Ауа райы
Астана 27 °С
Алматы 33 °С
валюта бағамы
USD 324.98
EUR 378.34
RUB 5.53
CNY 48.01

Березов ауылы тұрғындарын көшірудің екінші кезеңі тамызда басталуы тиіс - БҚО әкімі

Березов ауылы тұрғындарын көшірудің екінші кезеңі тамызда басталуы тиіс - БҚО әкімі
2017 жылғы 17 шілде 22:42 698

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бөрлі ауданы Березов ауылы тұрғындарын көшірудің екінші кезеңі тамыз айының ортасынан қалмай басталуы тиіс. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Қарашығанақты басқару жөніндегі біріккен комитеттің Милан қаласында өткен кезекті отырысында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының алдына осындай міндет қойды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Мәжіліске қатысушылар алдында сөз сөйлеген облыс басшысы өңірде жер қойнауын пайдаланушы есебінен 2017 жылы жол, тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысы бойынша 41 жобаны жүзеге асыру көзделіп отырғанын атап көрсетті. Мұны рекордтық көрсеткіш деуге болады. Мысалы, «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік жобаларға бөлінетін қаржысы есебінен облыста 70 км, соның ішінде Орал қаласында 19 көшеде жол жөндеу, депо көпірін қайта салу жоспарланған. Жер қойнауын пайдаланушы қаржысы үш көп қабатты тұрғын үй (273 пәтер), бір орта мектеп пен дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Ақсай қаласы мен Бөрлі ауылында қос бірдей балалар бақшасы құрылысына, Оралдың үш көшесі мен әуежайға дейінгі жолда жарықтандырудың бетон тіректері мен әуе желілерін жерасты желілеріне ауыстыру, қуат үнемдейтін шамдар орнату, әлеуметтік нысандар жөндеу, инженерлік желілер мен жолдар тартуға бағытталған. Бұдан басқа Бөрлі ауданы Аралтал ауылында 100 тұрғын үй құрылысы аяқталады.

«Барлық жобалар уақтылы және сапалы жүзеге асырылуы тиіс», деді Алтай Көлгінов.

Жиында сондай-ақ «ҚПО б.в.» компаниясы тарапынан мемлекеттік сатып алуда жергілікті үлесті көбейту бағытында бұдан былай да белсенді жұмыс жасау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. 2016 жылдың қорытындысы бойынша Қарашығанақ жобасындағы қазақстандық қатыстың үлесі 530 млн. АҚШ долларына жетіп, 51,6 пайызды құрады.

Айта кетейік, Березов және Бестау ауылдарының тұрғындарын көшірудің екінші кезеңінде барлығы 1455 адам (373 үй) қоныс аудармақшы. Осы мақсатта Ақсай қаласында 9 қабатты екі үй және Аралтал ауылында бір қабатты 100 үй бой көтерді.

2014 жылғы 28 қарашада балалар жаппай газдан уланған оқиғадан кейін Үкімет қаулысына сәйкес көшірудің бірінші кезеңінде 82 (Березовтан 75, Бестаудан 7) отбасы, барлығы 416 адам Ақсай қаласының 5-шағынауданында салынған 80 және 75 пәтерлік үйлерге көшірілген болатын.

 

 

Автор: Елжан Ералы
Басты сөздер: Әкімдік, Батыс Қазақстан облысы, Әкім,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер