10 қаңтар. ҚазАқпарат: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 10 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.

10 қаңтар, СӘРСЕНБІ

БҰҰ Бас Ассамблеясының бірінші сессиясы ашылған күн. 1946 жылы 10 қаңтарда Лондонда ашылды. Оған 51 мемлекеттің өкілдері қатысты. Қазіргі кезде оның құрамына 193 мемлекет кіреді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1924 жылы «Тілші» газетінде І.Жансүгіровтің «Кеңседе жергілікті тілді жүргізу керек» деген мақаласы жарық көрді. Онда күні бүгінге дейін өзекті мәселе болып отырған қазақ тілінің тағдыры сөз болды. 1934 жылы қазақ әдебиеті мен өнеріне арналған «Қазақ әдебиеті» апталық газеті шыға бастады. Алғашқы редакторы - Б.Майлин. Газет 1940-1954 жылдары тоқтап, 1955 жылдың қаңтарынан қайта шыға бастады. «Қазақ әдебиеті» ұлтымыздың рухани айнасы, еліміздің әдеби һәм мәдени өмірін жан-жақты қамтитын басылым.

1992 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлері туралы» Жарлығы шықты.

1992 жылы Елбасының қатысуымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің мәжілісінде Республикалық гвардияны құру туралы шешім қабылданды.

1995 жылы Польшаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Марек Гавенцкий Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа Сенім грамотасын тапсырды.

1997 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі Қаулысына сәйкес 1997 жылғы 10 қаңтарда Алматы энергетикалық институтының (АЭИ) негізінде Алматы энергетика және байланыс институты (АЭБИ) құрылды. Бұл институт - Орталық Азиядағы энергетика және телекоммуникациялар саласындағы мамандандар дайындау бойынша жалғыз оқу орны.

1997 жылы Бішкек қаласында Н.Назарбаев, А.Ақаев және И.Каримов Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттері арасындағы Мәңгілік достық туралы шартқа қол қойды.

1999 жылы
Қазақстанда алғаш рет Қазақстан Республикасының Президенттігіне балама сайлау өтіп, онда сайлаушылардың 79,78 % дауысын жинаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қайта сайланды.

2003 жылы Өскеменде «АВТОВАЗ» АҚ-ның техникалық көмегімен құрылған «Азия Авто» зауытының ашылу салтанаты өтті. Жаңа құрастырушы кәсiпорын «Нива» автокөлiктерін өндiрiп шығарады.

2004 жылы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы халыққа тәулік бойы қызмет көрсететін ақылы «169» анықтамалық-ақпараттық қызметін ашты.

2006 жылы Жазушы-драматург, сыншы-журналист Қошке Кемеңгерұлының туғанына 110 жылдығы қарсаңында Алматыдағы «Алаш» баспасынан қаламгердің шығармалар жинағының алғашқы томы жарық көрді. Бұл кітапқа жазушының «Қазақ тарихынан», «Бұрынғы езілген ұлттар» тарихи зерттеулері, «Атылып өлген қазақ жігіті», «Қазақ жеріне қолқа салушылар», «Ел газеті қандай болу керек?» деген мақалалары және т.б. танымдық еңбектері еніп отыр. Жинақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі мен Өзбекстан Мемлекеттік Орталық мұрағаттарынан, сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық, Мәскеудің мемлекеттік және Омбы облыстық кітапханаларынан алынған қолжазбалардың негізінде даярланды. 

2007 жылы
Алматыда өнер ұстаздары мен оқытушыларының алғашқы халықаралық көрмесі өтті. Экспозицияға қазақстандық, ресейлік және қытайлық шеберлердің 50-ден астам туындысы қойылды. Туындылар түрлі жанрллар бойынша орындалған. Басым бөлігінде табиғат көріністері бейнеленген.

2008 жылы сол кездегі Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қарағандыдағы «Сантехөнеркәсіп» ЖШС-да құрышты жылу радиаторлар өндіретін желіні іске қосты. «Сантехөнеркәсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ТМД аумағында санитарлық-техникалық маңыздағы өнімдерді өндіретін ірі зауыттардың бірі. Зауыттың барлық өнімдері Германияның Мюллер және Лаппле жоғары технологиялық жабдықтарымен дайындалады. Ал өнімдер Қазақстанның өңірлеріне, сондай-ақ ТМД елдеріне жеткізіледі. Эмаль өнімдерінің ассортиментінде ванналар, ас үйдегі ыдыс жуғыштар бар.

