«100 есімге» енген ақын Бекарыс Шойбеков: Табанасты қарасөзбен жауап беру қиынның-қиыны

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарының бірі, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков бұл күнде Түркістан қаласында тұрып жатыр. ҚР Мәдениет қайраткері әрі «Дарын» сыйлығының иегері  ҚазАқпарат тілшісіне айтысқа қалай келгені туралы айтып берді. 

Бекарыс Шойбеков 1976 жылы Отырар ауданында туған, Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінде «қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығы бойынша білім алған. 1988 жылдан облыстық, аймақтық, республикалық, халықаралық айтыстарға қатысып келеді. Жамбылдың 150 жылдығына арналған халықаралық айтыстың, Қабанбай батырдың 300 жылдығына арналған республикалық айтыстың, Ташкент және Түркістан қалаларында өткен Түркістанның 1500 жылдығына арналған халықаралық айтыстардың, «Ұлытау үні» республикалық фестивалінің, 2004 жылы өткен «Наурыз» республикалық айтысының, Н.Оңдасыновтың 100 жылдығына арналған республикалық айтыстың бас жүлдегері, ОҚО-ның 2004 жылғы ең үздік ақыны болған.

Айтыскер ақын Отырар ауданының құрметті азаматы атағына ие. Ол Түркістан қалалық дарынды балаларға арналған «Өнер» мектебінің директоры, Шымкент қаласындағы облыстық «Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр» орталығы директорының орынбасары, қалалық білім бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. Бүгінде Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры.

Бекарыс Шойбековтың сөзінше, оның айтысқа келуіне анасы себепкер болған. Алғаш рет мүшәйраға мектеп қабырғасында жүріп қатысқан.

«Алдымен мектепаралық айтыстар өтті. Соған сыныптың атынан қатысуға тура келді. Анам тойларда, отырыстарда әуелете ән салатын. Ақындығы да бар еді. Содан маған төрт-бес шумақ өлең жазып берді. Жаттап алдым. Әпкелерім қолыма домбыра ұстатып, бір мақамды үйретті. Ежіктеп отырып тартамын. Сол кезде алтыншы сыныпта оқимын. Межелі күн жеткенде жаттап алған өлеңімді айтып, көрші сыныптың қызын айтыста жеңіп кеттім»,- дейді ол.

Жас ақын  уақыт өте келе аудандық айтысқа қатысып, өзі  өлең шығара бастағанын айтады. Мектепаралық  айтысқа Бекарыс Шойбектовтен бөлек Маржан Есжанова, Жәркен Омаров, Айгүл Асанова, Анар Жаппарқұлова, Мұхтар Маханов сынды ақындар шыққан. Осы кезде белгілі айтыскер Әселхан Қалыбекова мен ақын Қаныбек Сарыбаев жас ақындарға апта сайын  шеберлік сабағын өткізген. Оларды өзара жұп қылып айтыстырып, сөз саптауларын сынап көрген. Сөйтіп айтыс десе барын салатын балаларды үйретіп, шәкірттер тәрбиелеген. Олардың қатарында жас ақын Бекарыс Шойбеков та болды. Осы кезден бастап Қаныбек Сарыбаев түркістандық жас ақын Бекарысты өнерге баулып, алғашқы ұстазы саналды. Өсе келе кейіпкеріміз филолог мамандығын таңдап, айтысты қатар алып жүргенін айтады.

«Менің мамандығым филолог. Дипломдық жұмысымның тақырыбы  жазба айтыстар болды. Қолымнан келгенше солардың сырын ашуға тырыстым. Сондықтан әдебиет жағын таңдауым да айтысқа көп пайдасын тигізді. Ақындық деген оңай нәрсе емес. Сикретті өнер дейді ғой, ол дегеніңіз сан салалы, құпиясы терең өнер ғой. Табанасты біреуге қарасөзбен уәж айтудың өзі оңай емес. Бірақ ол жерде өлеңменен, қолма-қол және ұтымды, шебер, көркем жауап беру керек. Ол қиынның-қиыны»,- дейді Бекарыс ақын.   

Жалпы, Бекарыс Шойбеков айтыстан бөлек, көкпарға қызығатынын айтады.  Оның атасы да атақты шабандоз болған екен. Бүгінде ақынның  балалары да ата жолын қуып жүр.

«Әр адамның өзінің бір жаны құмар ісі болады ғой. Менің жаным қалайтын нәрсе - ол қазақтың жылқысы, арғымағы, тұлпары. Оған менің балаларым да құмар. Олар мен барған көкпардан қалмайды. Жалпы аттың үстіне мінген жігітке қанат бітеді. Ол сол жігітті қанаттандырып жібереді»,- дейді ақын.

Түркістандық азаматтың сөзінше, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қолға алынған  «100 жаңа есім» жобасы қаншама таланттарды елге танытуға септігін тигізіп отыр.

«Біз білмей жүрген қаншама талантты, білімді адамдар бар. Мысалы,  Рахат-Би Абдысагин есімді жас композитор, халықаралық байқаулардың лауреаты. Ол 13 жасында студент атанып, 18 жасында өнертану ғылымының магистрі болды. Мұндай азаматтар әсіресе жастарға  мотивация береді. Өмірлерін өзгертуге ықпал етіп, алға ұмтылдырады. Менің ойымша, бойымыздағы білімді, дарынды ұлтымызға одан қала берсе адамзаттың игіліне жұмсауға тырысуымыз қажет»,- дейді Бекарыс Шойбеков.

Соңғы жаңалықтар