|
02 Қыркүйек 2010, 14:49 Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жер қойнауын пайдаланушы 43 компаниямен арадағы келісімшарттарды бұзды - вице-министр АСТАНА. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жер қойнауын пайдаланушы 43 компаниямен арадағы келісімшарттарды бұзды. Бұл туралы бүгін өткен брифингте аталмыш ведомство басшысының орынбасары Альберт Рау мәлім етті. «Министрлік қызметтерінің біріне инвестициялық келісімшарт шарттарының орындалуына бақылау жүргізу жатады. Президент, стратегиялық инвесторларды тартамыз деген желеумен кен орындарын алып, бірақ онда ешқандай жұмыстар жүргізбей отырған «бизнестерге» мониторинг жүргізуді тапсырғанын білесіздер. Министрліктің соңғы жарты жылда атқарған жұмыстарының нәтижесінде 43-ке жуық келісімшарт бұзылды. Қалған жер қойнауын пайдаланушыларға келісімшарт талаптарының орындалуына бақылау жүргізілуде», - деді ол. А.Рау, бақылау жүргізу барысында обьективті жағдайларға да назар аударылатынын атап өтті. «Мысалға, әлемдік нарықта минералдық шикізаттардың жекелеген топтарына сұраныстың азаюы болды», деді. Министрлік келісімшарт міндеттемелерінің бұзылуы жөнінде компанияларға 416 ескертпе жолдады. Вице-министр атап көрсеткендей, бүгінгі күні министрлікте пайдалы қазбалар бойынша - 392, жерасты сулары бойынша - 255 келісімшарт бар. Қазақстандық үлес болуы міндетті келісімшарттардың саны, қатты пайдалы қазбалар бойынша - 372, жерасты сулары мен емдік балшықтар бойынша - 152. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі қазақстандық үлеске қатысты міндеттемелердің келісімшарт шарттарына енгізілуі бойынша 212 ескертпе жіберді. Жер қойнауын пайдаланушы 39 компания бұл ұсынысты қолдап, келісімшарттарға тиісті өзертулерді енгізуге дайындықтарын білдірді. Пiкiрлер (0)
|
|