1,5 мыңға жуық пәтері бар 16 тұрғын үй пайдалануға беріледі - СҚО

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін 1,5 мыңға жуық пәтері бар 16 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының əкімі Ерік Сұлтанов халық алдында есеп беру жиынында мәлім етті.

Әкімнің айтуынша, 2016 жылы 619 пәтерлік 7 тұрғын үй, сондай-ақ, «СевКазЭнерго» АҚ қызметкерлеріне арналған 90 пәтерлік бір үй салынды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жұмысшы жастарға арналған 5 қызметтік тұрғын үй және облыстың бес ауданында 135 пәтерлік 6 жатақхана пайдалануға берілді.

«Сонымен қатар, 2016 жылы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның салымшылары және жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған тұрғындар үшін 834 пәтерлік 10 тұрғын үйдің құрылысы басталды, оның 3-еуі былтыр пайдалануға берілді. Қалған 7 үйдің құрылысы (келісімшарт міндеттемелері бойынша) 2017 жылы аяқталады. 1446 пәтерлік 16 тұрғын үй іске қосылады», - деді ол.

Облыс басшысы өңірдегі өзге де инфрақұрылымдық жобалар туралы баяндап берді.

«Біз үшін жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және жаңғырту маңызды мәселе болып қала бермек. 2016 жылы ұзындығы 143 шақырым «Астана - Петропавл» автожолын жаңарту жұмыстары аяқталды», - деді әкім.

Жергілікті маңыздағы 385 шақырым автожол 6,8 миллиард теңге қаржы жұмсалып жөнделді. 2016 жылдың желтоқсан айында Петропавл қаласы әуежайы терминалы және ұшу-қону жолағын жаңарту жұмыстарынан кейін пайдалануға берілді.

«2017 жылдың қаңтар айынан әуежай толық көлемде жұмыс істеп тұр. Бұл өңір үшін ерекше маңызға ие, өйткені, бұл әуежай Ресей, еуропалық және азиялық компаниялардың жүктерін транзиттеу үшін географиялық тұрғыдан тартымды», - деп түйді сөзін Е. Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар