100 оқулық: Қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман - Мейрамбек Қиықов

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы - еліміздің келешек ұрпағы үшін жасалып жатқан игі шаралардың бірі. Мұндай пікірді Ақмола облысының «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзінше, еліміздің бәсекелестікке сай әрі әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен терезесі тең болуы үшін, келешек жастарымыздың білімді, сауатты болғаны маңызды. Ол үшін осындай үлкен дүниелерді, шетелдегі үлкен жаңалықтарды, ғылыми жобаларды  автордан айна қатесіз тікелей аударып, халыққа, келешек жастарға өзіміздің қазақ тілінде жеткізу құптарлық.

«Осы күні әлем қалассиктерінің әдеби туындыларын қазақ тілінде оқуға болады. Мәселен, О.Бальзак, Г.Мопассан, В.Гюго, Дж.Лондон, Л.Толстой, А.Чехов, И.Тургенев тәрізді әлемге әйгілі көптеген классиктер мен белгілі орыс жазушыларының еңбектерін оқымаған адамдар кемде-кем. Бұлар өз заманының шедеврін дүниеге әкелгендер. Бірақ, ғылым мен білім қарыштап дамыған заманда жалғыз әдебиет қана емес, кез келген саладағы жетістіктер мен үлкен дүниелерді оқып білгеніміз маңызды. Қазақта «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген аталы сөз бар. Кез келген мемлекеттің болашағы - білімді жастар. Білімсіздің - күні қараң. Көзі ашық, көкірегі ояу кез келген білімді ұрпақ өз Отанын даму жолында аянбай тер төгуі тиіс. Қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман. Сондықтан, Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы еліміздің келешек ұрпағы үшін жасалынып жатқан игі шаралардың бірі деп есептеймін», - дейді М.Қиықов.

Соңғы жаңалықтар