2001 жылы даңқты қазақ режиссері Шәкен Айманов фильмдері DVD-дискілерінің коллекциялық шығарылымы көрерменге жол тартты. Коллекция құрамына талантты режиссердің уақыт сынынан сүрінбей өткен «Алдар Көсе», «Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер», «Атаманның ақыры» сияқты көптеген фильмдері енгізілді. Коллекциялық шығарылымды Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің аумағынан алуға болады. Бір шығарылымның тиражы - 10 мың дана.

2011 жылы Қазақстан делегациясы 7-ші қысқы Азия ойындары алауын тұтандыру рәсімі өткен Кувейтке аттанды. Олимпиада алауы тұтандырылатын ел ретінде Кувейттің таңдалуы тегін емес. Азия Олимпиада Кеңесінің, (ағыл. Olympic Council of Asia, OCA) штаб-пәтері осы жерде орналасқан.

2011 жылы
Өзбекстанда мәнерлеп сырғанау мен фристайлға арналған «7-ші қысқы Азия ойындары. Астана-Алматы» атты екі арнайы пошта маркасы айналымға шығарылды. Мәнерлеп сырғанауға арналған марканың бетіне мұздағы көркем бидің үзіндісі, Астана мен Алматыда өткен 7-ші қысқы Азия ойындарының ресми эмблемасы, және өбек тіліндегі «7-Qishki osiyo o'yinlari (Astana-Alma-Ata)» деген жазу түсірілген. Екінші «Фристайл» арнайы маркасында осы спорт түрінің үзіндісі, эмблема және «7-Qishki osiyo o'yinlari (Astana-Alma-Ata)» жазуы бейнеленген.

2012 жылы Қызылорда облысында «Алтын қамба» сауда-логистикалық орталығы мен көкөніс сақтауға арналған қойма ашылды. 747, 152 млн теңгенің жобасы өңірдегі азық-түлік бағасын тұрақтандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылды.

2012 жылы Үлбі металлургия зауыты China Guangdong Nuclear Power Corporation - Uranium Resources Company, China Nuclear Fuel South Company, China Nuclear Energy Industry Corporation компанияларымен Қытайға таблетка түріндегі отын жеткізіп беру туралы ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойды. Құжат аясында зауыт шығаратын отын түріндегі таблеткалар CGNSC зауытында отын өндіруге қолданылады.

2013 жылы «Астана» телеарнасы отандық «Тағдыр» телесериалын көрсетуді бастады.

2013 жылы қазақстандық жиһанкез Сапар Ысқақов Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің туын сапарға алып шықты. Экспедиция Саутгемптон (Англия) портынан басталды. Журналист телеоператорды қосқанда, 4 адамнан тұратын жиһанкездер 20-дан астам елге барды. Қазақстандықтар «QUEENELIZABETH 6*» лайнерінде Жер шарын аралады. Сапар барысында Сапар Ысқақов халықаралық ұйым өкілдерімен кездесіп, Қазақстан жайлы, Экспо көрмесі жайлы айтты.

2014 жылы Қазақстанда күш қолдануға қарсы Ұлттық алдын алу тетігінің үйлестіруші кеңесі құрылды. Аталлмыш құрылымның жұмысын қамтамасыз ету Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жүктелді.

2014 жылы Ақтөбе облысы Алғы ауданының Бестамақ ауылында орналасқан Есет батыр ескерткіш кешенінде музей мен қонақүй ашылды.

2017 жылы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ Бас хатшысына сенім грамоталарын тапсырды. Салтанатты рәсімнен кейін өткен сұхбатта Қ. Омаров пен А. Гутерриш Қазақстан мен БҰҰ арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға сенім білдірді.

2017 жылы Қазақстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде «Шиеленістердің алдын алу және бейбітшілікті сақтау» тақырыбындағы ашық пікірталастарға қатысты. Нью-Йорк қаласында өткен шара аясында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас» атты саяси жолдауын таныстырды.

