|
02 Қыркүйек 2010, 17:27 Оралда дәстүрлі қала күні аталып өтілмек ОРАЛ. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Оралда дәстүрлі қала күні биыл қыркүйектің 18-інде аталып өтілмек. Қала әкімінің орынбасары Талғат Нығметовтің айтуынша, қала күнін өткізу туралы қала әкімінің арнайы қаулысы шығып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Қала күніне орай Орал туралы ән байқауы жарияланған болатын. Күні бүгін 16 автор өз туындыларын ұсынған, оны қазылар алқасы сараптамақ. Кейін үздік әндерден гала-концерт ұйымдастыру ойластырылуда. Ақ Жайық пен Орал туралы әндер жинағы дайын тұрса, қала күніне арналған фотоальбом үш тілде жарық көрмек. «Сен туған қалаң үшін не істедің?» атты байқау қорытындыланса, волейболдан достық турниріне Ресей қалаларының командалары қатысқалы отыр. Сондай-ақ қала әкімінің жүлдесі үшін бильярдтан жарыс, мұғалімдердің туристік слеті, оқушылар арасында жазба ақындар сайысы ұйымдастырылмақ. Қыркүйектің 18-інде орталық Абай алаңында күндіз облыс пен қала көркемөнерпаздары концерт қойып, Д.Нұрпейісова көшесінде сауда жәрмеңкесі қызса, кешкісін Қазақстанның эстрада жұлдыздары өнер көрсететін болады. Пiкiрлер (0)
|
|