«100 оқулық»: Америка ғалымдарының «Экономикс» кітабы қалай аударылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы негізінде аударылған алғашқы 18 кітаптың бірі - Н.Грегори Менкью мен Марк Тейлордың «Экономикс» атты бірегей туындысы. Күрделі экономикалық тіркестер мен терминдерді қазақ қауымына теп-тегіс қалпында, ұғынықты етіп ұсына білу аудармашыларға қаншалықты қиынға түсті? Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне аталған кітапты аударуға атсалысқан 8 аудармашының бірі - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ экономика кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымының кандидаты, доцент Гүлнар Садыханова айтып берді.

«Біздің ұжым аударған кітаптың аты - «Экономикс». Кітаптың авторлары - Н.Грегори Менкью және Марк Тейлор. Негізі бұл кітаптың бірінші басылымы 1997 жылы шыққан. Ал біз аударған басылым - 2017 жылы жарыққа шыққан төртінші басылым. Осы уақытқа дейін аталмыш туынды әлемнің 25 тіліне аударылыпты. «Қандай кітаптарды әлемдік деңгейде үздік деп санайсыздар және қай кітап оқу процесіне қажет?» деген әу баста министрліктен (ҚР Білім және ғылым министрлігі - авт.) бізге хат келді. Бізбен бірге бірқатар жоғары оқу орындары өздерінің ұсыныстарын берген болуы керек. Біздің ЖОО-дан осы кітап ұсынылып, көп өтпей аударма жұмыстары басталып кетті», - дейді Гүлнар Садыханова.

Доценттің айтуынша, кітап түпнұсқадан, яғни ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне тәржімаланған.

«Бұның алғашқы басылымдарының түпнұсқасы қолымызда жоқ болатын. Бірақ сабақ беретін мұғалімдер интернеттен жүктеп алып, бұрынғы ескі басылымдарды алып қолданып жүрген. Қазақ Ұлттық университетіндегі біздің кафедрада «Экономика қағидалары» деген пән болған. Макро және микро экономика пәндері де оқытылатын. Осы пәндер бойынша «Экономикс» кітабының алғашқы бөлімдерін қолданып жүрдік. Кітапты аударған кезде факультеттен, біздің кафедрадан ағылшын тілін, қазақ тілін меңгерген және сабақ беретін мұғалімдер жұмылды. Сегіз адам аудардық. Жалпы, мына кітап 805 бет. Қазақша аударғанда 904 бет болды», - дейді ол.

Гүлнар Садыханованың айтуына қарағанда, маусымның шамамен ортасында басталған аударма жұмыстары тамыз айының соңына қарай аяқталған.

«Аудармамыздың мәтінін ғылыми экономист түгелімен дерлік тексеріп отырды. Өйткені, 8 адам аударғанын ескерсеңіз, әр адамның аударма саласындағы стилінің де барын біліп отырған боларсыз. Сондықтан, ғылыми редактор оны толығымен бір стильге келтірді. Аудару процесі жүрген кезде біз бір-бірімізбен тығыз байланыс ұстап, ақылдасып отырдық. Себебі, бір сөз әртүрлі беріліп кетпеуі керек. Мысалы, процесс деген сөзді процесс деп қалдырдық. Терминдер бойынша бір-бірімізбен өте жіті кеңесіп, ақылдасып отырдық», - дейді ол.

Кітап өте күрделі. 15 бөлім 38 тараудан тұрады. Туындыда теориялық біліммен бірге өте көп мысалдар да келтірілген.

«Негізі бұл кітап қана емес, америкалық үздік экономикалық кітаптар теорияны аз береді де, практикалық тұрғыда көптеген мысалдарды алдыңызға тартады. Бұл кітап оқырмандарға түсінікті болар деген ойдамыз. Өйткені, күрделі экономикалық процестер бұл кітапта қарапайым мысалдармен кеңінен түсіндіріледі, әртүрі кейстер келтіріледі. Туынды оқу процесіне де бейімделген», - деп түйді Гүлнар Садыханова.

Айта кету керек, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне 18 кітап аударылған болатын.

Соңғы жаңалықтар