|
02 Қыркүйек 2010, 14:45 Парламент фракциясы мүшелерінің бірінші міндеті - партиялық тәртіпті қатаң сақтау болып табылады - О. Мұхамеджанов АСТАНА. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Парламент фракциясы мүшелерінің бірінші міндеті - партиялық тәртіпті қатаң сақтау болып табылады. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында сессияның алғашқы жиынын ашып, сөз сөйлеген палата Төрағасы Орал Мұхамеджанов осылай деді. Өз сөзінде Палата Төрағасы О. Мұхамеджанов Елбасының алға қойған барлық міндеттерін іске асыруда «Нұр Отан» партиясы мен оның Мәжілістегі фракциясына маңызды міндет жүктелетінін атап өтті. «Осы тұрғыдан алғанда, біз партияның бағдарламалық құжаттарын партиялық тәртіп болғанда ғана табысты түрде орындай аламыз. Партиялық тәртіп депутаттарды ойы - ортақ, мүддесі бір адамдардың ұжымы ретінде қалыптастырады. Сондықтан да парламент фракциясы мүшелерінің бірінші міндеті партиялық тәртіпті қатаң сақтау болып табылады», - деді спикер. Сөз аяғында Төраға жаңа басталған сессия заң жобаларының көптігіне орай аса қарқынды болатынын айтты. Бұндай жобалардың алда тұрған міндеттердің маңыздылығына байланысты зор жауапкершілік те жүктейтінін еске салды. «Біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тұрғыдан тұрақты дамуы және соның нәтижесінде әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру үшін қажетті заңнамалық базаны дамыту бойынша Елбасымыздың, «Нұр Отан» партиясы басшысының алға қойған міндеттерін шешуді қамтамасыз ете аламыз деп сенемін», деді Төраға. Пiкiрлер (0)
|
|