«100 есім»: Оңтүстікқазақстандық Сырым Ертаев ауыл жастарын кәсіпке үйретуден жалықпаған

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Елімізде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы  аясында еліміздің әлеуметтік ахуалының жақсаруына үлес қосқан, өзіндік қолтаңбасы бар тұлғалар көпшілікке таныстырылуда. Осындай еңбегімен еленгендер қатарында Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, кәсіпкер Сырым Ертаев та бар. «Туған жерді түлету - перзенттік парыз» деген қағиданы ұстанатын азамат бұл күнде ауыл жастарын жұмыспен қамтуға атсалысып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сырым Махамбетұлы Қазығұрт ауданында дүниеге келген. 2014 жылдың қазан айында ол Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауылдық округінен «Мал сою бекеті» мен «Ет өнімдерін тереңдетіп өңдеу цехінің» құрылысын бастап, 2016 жылдың шілде айында іске қосқан. Бүгінде күніне 30 тонна ет өндіретін «Қайып ата» ЖШС-де 28 адам тұрақты жұмыс істейді. Қолы ашық азамат тек табыс табуды ғана ойламай, мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған отбасыларға да қолдау көрсетуді ұмытқан емес. Оларға  қаржылай көмек көрсетіп, базбіреулеріне баспана тұрғызып берді. Иә, іскер кәсіпкер тынымсыз еңбегі мен білімінің арқасында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енді. Ол сондай-ақ ізінен ерген жастарға өмірге шынайы көзбен қарап, еңбекқор болуды үйретуден жалыққан емес. Бизнесін мал бордақылау цехын ашудан бастаған азамат ауыл жастарымен бірлесіп, кәсібін дөңгелетіп отыр.
null

«Бұл ісімізді бастаған кезде ауылға келдік, осы жерде бастадық. Ауылдағы жастармен жұмыс істеу барысында бізге оңай болмады. Кейін қарап тұрсақ, өте қызығып, кірісіп кеттік. Бастапқыда ауылдың жастарын тартайық, олардың басын біріктірейік деген оймен жиналысымызға шақырдық. Оларға өзіміздің істеп жатқан жұмысымызды көрсеттік. Қазақстан, Ресей, Өзбекстанда жинақтаған тәжірибемізбен бөлісе бастадық. Жастарға  «мемлекетіміз қолдап жатқан кезде, осы кәсіпті бірге бастайық» деп түсіндірдік. Қолы бос, жұмыссыз отырғандарының бәрін үйретіп, бастапқыда екі бас мал, кейін он бас үйлерінде бақты. Қазіргі таңда олар бір мезетте 50- 100 бас малдан бордақылап, бағып отыр», - дейді Сырым Ертаев.
null 

Бүгінде мал шаруашылығы саласын дамытуды мақсат етіп отырған азамат жетістікке жетудің оңай еместігін жақсы біледі. Ол осыны ауыл жастарына түсіндіріп, бар білгенін үйретіп жүр. Бір жағынан мал өсірудің қыр-сырын білетін жастармен жұмыс істеу жеңіл әрі қолайлы екенін айтады.
null

«Кәсіпорында жұмыстың жүруіне ауыл жастары көп еңбек етіп жатыр. Олар қандай жоба, жоспар болсын іліп алып, кәсібін дөңгелетіп жатыр. Олармен өзара ақылдасқанда жақсы ұсыныстарын айтып, тәжіриблерімен бөлісіп отырады. Кейін сол тәжірибені басқаларға таратып, қолға аламыз. Осылай жұмыс жүріп жатыр.Жалпы, ауыл  жастары кәсіпкерлікті тез меңгеруге бейім келеді», - дейді кәсіпкер.

Бүгінде ауылдағы шаруа қожалықтарының басын біріктіріп, жұмыс істеп жатқан кәсіпорын басшысы кооператив ашудың тиімді жағы өте көп екенін айтады. Бүгінде бірнеше шаруа бастарын қосып, мол табыс табуда.  

«Бір фермерлеріміз бар, олар жем-шөп дайындап бергенді жақсы көреді. Ал, тағы біреулері малды базардан сатып алып, жеткізіп береді. Тағы бір  фермерлер малды семіртіп, жақсылап бағып береді. Осы жағынан кооператив ашқан тиімді деп айтар едім», - дейді серіктестік басшысы.

Қашанда ел мүддесін жоғары қоятын кәсіпкер болашақта  үлкен кәсіпорынға айналып, еттерді экспортқа шығаруды, әсіресе ауыл жастарының аяққа тұрып кетуіне қолдау көрсетуді өзінің парызы санайды.

«Ел экономикасын көтеретін сала ауыл шаруашылығын дамытуға Қазақстанның жері де, табиғаты да қолайлы. Мәселен, біздегі жайылым жер де, жемді өндіретін орындар да  жетеді. Бүгінде малды көбейтетін орнымыз да бар. Біз тек соның бәрін игеріп, айналысуымыз керек. Елімізде бейбітшілік орнаған заманда неге кәсіпкерлікпен айналыспасқа. Ертеңгі күні келешек ұрпаққа жарқын болашақ сыйлауымыз керек. Қазақ еліне еңбек етіп, кәсіпкерлікті дамыту - менің басты арманым», - дейді Сырым Ертаев.

Соңғы жаңалықтар