10 жыл бойы жұмыссыз жүрген қостанайлық әкімнен көмек сұрады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - 10 жыл бойы жұмыссыз, баспанасыз жүрген жетім - Марат Бучиев қала әкімінен көмек сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Марат Бучиевті жеті жасында ата-анасы Қарабалық ауданынан әкеліп, Қостанайдағы ақыл-есі жетілмеген жетім балаларға арналған №2 мектеп-интернатына тапсырып кеткен. Мектеп-интернатты бітірген соң, аталған оқу орнының ықпалымен, Қостанайдағы тұрмыстық қызмет көрсету колледжіне түсіп, аяқ киім тігу мамандығын алып шыққан. Мараттың айтуынша, ол осы мамандықпен жұмыс істемеген, аяқ киім жөндеу қолынан келе де қоймайды, ебі жоқ.

«Шарасыздықтан түрлі құрылыс орындарында жегіліп, базарларда жүк түсіріп, қара жұмыстар жасап, тиын-тебен тауып келдім. Тұрғылықты жерім болмағандықтан, әр күні әр жерде түнеп жүрдім. Бір күні қолымдағы дипломымды да жоғалтып алдым. Мүмкіндік болса, сол дипломды қайтадан қалпына келтіргім келеді. Не керек, жағдайымды баяндап қала әкімінен көмек сұрағым келді», - деді Марат Бучиев ҚазАқпарат тілшісіне.

Осылайша, 26 жастағы жігіт Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыповтың есеп беру кездесуіне келіп, жағдайын айтты.

«Жиыннан соң маған Қостанай жылу энергетикалық компаниясының директоры Асқар Бекпағанбетов жақындап, көмек беретінін жеткізді. Қаладағы көпқабатты үйлердің подъездерінде түнеп жүргенімді естіп, жатын орын тауып берді. Бұған қоса ол компанияның жылу қазандығы машинисі қызметін ұсынды. Өзімді жақсы маман ретінде көрсетсем деймін. Қазір менің өмірім күрт өзгерді. Бір кездері өз-өзіме қол жұмсауға да бел буғанмын. Бастысы өмірден түңілмеу қажет», - деп  бөлісті Марат.

Соңғы жаңалықтар