Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
Астана: -25 °С
Алматы: -11 °С
USD 327.10 EUR 400.53
RUB 5.78 CNY 50.84
Жаңалықтар

Қазақ деп соққан ұлы жүрек тоқтады - қазақстандықтардың ғаламтор арқылы Герольд Бельгермен бақұлдасуы

2015 жылғы 8 ақпан 14:39 1510
Поделиться:
Қазақ деп соққан ұлы жүрек тоқтады - қазақстандықтардың ғаламтор арқылы Герольд Бельгермен бақұлдасуы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық қоғам белгілі қаламгер Герольд Белгермен бақұлдасуда.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев белгілі жазушы Герольд Бельгердің қайтыс болуына байланысты оның отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады. Онда Мемлекет басшысы көңіл айта отырып, жазушының дүние салғаны туралы хабарды күйзеле қабылдағанын, бүкіл Қазақстан мәдениетінің ауыр қазаға душар болғанын атап өтті.

«Герольд Карловичтің Қазақстанға деген шексіз сүйіспеншілікпен өрілген өмірі шынайы патриотизмнің үлгісі болып саналады. Оның шығармашылық мұрасы біздің мәдениетіміздің баға жетпес игілігіне, ал өмір жолындағы рухани ар-намыс қағидаттары әр кезеңнің ұрпақтарына жігер беретін бағыт-бағдарға айналды», - деп атап өткен Қазақстан Президенті.

Қазақстан қоғамы да Г.Бельгердің қазасына қабырғалары қайыса отырып, ғаламтор арқылы онымен бақұлдасып, қаламгердің қазақ халқына деген зор махаббатын, Отанға деген сүйіспеншілігін жылы лебіздерімен еске алуда.

ҚазАқпарат оқырман назарына солардың бірпарасын ұсынады.

Әмірова Гүлбану: «Орны толмас қаза. Тағы бір жақсы адам өмірден озды. Алдынан жарылқасын...».

Амангелді Кеңшілікұлы: «Герағам (Герольд Бельгер) дүниеден өтті. Үлкен азамат еді. Ол кісінің үйінде болып, талай сырласқан кездерім есіме түсіп отыр. Енді Герағаңдай азамат тумайды».

Мұхиден: «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ Гераға! Иманды болсын!».

Ерлан Әмірбеков: «Ұлты неміс болса да, жүрегі қазақ болған, қазақ тілінің болашағына қазақтан бетер алаңдаған ағамыздың жаны жәннатта болсын!».

Жансая Байболова: «Иманы серік болсын! Күнделіктегі жазбаларынан шыншыл, батылдығын танып, үлгі тұтушы едім. Жаны жаннатта болсын!».

Бақытбол Берімбай: «Иманды болсын асыл Герағамыз! Шынында біртуар адамдар болады! Мысалы Абай Құнанбайұлындай дана, Мағжандай ақын, Шәмшідей сазгер, қайтіп тумайды. Мұхтар Әуезов қайтыс болғанда Ғабит Мүсірепов ағамыз былай депті:"Ат тұяғын тай басар» деген мақалдың еш мәні қалмады. Әуезовтай тұлпардың тұяғын еш тайың баса алмайды" деп күңіреніпті... Бірақ үміт те үзуге болмайды."Үмітсіз шайтан", Мағжандай "Мен жастарға сенемін" дегеніміз де жөн шығар».

Шаркүл Әзімбаева: «Ех, жалған дүние-ай! Ол кiсiнiң де кезегi келiп калған екен гой! Амалың бар ма, асылдар шетiнен кетiп жатыр, келмеске! Бақұл болғай!».

Ерболат Қошқарбаев: «Бақұл бол, Гераға! "Қазақстандық ұлт дегенді білмеймін - қазақ ұлтын ғана мойындаймын" деген Герольд Бельгер де өмірден озды...».

Есбол Махисов: «Бәрiмiз де ажалды пендемiз ғой, бiрақ қазақ халқын осы Герағамыздай қорғаған өзге ұлт өкiлi жоқ шығар? Отанына, сол Отанының ауасы мен топырағына, дәм-тұзы мен нан-суына, тұрғылықты халықтың кең пейiл жүрегi мен дархан көңiлiне, бiр сөзбен айтсақ Қазақ рухына адал болған, немiс ұлтынан шықса да, жаны нағыз қазақ адам еді. Жаның жәннатта болсын аға!».

Әбдірайым Омаров: «Қазақ әсте арда ұлынан айрылды. Мұны түсінуге қазақтың жүрегі жетер ме екен? Ұлдарын өгейсіте алатын ұлт, ұлыларын ұлықтап тұра алмайды, дегенім ғой. Қайғыға ортақпын. Герольд ағамызды бақиға жіберіп, тек уақытты еншімізде қалдырдық. Бір жетімге санымызды арттырып. Бір кем дүние».

Кенжебай Ахметов: «Гер-аға Ұлы қазаққа айналған тұлға ғой! Жаны жәннатта болғай!».

Естеріңізге сала кетейік, белгілі жазушы, аудармашы, әдебиеттанушы Герольд Бельгер 81 жасына қараған шағында кеше күндізгі сағат 13:00 шамасында Орталық клиникалық ауруханада қайтыс болды.

Жазушы Ресейдің Саратов облысында 1934 жылы 28 қазанда дүниеге келген.

1941 жылы Сталиннің жарлығымен КССР-дағы барлық немістермен бірге Қазақстанға, қазақ ауылына (СҚО-дағы Ысқақ Ыбыраев ауылы) жер аударылды. Бұл жерде жас Герольд қазақ тілін үйренеді.

Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Шалақын ауылында қазақ орта мектебінде оқыды. Мектепті алтын медальмен бітірген. 

Абай атындағы Қазақ педагогика институтын және аспирантурасын тәмамдады. Шығармаларын неміс, орыс, қазақ тілдерінде жазған.

1958-1960 жылдары - Жамбыл облысы Байқадам кеңшарының орта мектеп мұғалімі. 1963-1964 жылдары - «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері. 1964 жылдан шығармашылық жұмыста болған. 1992 жылдары неміс тілінде шығатын «Феникс» альманахы бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарған. 

 


Басты сөздер: Әдебиет, Қоғам, Мәдениет,
Бөлісіңіз:

Автор:

Марлан Жиембай

Онлайн қызметкерлер
Редактор
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
Мұрағат