүлнар Күреңкеева.

465 беттік кітапты төрт аудармашы, бір ғылыми редактор, бір әдеби редактордан тұратын аудармашылар тобы қазақ тіліне тәржімалаған. Гүлнар Күреңкеева аударма барысында әсіресе терминдерді қазақ тіліне енгізу оңайға түспегенін мойындайды.

«Терминдерге келгенде біздің топ біршама талқылау жүргізді. Кейбір сөздерді Фейсбуктегі парақшаға шығарып, көппен бірге баламасын табуға тырыстық. Бір қарағанда, сөздің бәрі белгілі секілді. Алайда ол сөйлемнің мағынасына аша ма, жоқ па - ол жағы екінші мәселе еді. Әрине, кәсіпкерлік саласы болғанымен, әдеби редактордың пікірі барынша ескерілді. Ғылыми мәнін де сақтап қалуға тырыстық», - дейді ол.

Кітап аудармасының ғылыми редакторы сонымен бірге, кітаптың мазмұны туралы айтып берді.

«Біздің университетке осы кітапты аудару жүктелуінің өзіндік себебі бар. Неге десеңіз, біз Алматы менеджмент университеті Қазақстандағы ең алғашқы кәсіпкерлік ЖОО-ның бірі. 2013 жылы біздің университетітң мұғалімдері Калифорния штатының Беркли университетіне барып, 9 айлық оқу бағдарламасынан өтіп келген. Ол оқу орыны бізге әлемдік деңгейдегі университетті қалыптастыру бағдарламасын үйретті. Сол бағдарлама арқылы университетіміздің стратегияық бағытын айқындадық. Біздің ол жақтан алып келген идеямыз - жалғыз кәсіпкерлікті дамыту емес, кез келген маманның кәсіпкерлік ойлау қабілетін жетілдіру еді. Кәсіпкерлік деген - жоқтан барды жасау. Ол - жаңа кәсіп көзін іздеу, бизнес кілтін табу. Ал кәсіпкер деңгейінде ойлау кез келген адамға қажет. Ол «Рухани жаңғыруда» да айтылған идеялардың бірі. Яғни, ол - прагматизм. Міне, Дональд Куратконың осы кітабы прагматизм идеясына терең бойлап, кәсіпкерлік жігеріңді жаниды», - дейді экономика ғылымдарының кандидаты.

Гүлнар Күреңкеева сонымен бірге кітаптың идеясын да түсіндірді.

«Кітапта мысалы мынадай идея бар: көбінесе адам дүкен ашса біз оны кәсіпкердің қатарына жатқызамыз. Негізі ол кәсіпкер емес. Себебі, ол өзі үшін ғана жұмыс атқарып жатыр. Яғни, кәсіпкерлік деген тек өзіңді жұмыспен қамту емес, ол - қоғамға пайдалы жұмыс орындарын ашу, адамдар табыс табатындай жағдай жасау. Мысалы, тарихқа көз жүгіртсек, бұл миссияны қазақ ортасында байлардың атқарғанын байқаймыз. Яғни, бай адамның жанына көпшілік топтасқан. Бай адамның негізгі функциясы - жұмыс беру, қорғансыздарға тірек болу. Кәсіпкер деген де сол - басқа адамдардың қолынан келмейтін істі атқару. Бұл кітап - тұнып тұрған философия», - дейді ол.

Кітап қалай кәсіпкер болу керектігін, қалайша кәсіпкерлік идеясын жүзеге асыруды талдап береді.

«Елдің бәрі де: «Бизнеспен айналысқым келеді. Бірақ неден бастарымды білмеймін» дейді. Ал кәсіп көзін қалай табу керек? Әлбетте, үлкен сұрақ. Сол сұраққа осы кітап арқылы жауап таба аласыз. Әрине, кәсіпкерлік бағыттағы университет болғандықтан, біз бұны кеңінен оқу құралы ретінде қолданамыз», - дейді Күреңкеева.

Оның сөзіне сенсек, қазақ тілді ортада мұндай кітаптарға жоғары сұраныс бар.

«Мен өзім кәсіпкерлік бағыттағы университеттің деканымын. Қазақстандық бизнеспен өте тығыз жұмыс істейміз. Басты мәселе - үлкен бизнестің барлығы орыс тілінде сөйлейді де, қазақ тілінде бизнестердің бәрі кішігірім, яғни базардың маңымен шектеледі. Біздің мақсатымыз - кәсіби тұрғыда қазақ тілінде сөйлей алатын кәсіпкерлерді дайындау, бір сөзбен - қазақ тіліндегі кәсіпкерлік мектебін қалыптастыру. Бұл мақсатқа Куратконың кітабы керемет серпін берер деген сенімдеміз. Қазақ тіліндегі кәсіпкерлік оқулықтарына сұраныс көп. Бірақ, оқулық аз. Қызылорда, Шымкент, Атыраудан кәсіпкерлер келіп бізде оқиды. Негізгі тілі - қазақ тілі. Оқулық болмағандықтан, орысша тілін сындырып оқытамыз. Сондықтан, осы кітап бұл бағытта септігін тигізуі керек. Әрине, бір кітап жеткіліксіз. Үздік бағдарламаға 30-40 кітап керек. Сондықтан, «Рухани жаңғыру» бағдармасы аясындағы «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасынан біз үлкен үміт күтеміз», - деп түйді Гүлнар Күреңкеева.

Айта кету керек, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне 18 кітап аударылған болатын.

Соңғы жаңалықтар