ЕСІМДЕР

null 103 жыл бұрын (1915-1983) қазақтың талантты жазушысы, әйгілі «Көшпенділер» трилогиясының авторы Ілияс Есенберлин дүниеге келген.
Ол Ақмола облысында туған. Қазақ тау-кен институтын бітірген, инженер (1940). Еңбек жолы: Жезқазған рудниктерінде инженер, Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушысы; 1942-1947 жылдар аралығында Қазақстан КП ОК-нің нұсқаушысы; 1951 жылдары Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры; 1953-1954 жылдары ҚР Геология министрлігінде аға инспектор; 1954-1955 жылдары Берсүгір шахта басқармасының (Ақтөбе облысы) бастығы; 1955-1957 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы; 1958-1967 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының аға редакторы, сценарий редколлегиясының мүшесі; 1967-1971 жылдары «Жазушы» баспасының директоры; 1971-1975 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2-хатшысы болып қызмет атқарады. Алғашында ақын ретінде танылған оның шығармалары 1940 жылдан бастап жарық көре бастайды. 1945 жылы «Сұлтан», «Айша» дастандары, "Адамгершілік туралы жыр" өлеңдер жинағы (1949), "Біржан сал трагедиясы" (1959) дастандары жарияланды. 1960 жылдары проза жанрына қалам тарта бастады. "Өзен жағасында" (1960), "Толқиды Есіл" (1965), орыс тілінде жазылған "Адам туралы ән" (1957) атты повестері жарық көрді. "Айқас" (1966), "Қатерлі өткел" (1967), "Ғашықтар" (1968), "Қаһар" (1969), "Алмас қылыш" (1971), "Алтын құс" (1972), "Жанталас" (1973), тың туралы "Көлеңкеңмен қорғай жүр" (1974) романдары, "Көшпенділер" трилогиясы (1976), Алтын Орда трилогиясы (1982-1983), "Махаббат мейрамы", "Алыстағы аралдар" (1983), Аққу құстың қуанышы" (1984) романдары, шығармаларының он томдық жинағы (1984-1990) жарияланды.
Атбасар қаласындағы мектепке, Алматыдағы бір көшеге І. Есенберлин есімі берілген.

null 102 жыл бұрын (1916-1994) ақын ШАЛАБАЕВА Әмина дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданында туған. Алматы педагогика училищесін, Алматы мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітірген. 1949-1956 жылдары «Қазақ елі» (Жаңа өмір) журналында, 1956-1973 жылдары «Жазушы» баспасында қызмет істеген. Алғашқы бір топ өлеңі жас ақындардың «Жас қанат» жинағында жарияланған. Тұңғыш жинағы 1962 жылы «Менің қарлығашым» деген атпен шыққан.








100 жыл бұрын (1918-1979) пианист, концертмейстер, Қазақстанның халық әртісі КОГАН Симха Бенционович дүниеге келді.
Молдова Республикасының Кишинев қаласында туған. Кишинев консерваториясын бітірген. 1942 жылы Алматыға келіп, Қазақ филармониясының солист-концертмейстері қызметін атқарған. Ол кәсіби пианист ретінде Қазақстанның музыка мәдениетінің дамуына атсалысқан. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

null 97 жыл бұрын (1921-1944) Кеңес Одағының Батыры БЕРЕСТОВ Федор Сергеевич дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында туған. Екінші дүниежүзілік соғыста 1944 жылы маусымның 23-інде жау қорғанысына ендей кіріп, гранатамен пулемет дзотының көзін жойған. 1944 жылы қазанның 27-і күні Латвияның Перекул қаласын азат ету барысында ерлікпен қаза тапты.
Ленин, Қызыл Жұлдыз, 2-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған. Глубокое ауданының бір көшесіне Батыр аты берілген және ескерткіш тақта орнатылған.








null 90 жыл бұрын (1928-2010) дирижер, Қазақстанның, Ресейдің және Татарстанның халық әртісі, Татарстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты МАНСҰРОВ Фуат Шәкірұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Алматы, Мәскеу консерваторияларын бітірген. Қазақ академиялық опера және балет театрының, Қазақ радиосы симфониялық оркестрінің дирижері болған. 1958 жылдан Қазақ симфониялық оркестрінің, Қазақ академиялық опера және балет театрының бас дирижері болып, П.Чайковскийдің «Евгений Онегин», М.Төлебаевтың «Біржан - Сара», А.Жұбанов пен С.Мұхамеджановтың «Айсұлу», т.б. опералық спектакльдерге жетекшілік еткен. 1968 жылдан Татардың опера және балет театрында, Мәскеудегі Үлкен театрда, Қазан филармониясы мемлекеттік симфониялық оркестрінде бас дирижер әрі көркемдік жетекші қызметін атқарған.
«Достық», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.





null 89 жыл бұрын (1929-1999) ақын БАЯЗИТОВ Байғожа дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. Ақынның «Мақта далам», «Достар қаласы», «Өмір нұры» жинақтары жарық көрген. Қаламгер өмірінің соңына дейін Мырзашөл өңірінің гүлденуіне өзінің жырларымен лайықты үлес қосты. Казір Мырзашөл өңірінде Байғожа Баязитов атындағы түрлі өнер байқаулары тұрақты өтіп келеді.










