10 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2018 жылғы 10 сәуірге арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық қарсы тұру қозғалысы күні

Екінші дүниежүзілік соғыс (1939-1945) кезінде Үшінші рейх әскерлері жаулап алған аумақтарда фашистерге қарсы күрескендерге арналған күн.

Қарсы тұру қозғалысын оккупацияланған аумақтардың тұрғындары ұйымдастырды және ол неміс әскерлеріне қарсы күрес жолдарының алуан түрлілігімен ерекшеленді.

Халықаралық бауырлар күні

1998 жылдан бері аға-әпке, іні-қарындастар күні бүкіл әлемде атап өтіледі. Алғашқыда бұл мейрам АҚШ-та бастау алды. Кейіннен жер бетінің көптеген халықтарына тарап, Үндістан, Қытай, Еуропа, Африка елдеріне дейін жетті. Бұл мейрам отбасылық, туыстық тамырлар дәстүрлерін жалғастыру мен  оларды насихаттауға шақырады.  

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Жамбыл облысындағы Жуалы ауданының орталығы - Бурное ауылының атауы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен Бауыржан Момышұлы атындағы ауыл болып өзгертілді.  

1992 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1990 жылғы 24 шілдедегі Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті жөніндегі №295 Қаулысымен эксперименталдық және теориялық физика ғылыми-зерттеу институты құрылды. 2003 жылғы 27 мамырда институт әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің еншілес мемлекеттік кәсіпорны ретінде қайта құрылды.

1993 жылы Ашхабад қаласында Қазақстан және Орта Азия мемлекеттерінің «Наурыз» халықаралық театр фестивалі өтті. Семей қазақ драма театры сахналаған О.Сүлейменов пен Б.Мұқайдың «Заманақыр» трагедиясы арнайы жүлдеге ие болды.

1996 жылы Ресей Федерациясында Қазақстанның әдеби және мәдени күндері өтті.

1996 жылы Алматыда Еуропалық комиссия өкілдігінің ресми ашылуы болды.

2002 жылы Қазақстан Республикасының аумағында «Космонавтика күні» сериясының екі пошта маркасы айналымға шықты.

2002 жылғы 8-12 сәуір күндері аралығында Алматыға әлемдегі алғашқы ғарыш саяхатшысы Дэннис Тито сапармен келді. Ол маркалардың таныстырылымына арналған салтанатты шараға қатысуға ниет білдірді.

Бірінші маркада «Союз ТМ-32» экипажы ғарышкер-ұшқыш Талғат Мұсабаев, бортинженер Юрий Батурин мен Денис Тито бейнеленген. Марканың сол жақтағы астыңғы бұрышында «Союз ТМ-32» кемесінің эмблемасы және барлық ғарышкерлердің аты-жөні бейнеленген.

Екінші марканың ортасында Жер планетасы және Қазақстаның, Ресейдің және АҚШ-тың желбіреген байрағы орналасқан.

2006 жылы Жамбыл облысы Қаратау қаласында жаңа саябақтың іргетасы қаланды. Жаңа саябаққа «Наурыз» атауы берілді, аумағы 7 гектарға жуық жерді алып жатыр. Оның іргетасын қалауда Қаратау қаласының тұрғындары, бірқатар мекемелер мен кәсіпорындар атсалысты.

2006 жылы Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің қолдауымен БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде Семей полигонында зардап шеккендерге арналған Еуропарламент депутаты Струан Стивенсонның «Мәңгілік қасірет» кітабы мен белгілі актриса Кимберли Джозеф фотокөрмесінің таныстырылымы өтті. Қазақстан өкілдігінің басшысы Ержан Қазыханов Бас Ассамблеяның 60-шы сессиясында қабылданған «Халықаралық ынтымақтастық және Қазақстанның Семей аймағы халқын, экологиясын және экономикасын сауықтыру мақсатындағы қызметтерді үйлестіру» қарарын бірауыздан қолдағандары үшін БҰҰ-ға мүше елдерге алғыс білдірді. Сондай-ақ, шетелдік және халықаралық ұйымдардың, атап айтқанда, БҰҰ Даму бағдарламасының, USAID агенттігінің, Еурокомиссияның және Жапония, Ұлыбритания, Канада, Италия, Швейцария үкіметтерінің тікелей қатысуымен Семей аймағында жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобаларға тоқталып өтті. Еуропарламенттің шотландтық депутаты Струан Стивенсон Кеңес Одағы кезінде ядролық қаруды сынаудан зардап шеккендер туралы кітап жазып, сол үшін әлем қауымдастығының ілтипатына және 50 мың доллар сыйлыққа ие болған. Еуропарламент депутаты осы сыйақысын Семейдің онкологиялық емханасына аударғанын ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын. Қазақстанда, оның ішінде Семей аймағында бірнеше рет болған С.Стивенсон мырзаға полигон проблемасына деген тұрақты қамқорлығы үшін «Семейдің құрметті азаматы» атағы берілген.

2008 жылы Ұлттық банктің орталық филиалына «2008 жылғы Олимпиада ойындары» сериясының коллекциялық шақасы келіп түсті. «Бессайыс» шақасы 925-ші сынамалы күмістен жасалған, салмағы - 31,1 грамм, номиналы - 100 теңге. Дайындалу сапасы - proof. Шақаның аверсінде Қазақстанның Елтаңбасы, футбол стадионы бейнеленсе, реверсінде бес спорттық ойынның көрінісі мен ойындар өткізілетін жылды білдіретін «2008» деген сандар бейнеленген. Шақаның құны - 5 мың теңге.

2009 жылы Киевте Қазақстан Республикасының Елшілігінде қазақтың танымал ақыны және жазушысы Олжас Сүлейменовтің украин тіліне аударылған «Тарихқа дейінгі түркілер» кітабының таныстырылымы өтті.

2012 жылы Мемлекет басшысы «Құқыққорғау органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестациядан өткізу туралы» Жарлыққа қол қойды.

2012 жылы Бейжіңде VI ресейлік-қытайлық-қазақстандық мұнай-газ форумы ашылды.

Ресейлік-қытайлық-қазақстандық мұнай-газ форумы 2004 жылдан бері өткізілуде. Confidence Capital компаниялар тобының бас директоры Андрей Руденконың айтуынша, Ресей мен Қазақстанның мұнай-газ саласының тұрақты ілгерілмелі дамуының арқасында бұл алаң нарық қатысушыларының қызығушылығына ие болып қана қоймай, талап етіле бастады.  

2014 жылы болгариялық кәсіпкерлер тобы Оңтүстік Қазақстан облысындағы отандық тауар өндірушілерге энергияны үнемдейтін инновациялық технологияларды ұсынды.

Көрсетілген барлық технологиялар қоршаған ортаға зиян келтірмейтін және тиімді болып табылатын «жасыл энергетикаға» жатқызылады. Осылайша, мәселе ірі көлемді құрылыс жобаларында қолданыла алатын жылумен жабдықтау, вентиляция, климатизация туралы болып отыр.

2014 жылы Маңғыстаудағы Екінші дүниежүзілік соғыс тарихына арналған тарихи-өлкетану мұражайы бірегей экспонаттармен толықты.

Үлкен залда орналасқан мыңдаған экспонаттардың арасында бірнешеуін ерекше атап өтуге болады: бұл адамның терісінен жасалған әмиян, мұражай оны өз қорына 1995 жылы соғыс ардагері М.Н.Лисициннен қабылдаған, сондай-ақ 2011 жылы 91 жасқа қараған шағында қайтыс болған профессор, заң ғылымдарының докторы Салық Зимановтың гимнастеркасы мен былғары плащы бар. Соғысқа дейін ол Форт-Шевченко қаласында математика мұғалімі болып жұмыс істеген, соғыстың алғашқы күндерінде еріктілердің қатарына кіріп, майданға аттанған, қатардағы жауынгерден полк командиріне дейінгі жолдан өткен, батарея, батальонды басқарған. Оның жауынгерлік еңбектеріне құрмет ретінде берілген осы былғары плащ маңғыстаулық мұражайға тапсырылды.

Мұражай экспонаттарының тағы бірі - Маңғыстау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы, 2012 жылдың жазында 89 жасқа қараған шағында қайтыс болған Тұрарбек Игіліковтің көптеген жауынгерлік наградалары бар кителі.

2014 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зырян және Аягөз қалалары аудандық маңызы бар қалалар қатарына енгізілді. Сәйкестендірілген Жарлыққа Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды.

2017 жылы Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Қытайдағы «Singer - 2017» байқауының оныншы кезеңінде Қазақ-қытай тілінде орындаған «Ұмытылмас күн» әні «Азияның жаңа әндері» (Freshasia music) рейтингінде бірінші орынға шықты.

Жаңа рейтингте Димаштың «Ұмытылмас күн» әні 118 400 ұпай жинап 1- орын алды.

1849 жылы америкалық инженер Уолтер Хант ағылшын инесіне патент алды. Ол өзі ойлап тапқан иненің патентін қарызынан құтылу үшін 400 долларға сатып жіберді.  

1912 жылы Саутгемптон портынан «Уайт Стар Лайн» компаниясының ағылшынның  «Титаник» атты кемесі өзінің алғашқы және соңғы сапарына аттанды. Бір қызығы порттан шығып бара жатқанда «Титаник» америкалық «Нью-Йорк» кемесімен соғылып қала жаздаған.

1919 жылы Мексиканың ұлттық батыры, Порфирио Диастың диктатурасына қарсы шыққан революционер Эмилиано Сапата Саласар атылды. Ол «Тізерлеп жүріп өмір сүргенше, тұрып өлген жақсы» деген қанатты сөздің авторы.

1963 жылы Атлантика мұхитында АҚШ-тың ӘТК суасты атом кемесі барлық экипаж мүшелерімен бірге қаза тапты.

1973 жылы папарацция  фотографы Рон Галелла «Галелла Жаклин Онассис пен Құрама Шттарға қарсы» атты сот процесінде жеңіліп қалды.  Галелла - Америкадағы ең бай, танымал әрі ең жеккөрінішті паппараццияның бірі.  

ЕСІМДЕР  

НІЛІБАЕВ Әубәкір Дастанұлы 90 жыл бұрын (1928-2014) ақын, аудармашы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі болған НІЛІБАЕВ Әубәкір Дастанұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында туған. Зайсан педагогикалық училищесін,  Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын аудандық мектепте мұғалім болып бастап,  оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметін атқарған. 1959 жылдан журналистік жұмысқа ауысып, Зайсан аудандық «Достық», Алматы облыстық «Жетісу», республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағы фольклор секциясының кеңесшісі қызметтерін атқарған. Ақынның «Таңғы тыныс», «Болашақ осылай басталған», «Қоңыр жел», «Алаулаған армандар»,  «Көңіл көзі», «Күнім менің», «Жыр жүрегі», т.б. жыр жинақтары жарық көрген. Көркем аударма саласында үнді эпосы «Махабхаратаны», зороастризм каноны «Авестаны», Бабылдың ұлы шығармасы «Шилгамешті», қытайдың үш ұлы философы Конфуций, Лао-Цзы, Чжуан-цзы трактаттарын, Эсхилдің «Бұғауланған Прометейін», Э.Потьенің өлеңдері мен поэмаларын, М.Лермонтовтың, Р.Тагордың, орыс ақындары В.Маяковскийдің, Н.Забловскийдің, М.Светловтың өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Ол - Үндістан Республикасының Падма Шри сыйлығының лауреаты, Пәкістан Республикасы Икбал Академиясының «Икбалдың Алтын ескерткіші» сыйлығының иегері.


ТӘШІМБАЙ Ғазизбек 80 жыл бұрын (1938) жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ТӘШІМБАЙ Ғазизбек дүниеге келді.

Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1964-1990 жылдары - Республикалық «Спорт» газетінің әдеби қызметкері, «Қазақстан» баспасының редакторы, аға редакторы, редакция меңгерушісі. 1990-1996 жылдары - Қазақстан телеграф агенттігінің редакция меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президенті аппаратының консультанты, Үкімет аппаратының сектор меңгерушісі. 1996-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің аударма бөлімін басқарған. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясы Ғылыми және әдеби бақылау редакциясының меңгерушісі болып істеген. «Оңтүстік Қазақстан» энциклопедиясын шығарушы топқа жетекшілік етіп, басылымның жауапты редакторы болған. Қазір Алматы қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасының «ТІЛ» оқу-әдістемелік орталығында бас маман қызметін атқарады. Жазушының «Топжарғандар», Қ.Мұңайтпасұлы туралы «Күш атасы» атты естеліктер жинағы, «Құм арасында», «Қос терек», «Қызғалдақ қалың шыққан жыл» атты әңгімелер жинағы жарық көрген. Көркем аударма саласында «Молодая гвардия» баспасынан «Тамаша адамдар өмірі» циклімен шыққан «Сальвадор Альенде», «Че Гевара» кітаптарын, Кеңес Одағының Батыры Г.Сафиуллиннің «Жеңіс жолында» кітабын қазақ тіліне аударған.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.  

ДОСМАҒАМБЕТОВ Төлеген Сәбитұлы 78 жыл бұрын (1940-2001) мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан және КСРО Суретшілер одағының мүшесі, Шоқан Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ДОСМАҒАМБЕТОВ Төлеген Сәбитұлы дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында туған. Алматы көркемсурет училищесін, И.Репин атындағы Санкт-Петербор кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітірген.

Алматы көркемсурет училищесінің оқытушысы, Алматы өнер академиясының кафедра меңгерушісі, доценті қызметтерін атқарған.

Төлеген Досмағамбетовтің отыз жылдық шығармашылық өміріндегі негізгі жұмыстары - мүсіндік портреттер мен көптеген ескерткіштер. «Ақан-Сері - Құлагер» монументік композициясының, Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Амангелді Иманов, Әліби Жанкелдин, Ғани Мұратбаев, Қаныш Сәтпаев, Дінмұхаммед Қонаевтың ескерткіштері мен кеуде мүсіндерінің авторы. Оның қаламынан Нұрсұлтан Назарбаев, Олжас Сүлейменов, Бибігүл Төлегенова, Әнуар Әлімжанов, Тоқтар Әубәкіров, тағы басқа тарихи тұлғалардың портреттері туындаған.


null 71 жыл
бұрын (1947 жылы) қарымды қаламгер, зерттеуші-журналист, шоқантанушы Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы, Молыке Шойманов ауылында дүниеге келген. 1969 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1969-1990 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып істеді. 1990-1997 жылдары «Ана тілі» газетінің тұңғыш Бас редакторы қызметіне тағайындалды. 1997 жылдың соңынан - «Қазақ ақпарат агенттігі» директорының орынбасары, 2002 жылы осы агенттік негізінен құрылған «ҚазАқпарат» Ұлттық компаниясы» АҚ қазақ редакциясының бас редакторы болды. 2014-2017 жылдар аралығында «Мәдени мұра» журналының бас редакторы қызметін атқарды.

«Шоқан ізімен» (1977), «Буырқанған бояулар» (1981), «Әдеп әлемі» (1982), «Жасын-тағдыр жарқылы» (1987), «Қазақ шежіресі» (1994), «Арғы түрктер ақиқатының ізімен»(2006) атты деректі-танымдық, эссе, зерттеу кітаптарының, сондай-ақ «Шоқан» роман-эссесінің (2009) авторы. Бұл роман-эссе кітабы 2015 жылы орысшаға аударылып, оның таныстырылымы сол жылдың соңында Мәскеу қаласындағы Орыс Географиялық қоғамының штаб-пәтерінде өтті. Сонымен бірге 2015 жылы Астанадағы Түркі академиясының жобасы бойынша «Орталық Азиядағы арғытүрк сипатты мәдениеттер: этнотектік аспектілер» монографиясы жарық көрді.

Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері (1982).

 

67 жыл бұрын (1951) Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы атом саласына еңбек сіңірген қызметкер ТӘЖІБАЕВА Ирина Лашқарқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Қазақ ұлттық университетінде инженер, кіші, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерішісі, доцент болып қызмет атқарған. 1992-2000 жылдары - Қазақ ұлттық университеті Эксперименталды және теориялық физика Ғылыми-зерттеу институтында ғылыми хатшы, директордың орынбасары, директор қызметтерін атқарған. 2002-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы бас директорының орынбасары. Қазіргі қызметінде 2006 жылдан бастап істейді.

230-дан аса ғылыми жұмыстың авторы.

62 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері ДУБОВЦЕВ Георгий Федорович дүниеге келген.

Ол Алматы қаласында туған. Свердловтағы Суворов әскери училищесін (1973); И. Конев атындағы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін (1977); М.В. Фрунзе атындағы Мәскеу Әскери академиясын (1988); Дж. Маршалл атындағы Еуропа қауіпсіздік проблемалараны зерттеу орталығын (Германия, Партен-Кирхен, 1997) бітірген.

Еңбек жолы: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери-ғылыми орталығы бастығының орынбасары; Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Штаб бастықтары комитетінің талдау орталығының бастығы; Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери білім және ғылым департаментінің бастығы; Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде мемлекеттің әскери қауіпсіздігі саласындағы ғылыми зерттеулерге басшылық еткен (1973-2009); «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ вице-президенті; президенті; вице-президент-ғалым хатшысы (2009-2012); Ұлттық қорғаныс университетінің стратегия кафедрасының профессоры (2012-2013).

ТҰРЛАШОВ Ләззат Махатұлы 58 жыл бұрын (1960) Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары ТҰРЛАШОВ Ләззат Махатұлы дүниеге келді.

1960 жылы туған. Алматы темір жол транспорты инженерлері институтын құрылыс инженері мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын Қаскелең ауданы «Жетісу» кеңшарында құрылыс цехының жұмысшысы болып бастаған.

Әр жылдарда бригадир, шебер, бас прораб, құрылыс учаскесінің бастығы, кооператив төрағасы, «Алматыагрохим» АҚ бөлім бастығы, Талғар ауданы «Красное поле», «Горный садовод», «Гүлдала» ауылдық округтерінің әкімі, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары, Жамбыл, Қарасай аудандарының әкімі қызметтерін атқарған. 2011 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды.

2016 жылдың сәуір айынан - Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары.

Төрт медальмен марапатталған.

ТЕҢІЗБАЕВ Нұрбақыт Молдахметұлы 35 жыл бұрын (1983 жылы) Грек-рим күресінен халықаралық спорт шебері, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері ТЕҢІЗБАЕВ Нұрбақыт Молдахметұлы дүниеге келді.

«Құрмет» орденінің иегері.









31 жыл бұрын (1987) ауыр атлетикадан еңбегі сіңген спорт шебері, 2008 жылы Бейжіңде (ҚХР) өткен XXIХ жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері ГРАБОВЕЦКАЯ Мария Александровна дүниеге келген.

Ол Көкшетау қаласында туған. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін «заңгер мамандығы» бойынша бітірген (2008). Қазір Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде оқып жүр, ауыр атлетика бапкері. XXIX Олимпиада ойындарында (Бейжің, 2008) 75 келіден жоғары салмақта өнер көрсетіп, қола медальға ие болды; Азия чемпионы (Дубай, 2005); әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Прага, 2007); жастар арасында Азия чемпионы (2004); Азия чемпионатының қола жүлдегері (2004); жастар арасында әлем чемпионатының қола және күміс жүлдегері (2007).

«Кұрмет» орденімен; ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Көкшетау қаласының құрметті азаматы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері.

81 жыл бұрын (1937-2010) кеңестік және ресейлік ақын, жазушы, аудармашы Белла АХМАДУЛИНА дүниеге келді.
66 жыл бұрын (1952) американдық актер, сценарист, продюсер, айкидо шебері Стивен СИГАЛ дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар