100 есім: Қайрат Мәйтеков мұқтаж жандарға жасырын көмектескенді жөн көреді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қазақстанның 100 жаңа есіміне енген кәсіпкер Қайрат Мәйтеков өзі білім алған орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ағылшын тілін үйретуге арналған зертхана сыйлады. Жұбановтар әлемі орталығын салып берді. Ол туған жеріне қамқор бола білген адам ғана көркейтуге үлес қоса алады деп есептейді. Мұқтаж жандарға көмек бергенде жарияламайды, мүгедектерге арнап қайырымдылық кешін өткізеді. Кәсіпкер ҚазАқпарат тілшісіне алдағы жоспарларын айтып берді.

Кәсіпкер Қайрат Мәйтеков Ақтөбе облысында дүниеге келген. Ол Қазақ мемлекеттік агротехникалық университетін бітіріп, экономист-менеджер мамандығын алды. Кейін ол еңбек жолын «Қазпроммаркет» ЖШС бастады. Қазіргі кезде «Максимус» серіктестігінің директоры болып жұмыс істейді. Жас кәсіпкер үйленген, бес бала тәрбиелеп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Ақтөбе қаласына Жұбановтар әлемі орталығын салып берді. Мәдениет ошағының құрылысы 100 күнде аяқталып, қазір мұнда елімізге, әлемге танымал өнер адамдарының шығармашылық кеші ұйымдастырылып жүр. Жұбановтар әулетіне арналған арнайы музей де жасақталды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, құрылыс жұмыстарына 300 миллион теңге жұмсалды. 

«Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Жұбановтар әулетіне арналған орталық ашу жөніндегі керемет идеясының арқасында 100 күннің ішінде жаңа ғимарат бой көтерді. «Максимус» ЖШС құрамындағы «Аксаток» компаниясы құрылысты жүргізді. Алдағы уақытта біз «Жұбановтар әлемі» мәдениет орталығының алаңын дамытуды ойластырып отырмыз. Осындай бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырамыз деген үміттеміз», - деді кәсіпкер Қайрат Мәйтеков.
nullnullnull

Ақтөбе қаласындағы №3 орта мектеп химия пәнін тереңдетін оқытады. Кәсіпкер Қайрат Мәйтеков те химия пәнін ұнатып, қызығып оқыды. Туған жерге көмек көрсету, игі іс істеу туралы айтылған кезде бірден өзіне білім берген мектепке көмектесуге шешім қабылдады. Сөйтіп 150 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ағылшын тілін үйрететін зертхана сыйлады. Бұл зертханадағы 30 томдық «Britannica» энциклопедиясы әлем бойынша бар болғаны 1 мың данамен шығарылады. Сол құнды білім нәрінің бір данасы Қазақстан бойынша тек Ақтөбедегі орта мектепке бұйырды. 

«Облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы Ақтөбеге кәсіпкерлерді іскерлік кездесуге шақырды. Ол кісі бізге облысқа көмек ретінде әлеуметтік жобалар жасауымызға ұсыныс берді. Яғни, әрбір кәсіпкерге бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезініп, әлеуметтік жобаны жүзеге асыру үшін көмек көрсетуге шақырды. Сол кезде маған «неге өз мектебіме көмек көрсетпеске» деген ой келді. Өйткені мен оқу мен жазуды сол мектептен үйрендім ғой. Сондықтан да мен өзіме білім берген ұстаздарымның алдында мәңгі қарыздармын. Қазақта «Әркімнің туған жері - Мысыр шаhары» деген сөз бар. Бұл әр адамаға өз туған жерінен артық ештеме жоқ деген сөз. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өзім оқыған мектебіме ірі көлемде қаржылай көмек көрсетіп, күрделі жөндеуден өткізіп беруді жөн көрдім. М. Әуезов айтқандай «Азамат сыны - ерлік, ерлік сыны - елдік» дегендей облыс басшысымен кездесуден кейін мектеп директоры Шолпан Өмірзақоваға өз ұсыныстарымды айттым. Қазір елімізде үш тілде білім беру мәселесі қозғалып жатыр. Сондықтанда мектептің информатика кабинетін «Britanika» технологиясы бойынша жабдықтауға тырыстық. Бұл идеяны маған досым әрі сыныптасым Әлібек Сейдуллаев айтып, мен қолдау таныттым. Сөйтіп, екеуміз қаржы шығарып, Англиядан сөйлеу тілін дамытуға арналған зертхананың арнайы бағдарламасын 40 мың АҚШ доллорына алғыздық. Мектеп ұстаздары мен оқушылары өз тараптарынан зор ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты»,- ол.

Кәсіпкер алдағы уақытта Ақтөбе қаласына Нью-Йорктің бір бөлшегін алып келуді жоспарлап отыр. Ол алдағы уақытта туған жердің дамытып, көркейту үшін Линкольн көпсалалы орталығына ұқсас ғимарат салады.

«Туған жерге үлес қоспас бұрын әр адам туған жерін сүйе білуі керек. Оның болашағына қамқор бола білуі тиіс. Сонда ғана өз елімізді туған жерімізді көркейте аламыз. Өмір жақсы істер жасауға берілген. Мен де Ақтөбе қаласының дамуы үшін үлес қосамын. Алдағы уақытта Нью-Йорктегі Линкольн орталығындай көпсалалы сауда орталығын тұрғызу да жоспарда бар. Бұл еліміздің батыс өңіріндегі ең ірі сауда орталығы болмақ. Осындай іргелі құрылыстарды салу арқылы айналаны көгалдандырып, көркейтуге өз үлесімді қоссам деймін. Кезінде Линкольн орталығын да бір меценат тұрғызған екен»,- деді кәсіпкер Қ.Мәйтеков.

Жылдар өткен сайын әр кәсіпкердің шыңға шығу, табысқа жету жолдары мен қағидалары қалыптастады. Ақтөбелік кәсіпкер Қайрат Амангелдіұлы табандылық пен әділдіктің маңызын ерекше атап өтті. Әрі адамдармен қарым-қатынаста айқындықты ұнатады. Ол отбасымен мұқтаж жандарға жиі көмектеседі, бірақ жарияға жар салып айтпайды. Мәйтековтер отбасы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап жыл сайын қайырымдылық кешін ұйымдастырады.

«Мен үшін біреуге қол ұшын созу дұрыс әрі қажетті іс. Қолыңнан келсе, міндетті түрде көмектесу керек. Бастысы игі істер жалғасып, үзілмеуі тиіс. Сонда ғана біз болашаққа қадам басып, қоғамның дамуына үлес қосамыз, бірлігі мығым, жауапкершілігі жоғары ұлтқа айналарымыз да анық. Менің отбасым көбінесе әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға көмектесіп тұрады және де мүмкіндігі шектеулі жандарға жыл сайын қайырымдылық кешін ұйымдастырады. Көбінесе жарияламаймын, бірақ кейде айтуға тура келеді»,- деді Қ.Мәйтеков.
null 

Соңғы жаңалықтар