null 82 жыл бұрын (1936) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері БАЛАБИЕВ Рақым Базаргелдіұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында туған. Кентау тау-құрылыс техникумын, Мәскеу политехникалық институтын бітірген. 1961-1978 жылдары - Кентау қалалық жүк тасымалдау мекемесінің жүргізушісі, автоколонна бастығы, бас инженері. 1978-1984 жылдары - Түлкібас жүк тасымалдау мекемесінің директоры. 1984-1988 жылдары - Кентау қалалық жүк тасымалдау мекемесінің бас инженері. 1988-2001 жылдары - Кентау қалалық жүк тасымалдау мекемесінің директоры қызметтерін атқарған. Республикалық, облыстық, аудандық жыр мүшәйраларының жүлдегері, Оның өлеңдері төрт ұжымдық жинаққа енген. «Жан сыры», «Төскейсаз», «Жүректерге жол іздеу», «Жел қайық», «Саңғылдар», «Аспандағы жұлдыздар», «Жырымды саған арнадым», Екі дүние нұры» атты кітаптары жарық көрген. Кентау қаласының Құрметті азаматы.
Көптеген медальдармен марапатталған.




null 79 жыл бұрын (1939) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ҚҰМАРБЕКОВ Мүсілім дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде ұзақ жылдар бойы қызмет істеген. «Ақ Ертіс» - «Иртыш» атты қазақша-орысша шығатын әдеби, мәдени журналда редактордың орынбасары қызметін атқарған. Қазір «Дидар» облыстық газеті редакторының орынбасары қызметін атқарады. Жазушының «Алтайдың ардагері», «Қыз күлкісі», «Асау Ертіс», «Шынар», «Алтайым - алтын бесігім», «Жастық жағалауы» атты кітаптары бар. 2003 жыл «Фолиант» баспасынан «Жар жағасындағы үй» повестер жинағы, «Базальт» баспаханасынан «Тауқымет» атты романы жарық көрді.






null 79 жыл бұрын (1939) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының академигі, Халықаралық инженерлік академияның корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты МОЛДАБЕКОВ Шаяхмет дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Мәскеу химия-машина жасау институтын бітірген. 1968-2005 жылдары Қазақ химия-технология институтында (М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті) ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысқан. 2005 жылдан Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Шымкент институтының профессоры қызметін атқарған. 2012 жылдан - қазіргі қызметінде. Негізгі ғылыми-зерттеу еңбектері интенсивті масса алмастыру аппаратурасын құруға арналған. Ғалымның 300-ден астам ғылыми еңбегі және 80-ге жуық авторлық куәлігі мен патенті бар. «Моңғол Халық Республикасының медалімен, «Ы.Алтынсарин» белгісімен, Сұйықтық пен газ механикасы саласындағы ашылымы үшін «Ғылыми ашылым авторы» атты академия медалімен, «Оңтүстік Қазақстанға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған.




null 70 жыл бұрын (1948-2002) суретші, мүсінші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, 2001 жылдың үздік суретшісі ТҰРСЫНОВ Амангелді дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Ташкент театр-көркемсурет институтын бітірген. Ә.Қастеев атындағы Шымкент көркемсурет колледжінде дәріс оқып, Халықаралық қазақ-түрік университетінде еңбек еткен. Оның «Сушы», «Дала тойы», «Той», «Мақташы», «Қыздар», «Көкпар», «Аударыспақ», т.б. кескіндеме саласындағы шығармалары бар. Мүсіндеме саласында «Ақпан батыр», «Қажымұқан», «Қапал батыр», «Төле би» атты монументті ескерткіштерді тұрғызған. Медальдармен марапатталған.








63 жыл бұрын (1955) ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор ӘЛІБАЕВ Нұрадин Нәжімединұлы дүниеге келді.
Түрікменстанда туған. Мәскеудегі К.Скрябин атындағы малдәрігерлік академиясын бітірген.
1977-2003 жылдары казіргі Оңтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы ғылыми-өндіріс орталығының кіші, жетекші ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2003 жылдан осы мекеме директорының ғылым жөніндегі орынбасары. Қаракөл қойын селекциялаудың жаңа әдістерін тауып өндіріске енгізген және қаракөл қойлары эмбриондарын трансплантациялаудың ғылыми негізін салып, практикалық әдістемесін ойлап тапты. 35-тен аса ғылыми еңбектердің авторы, оның ішінде 11 авторлық куәлік пен 5 ұсыныс бар. Қазақстан комсомолы сыйлығының және Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері.

null 63 жыл бұрын (1955) Семей облысында белгілі журналист, филолог ғалым, қоғам қайраткері ҚАЙЫРБЕКОВ Әділғасы Жақсылықұлы дүниеге келген.











null 59 жыл бұрын (1959) жаттықтырушы, бокстан спорт шебері, республиканың үш дүркін чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ЕДІЛОВ Тұрсынғали Нұржақыпұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Ұйғыр ауданында туған. Еділовтің жетекшілігімен қазақстандықтар көптеген халықаралық жарыстардың чемпионы атанды, жүлделі орындар алды. Мысалы, Қазақстан боксшылары Хьюстонда (АҚШ) 1999 жылы өткен Әлем чемпионатында 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль алса, Сиднейде (Австралия) 2000 жылы өткен 27-ші Олимпиялық ойындарда 2 алтын, 2 күміс медаль иеленді. Еділов олимпиадалық ойындардың чемпионы Е.Ыбрайымовты 1990 жылдан жаттықтырды.
«Құрмет» орденімен марапатталған.






null 59 жыл бұрын (1959-2002) ақын АСҚАРОВ Ерік дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданында туған. Алматы театр институтын бітіріп, режиссер мамандығын алған. Республикалық Қазақ телевизиясының режиссері, бас редакторы, «Жазушы» баспасының редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы әдеби қорының директоры қызметтерін атқарған. Оның «Қарлығаш», «Жетіген», «Аққудың көгілдірі» атты жыр жинақтары, «Біржан сал», «Петропавловск - қызылдардың қаласы» атты пьесалары бар. Сондай-ақ ол айтыскер ақын ретінде көптеген айтыстарға қатысып, жүлдегер атанған.









null 48 жыл бұрын (1970) «Forbes Kazakhstan» журналының баспагері БАЙТАСОВ Арманжан Мерекеұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. 1987 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін қызыл дипломмен бітірген. Философия ғылымдарының кандидаты. 1989 жылдан бастап «Азия дауысы» фестивальдар мен байқаулар бөлімінің бас редакторы, 1991-1992 жж. - «Мұрагер» шығармашылық бірлестігі бас редакторының орынбасары. 1990-1991 жж. - Қазақ теледидары жастар редакциясының редакторы. 1992 жылдан бастап - «31 арна» Медиахолдингінің Президенті. 2000-2003 жж. - Қазақстан Республикасы Ұлттық телерадиохабарлар ассоциациясының президенті. 2001 жылдан бастап Қазақстанның Журналистика Академиясының мүшесі. 2007-2008 жж. - «Таң Медиа» директорлар кеңесінің төрағасы. 2008-2009 жж. - «Нұр-Медиа» холдингісінің бас директоры. 2009 жылғы наурыздан -
"Рауан Медиа Групп" директорлар кеңесінің төрағасы. 2010 жылдан - "ТАҢ" ТРК директорлар кеңесінің төрағасы, «Icon» ЖШС президенті. 2011 жылғы қыркүйектен - «UMG», компаниясының басшысы, «Forbes Kazakhstan» басылымынап лицензия алды. Қазіргі қызметінде - 2011 жылдан бері.

null 41 жыл бұрын (1977) «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары КӨШЕРОВ Дайыр Әділбекұлы дүниеге келді. Шевченко қаласында туған. Индиана Университетін (Блумингтон қаласы, АҚШ), Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген, «Сертификатталған қаржы талдамашысы» бағдарламасынан өткен. 1998-2000 жылдары - «Ақ ниет» кәсіпорны бас бухгалтерінің орынбасары, ішкі аудит департаментінің директоры. 2000-2005 жылдары «ABN AMRO Asset Management» ЖАҚ бас бухгалтерінің орынбасары, тәуекелдік менеджері, бөлім бастығы, портфельдік менеджер, бас портфельдік менеджер. 2005-2006 жылдары - «Интергаз Орталық Азия» АҚ корпоративтік қаржыландыру департаменті директорының орынбасары, директоры. 2006-2008 жылдары - «ҚазТрансГаз» АҚ корпоративтік қаржыландыру департаментінің директоры. 2008 жылғы наурыз-қыркүйек айларында - «ҚазТрансГаз» АҚ қаржы директоры. 2008-2012 жылдары - «ҚазТрансГаз» АҚ экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы маусымнан бері.





null 38 жыл бұрын
(1980) Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайының бас директоры АРЫН Әділ Сейілханұлы дүниеге келген.
Ол Қызылорда қаласында туған. Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын (2001); «Қайнар» университетін (2004); Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын (2008) бітірген.









null 105 жыл бұрын (1913-1991) Чехословакия Социалистік Республикасының президенті, Чехословакия КП Орталық Комитетінің бас хатшысы ГУСАК Густав дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар